Күн тәртібінде – жылу маусымына дайындық

Көкшетау қаласының қоғамдық кеңесінің кезекті тыңдалымының күн тәртібіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелерінің 2016-2017 жылғы жылу маусымына дайындық барысы қойылды. Оның жұмысына кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Көкшетау жылу» мекемесі бас директорының орынбасары Шамиль Сабитовтың айтуынша, бүгінгі таңда №1 бу қазандығындағы желілік құбырлар мен сорғыларға ағымдық жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалған. №2 бу қазандығындағы №8, №9 және №10 агрегаттарына демонтаж жасалған. Станционный кентінде жұмыстар толық көлемде аяқталып, Красный Яр селосындағы жаңа блоктық-модульдық қазандық елді-мекенді жылумен қамтуға дайын. Соңғы мерзім 15 қыркүйекке белгіленген. «Көкшетау жылу» мекемесіне кәсіпорындардың қарызы 531,172 миллион теңгені құрайды. Жеке тұлғалардың борышы – 179,373 миллион теңге. Бірнеше жыл қатарынан қордаланған қарыздардың көлемі 150 миллион теңге. Олардың бірқатары құжаттары рәсімделгесін есепшоттан шығарылып жатыр. Қоғамдық кеңестің төрайымы Зәуреш Нұрымова бұл жерде аса мұқият болу қажеттігін ескертті. Қаланы жылумен қамтуға қажет қатты отынның 20 күнге жетерлік қоры бар екен. Яғни, 12 мың тонна. Ал, сұйық отынның қоры – 135 тонна. Қалада жаңа үйлер бой көтеріп жатқандықтан, көмірмен жағылатын №4 қазандық қосымша дайындалып жатыр. Отын-көмірдің қоры айдың аяғына дейін жасалмақ.
Кеңес тыңдалымына қатысқан «Монолит» пәтер иелері кооперативі жетекшісінің айтуынша, «Васильковка» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің жоғары қабатына қыстың күндері жылу дұрыс бармайды. Мұндай жағдай Қанай би көшесіндегі №40 және №42 үйлерде де орын алып отыр. Тұрғындар қосымша сорғы қою арқылы тығырықтан жол табуға мәжбүр. Бұл жоғарыда айтылғандай, осы аудандарда жаңа үйлердің бой көтеруінен қазандықтардың қуаттылығы төмендеуіне байланысты. «Алау» пәтер иелері кооперативі жетекшісінің сөзінше, тұрғындар үй ішіне жөндеу жүргізу арқылы жылу желісін өзгертіп, оны шығындайды. Бұл сәйкесінше, басқа пәтерлерге де әсер етеді. Жылу инспекциясының мамандары мұндай олқылықтың алдын-алуға келгенде батылдық таныта алмай отыр. Көкшетау қаласы бойынша 266 үйге ортақ жылу есептегіші қойылған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Жасыұзақ Есіркеповтің айтуынша, 860 тұрғын үйдің 196-сы қараусыз. Яғни, пәтер иелері кооперативінің қарамағына енбеген. Сәйкесінше, олардың жылу маусымына дайындығы да талапқа сай болмауы мүмкін. Борышкерлер де солардан шығады. Сондықтан тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, оларды пәтер иелері копперативіне енгізу қажет. Сол арқылы тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға болады. Қалалық білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының жетекшілері өздеріне қарасты барлық нысандар жылу маусымына толық дайын екендігін мәлімдеді. Қоғамдық кеңес төрайымы Зәуреш Нұрымова мен қалалық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы Рүстем Калишев ортаға салынған мәселелерге орай ұсынымдардың қала әкіміне жолданатынын айтты.
Қоғамдық тыңдалым соңынан уақытша комиссия отырысы өтті. Онда «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылардың тұрғын жайдың төлеміне қатысты қордаланған мәселесі қаралды. Комиссия 20 шілдеден 15 тамызға дейін жұмыс істеген. Оның барысында үш отырысы өткен. «Нұрлы көш» поселкесінде 274 отбасы баспаналы болған. Бүгінгі таңда 53 отбасы елімізден қоныс аударып, пәтерлерін жалға беріп кеткен. Олардың қатарында қала тұрғындары да бар. Бәрі дерлік тіркеусіз, көші-қон режимді бұзып отыр. Сонымен қатар пәтердің ай сайынғы жалдық бағасы 6 мың 850 теңгесін төлемейді.
Жоғарыда айтылған жайттарға орай, уақытша комиссия мүшелері «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылармен келісім жасап, «Қазпошта» арқылы ескерту қағаздарын жолдап, Көкшетау қаласының әкіміне осы мәселеге орай прокуратура, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалы жетекшілерімен, қалалық мәслихат депутаттарын қатыстырып, тұрғындарды жауапқа тарту мәселесін қарастыру туралы ұсыныстарын хаттады. Сондай-ақ, Көкшетау қалалық мәслихаты Парламент Мәжілісі мен Сенатына нұрлыкөштіктерге жалға алусыз пәтерлерін рәсімдеуді шешу туралы ұсыныс жолдау жөнінде келісімге келді. Уақытша комиссияның қорытындысы Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің қарауына жіберілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс