Күткеніміз де осы еді!

Экономикалық өзгерістер мен реформалардың қалтарысында қалып, рухани жағымыз жұтаң тартып қалды-ау деген тұста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жариялануы еліміздің қоғамдық өміріне жаңа бір леп, тіпті серпіліс әкелді десек, артық айтқан болмаспыз. 

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз талай ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». Мақаладағы осы ойдың өзі көп шаруаны аңғартып отыр.
Шынында да, ойлау жүйесі жүйрік деген талай азаматтарымыздың өзі тұйыққа тірелгендей күн кешіп, құндылықтардың құлап бара жатқаны жайлы зиялыларымыздың жан айқайына жауап болып табылатын осынау еңбек елдің бір күтіп жүрген, алаңдап жүрген жағдайы еді.
Ең бастысы, Біртұтас Ұлт болып қалыптасу мақсатында не істеп, не қоюымыз керектігі осы мақалада жан-жақты талданып көрсетіліп отыр. Оны жүзеге асырудың нақты жолдары мен бағыттары да айқын айтылды. Елге де керегі осы. Ой мен пікірлерден кенде емеспіз, аз айтылып, аз талқыланған жоқ бұл тақырып. Ал, оны жүзеге асыру, өмірімізде қолдануға келгенде кенжелеп қала беретініміз тағы бар. Бұл жолы мемлекеттік тұрғыдан шешілетін бағдарламалар мен халықтың өз күш-жігері, ұмтылысы арқылы орындалатын істердің ара-жігі ашық жіктеліп көрсетілді.
Осы мәселенің екінші жағына қатысты ой-пікір білдірер болсақ, біз тәрізді тәуелсіздік туын жаңа тіктеген жас мемлекет үшін жаһанданудың алғашқы лебінің өзі айтарлықтай әсер ете бастағанын бірден аңғаруға болады. Осыған дейін жан-дүниемізде орын алып, ғасырлар бойы салт-дәстүрімізге, өз ерекшелігімізге айналған, мақтаныш сезімін ұялатқан дүниелеріміздің өзі аз уақытта басқа мазмұнға айнала бастауының өзі ойланта бастады…
Уақыт өте келе, жаһандану процесінің бұдан да тереңірек толқыны келген кезде ұлттық келбетіміз бен кескінімізді біржолата жоғалтып алмаймыз ба?! Талай ғасырлық тауқыметке шыдас беріп, ұлт болып тарихтан өз орнын ойып алған қазақ деген халықтың бетке ұстары – тілі мен дініне, салт-дәстүріне қатысты бітім-болмысын сақтап қалудың жаңа жолдары қайсы? Құндылығы сол, Елбасының бұл мақаласы тап осы мәселелерде қандай қадамдар жасау қажеттігін қысқа да, нұсқа, өте жинақы, түсінікті тұрғыда тиянақтап берді.
Ал, осы міндеттерді жүзеге асырып, өмірімізге орнықтыратын тек қана өзіміз. Біреу істеу керек, мемлекет шешу керек деп отырар болсақ, тағы да оңбай қателесеміз. Бұл жерде зиялыларымыздың көсемдігі, алға сүйрейтін қабілет-қарымы мен бұқара халықтың ұйымдасқан түрдегі күш-жігері, алға ұмтылған құлшынысы қажет.
Мәселен, мақалада атап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын алып қарайық. Сөз жоқ, жұртшылықтың өзі, әрбір адам осы тұрғыда не істей аламын деп толғануы, нақты қадамға баруы керек. Бәріміздің жүрегімізде туған жерімізге деген тарыдай сезім сақтаулы деп білемін. «Еліміз, жеріміз, ауылымыз» дегенде құдайға шүкір, әрқайсымыз кеуде керіп шыға келеміз. «Ал, оны көркейтуге не істейміз» дегенде үніміз шықпай, абдырап қалатынымыз тағы рас. Жұрттың барлығы бай-бағылан емес шығар, бірақ ынта-ықылас, ниет деген жандүниелік сезімдер көп істі тындыратынын ұмытпауымыз керек. Басқасы басқа, қарапайым халықтың ең бір артықшылығы бар, олардың – көптігі. Ал, көптің қолынан келмейтіні жоқ. Олар бірлесіп кетіп қолға алса, алға жылжып жүре беретін жақсы ісіміздің бірі осы. Әрине, бағдарламаны кең тұрғыда жүзеге асыру үшін оны ұйымдастырушылар, алға бастаушылар болуы шарт. Оны халықтық тұрғыдан қолдап, кең көлемде алып кету бұқараның қолында.
Осы тәрізді істерді атқаруда өз халқымыз бас болып басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп, іс-қимыл танытар кезеңнің келіп жеткеніне көзіміз жетіп отыр.

Жалғасбек Сүлейменов,
«Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс