Күн сайын қадағалап, қырағы болайық

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев құрылыс алаңдары мен әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен жақынырақ танысып, жоспарлы шаруаны уақытылы орындауын тапсырды.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығы мекемелері басшыларының қатысуымен өткізген жиында: «Биыл қар көп. Оның үстіне ауа райы күн сайын құбылып, өзгеріп тұр. Аяқ асты жылынып, жаңбыр да сіркіреді. Өткен сенбі, жексенбі күні кеште көктайғақ болды. Ал, тиісті мекемелер көше жолдары, жаяу жүргіншілер соқпақтарына құм шашып үлгерген жоқ. Бұл – жауапты ұжымдардың жіберген олқылығы. Шұғыл қимылдай алмағандықты көрсетеді. Алға қарай да осындай табиғаттың күрт өзгерулері болып қалуы мүмкін. Сондықтан, қардың еруі, көктайғақ сияқты құбылыстарды күн сайын, қырағы қадағалап, қолайсыздықтардың алдын алып отыруымыз керек», – деп арнайы тапсырмалар берді. Әкім тапсырмасымен өткен жылдары қар суы әлекке түсірген маңайлар қайта тексеріліп, техника мен адам күші жұмылдырылып, бөгеттер нығайтылуда. Еріген су жолдары ашылуда. Бұл жұмыс немқұрайлы емес, тиянақты жүргізілуі тиіс. Тынымсыз, қарбалас жұмыс жүргенде ғана, нәтиже болып, көктемнің басын қиындықсыз өткіземіз. Қала басшысы, сондай-ақ, жылы маусымның келуімен жасана түсер қала көшелеріндегі көрнекі үгіт, безендірулер, баннерлердің жаңғыртылып, жөнделіп, бүгінгі күн талабына сай болуы қажеттігін тапсырды. Мекемелер басшыларының бөлінген қаражатты уақытымен игеруін талап етті. Барлық жұмыстар жоспарда белгіленген уақытта жасалып, аяқталуға тиіс. Жиын соңында Е.Маржықпаев  жылу берудің сапасы мен мүмкіндігін, биыл жөндеуден өтетін көшелер жайын  тағы бір пысықтады. Алда келе жатқан мерекелерге дайындықты сұрастырып, тапсырмалар берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс