Күтімі болса – жер жомарт

Көкшетауда жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері Ақмола облысы тұрғындарымен кездесті. Жиынды Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жүргізді. Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер жетекшілері, әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттары, зиялы қауым өкілдері, шаруа қожалықтары басшылары, сөз ұстаған  ел ағалары күн тәртібіндегі, одан да басқа ел  экономикасына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көкейге түйген ой-пікірлерін ортаға салды. Елдік мәселе талқыланған алқалы жиынға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі.

DSC_0071

Елбасы тапсырмасы бойынша құрылып, белсенді жұмыс жасап жатқан комиссияның өңірлердегі алғашқы жиыны Мемлекеттік Рәміздер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Баршаңызды осы мәнісі терең мерекемен құттықтай отырып, бүгінгі мәжілісіміз өзара түсіністікпен, нәтижелі өтеді деп сенемін, – деп бастады сөзін Бақытжан Сағынтаев: Басы ашық әңгіме жер шетелдіктерге сатылған емес, алға қарай да сатылмайды. Дауласу үшін емес, ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Сөйлеймін деген азаматтардың бәріне де сөз беріледі. Сондықтан қандай ойларыңыз, пікірлеріңіз бар ортаға салыңыздар. Ал, оған дейін алдымен екі баяндама тыңдап алайық. Еліміздің Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев республика бойынша ауылшаруашылығына пайдалы жерлер көлемі, оларды пайдалану, игеру, түсіп отырған түсім, жалпы жер нарығының дамуы жөнінен толық мағлұмат берді.

DSC_0006 Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров та облыс бойынша жерді пайдаланудың жай-жапсары, аудандар, шаруа қожалықтарының жермен жұмыс жасау ахуалы, өңірдегі жиналатын бидай сапасы жөнінде әңгімеледі. Күн тәртібіндегі мәселенің аудан әкімдерімен, тұрғындармен кездесулерде бірнеше рет талқыланғанын, жер кодексін түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізіліп келе жатқанын, жалпы облыста ұйымдастырылған хабарласу орталығына 51 рет қоңырау шалынып, тұрғындардың пікір айтқандығын жеткізді. Баяндамалар аяқталған соң пікір айту, қордаланған ұсыныс-ойларды талқылау басталды. Еңбек ардагері Тельман Мұқышев өңірде жер дауының ашық талқыланып, облыс әкімі Сергей Кулагиннің ардагерлерді қабылдап, мән-жайды толық түсіндіріп, осыны тұрғындарға, жастарға түсіндіруді өтінгенін айтты. Сондай жұмыстар арқасында облыста заңға қайшы, оғаш әрекеттердің болмағанына тоқталды. Дегенмен, – деді ол: неге үкімет алдын ала бүгінгідей мәселені тиянақтап түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген? Менің айтар осындай сыным бар.

DSC_0078Ерейментау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин: «Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын білдік. Ал, менің айтпағым – жерді өз адамдарымызға сатып немесе жалға бергеннің өзінде байқап, кімге беріп отырғанымызды біліп беруіміз керек. Жерді алуын алып, жермен жұмыс жасамайтындар баршылық. Мысалы, өзі Алматыда, жері Ерейментауда. Жер бос жатады. Сондықтан жерді сол жақын отырған ауыл адамдарына, соған зәру, ынталы адамдарға беру керек. Олардың несие алуына қолайлы мүмкіндіктер туғызу керек». Экономист-ғалым Қасымхан Құсайынов жерден өнім алу, оның игілігін көру, тұрғындар әл-ауқатын жақсарта түсу, ауылдарды көркейту үшін корпорациялар құру қажеттігін алға тартты. Белоруссия, Израиль сияқты елдер осы жолмен жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, бұрын берілген пайларды тұрғындар тиімді пайдалана алған жоқ. Жалпы, жер есебін, оны кімнің қалай пайдаланып отырғанын, иесі кім, тағы басқа мәлімет-дерегін толық тексеру керектігін алға тартты. Кәсіпкер Марат Жұмабеков ауыл тұрғындарын қаржыландыру мәселесін тиімді етіп шешуді, ауылға мамандардың баруын дұрыс ұйымдастыруды, ауылшаруашылығы техникасын ауылдықтарға қолжетімді ету жолдарын қарастыруды ұсынды. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұқитанов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, «Қостомар» шаруа қожалығының басшысы Болат Төлепбергенов, кәсіпкер Кеңесбек Бектасов, «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры И.Сауэр, «Бараев» ғылыми-өндірістік орталық директоры Ж.Қасқырбаев, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев, барлығы қырықтан астам адам сөз алып, жерді тиімді пайдалану, жермен жұмыс жасаушыларды қадағалайтын заңдарды нақтыландырып, нығайта түсу қажеттігін баса айтты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс