Күй күмбірлеп, ән әуеледі

«Достар» мәдениет сарайында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған өнер кешінде Астана мем-лекеттік филармониясының қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, жерлесіміз Дәурен Ғылымов талантты шәкірттерімен бірге өнер көрсетті.

Қазақтың ұлттық ән-күй мұрасының жауһарларынан бастап әлемдік классикалық музыканың ғажайып үлгілері оркестрдің құдіретті үні арқылы тарту етілген әуезді шығармалар тыңдарман жүрегіне жол тартты. Тамылжыған ән де, күмбірлеген күй де, түрлі аспап иелерінің жеке дара өнер көрсеткен сахналық нөмірлері де бір-бірімен үндесіп, өнерсүйер қауымның сүйіспеншілігі мен қошеметіне ие болды. Дәурен Ғылымов бұған дейін де Көкшетау өнерпаздарына шеберлік сағаттарын жүргізіп, оркестр құрып, дәстүрлі түрде жылда ұйымдастырылатын «Ақмола жұлдыздары» байқауына қатысуға ниеттенген өнерлі студенттерді дайындағаны белгілі. Талантты дирижердің көмегімен құрылған оркестр Зерендіде өткен байқаудың бір кезеңінде тамаша өнер көрсеткен болатын. Бұл күні талантты дирижердің ежелгі ұлттық аспаптар – жетіген, сыбызғы, саз сырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобызды шебер сөйлетуі ұлттық өнер шеберлігінің шексіздігін әйгіледі. Өнер кешінің тұтастай ұлттық музыканы әспеттеуге арналуы көңілден шықты.

Бұл күні мәдениет үйі әсем ән мен күмбірлеген күйге бөленіп тұрды. Кешке қатысқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаеваның өнеріне қол соқпаған жан кемде-кем. Көрермендер өнер шеберлеріне тік тұрып құрмет көрсетті. Шара соңында Дәурен Ғылымов осынау зор ауқымдағы шараны ұйымдастырған қала басшылығы мен көрермендер ықыласына ризалық білдіріп, оның дәстүрлі сипат алуына тілек қосты. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерейлі мерекесі осы сала қызметкерлері үшін ерекше күн. Олар айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталманы ретінде өнерге берілген өнерлі жандар екенін атап өтті.

Өнер деген өміршең ортаның тамырын талай талант иелері басып жүр. Арамызда өнерлі жандар көп, бірақ нағыз өнер иесін халық өзі-ақ таңдап алады. Олар шоқ жұлдыздай жарқ етіп, елінің сүйіктісіне айналып, өнердің қиын да  қызықты баспалдақтарымен биікке өрлей береді. Міне, сондықтан да, шырмауы көп өмірдің шиыршығын өнермен ұштастырып жатқан өнер иелеріне бас имеуге болмас.

Ақмарал АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий