Кәсіпкер әйелдердің қатары көбейіп келеді

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың, «Даму» қорының, мемлекеттік кірістер департаментінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, екінші деңгейдегі банктер мен аймақтағы іскер әйелдердің қатысуымен дөңгелек үстел болды. Онда аймақта әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жайы талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов өз сөзінде әйелдердің шағын және орта бизнес саласындағы рөлі артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Атап айтқанда, кәсіпкерлік
саласында еңбек етушілердің 60 пайызын нәзік жандар құрайды екен. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Үкіметтің қолдауымен орта және шағын бизнес саласында еңбек етіп жатқан 120 әйел шағын несие алыпты. Осы тақырыпты өрбіте келе, аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Фәтима Герфанова Ақмола облысында іскер әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғандығын атап көрсетті. Палата жанында іскер әйелдер кеңесі жұмыс істейді. «Басар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рауза Бейсекей өзі жетекшілік ететін мекемедегі стоматология және офтальмология кабинеттерінің тұрғындарға көрсетіп отырған кең ауқымды жұмыстары жайлы баяндап берді. Мемлекеттік кірістер департаментінің қолдауымен бухгалтерлер клубы құрылды. Көшпелі отырыстар өткізіліп, тәжірибе бөлісу үрдісі де дәстүрге айналған. Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы статусын көтеруде үкіметтік емес ұйымдар айрықша рөл атқаруы керектігіне тоқталды. Әйелдер кәсіпшілігі, әсіресе, сауда, қоғамдық тамақтандыру, медицина және туризм саласында кең қанат жайып келеді. Мұның бәрін түптеп келгенде еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықтың нәтижесі, экономиканың жылдан-жылға қарыштап дамуының ықпалы. Осыған орай жергілікті жерлерде өзара ынтымақтастық байланысты кеңінен өрістетіп, қолжеткен жетістіктерді баянды етейік.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс