Кәсіподақтардың басты міндеті –адамға қамқорлық жасау

Мемлекеттік органдар мен банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері облыстық кәсіподақтары пленумының мәжілісі өтті. Мемлекеттік мекемелер кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Боранбай Бегалин айтып өткендей, есеп беру-сайлау конференциясында кәсіподақ комитеті президиумының жаңа мүшелері сайланды. Белгілі себептерге байланысты бірқатар белсенді мүшелер құрамнан шықты. Олардың орнына «Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мекемесінің жетекшісі Нұрлан Бекенов, облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің жетекшісі Қабдуәли Құлышев қабылданды.

Ер мен әйел арасында теңдік орнатуға бағытталған гендерлік саясат мәселелеріне барлық деңгейдегі кәсіподақтар қатысады. Аршалы аудандық кәсіподақтар комитетінің төрайымы Татьяна Пристинскаяның айтуына қарағанда, өңірдегі мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіподағы 236 адамды қамтитын 26 бастауыш кәсіподақ ұйымдарына біріктірілген. Оның 136-сы – нәзік жандылар. Кәсіподақтар аудандық әкімдіктің барлық бөлімдерінде, мәслихат, 13 селолық округ, еңбекпен қамту, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде құрылған. Оқыту семинарлары, дөңгелек үстелдер мен түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ана мен бала денсаулығы бас-ты назарда. Кәсіподақ мүшелерінің балалары Астанаға саяхатқа шығып тұрады, Бурабайда өткен халықаралық дарынды балалар саммитіне екі мәрте қатысып, лагерьлерде демалады. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де құқық қорғаушылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде кеңінен сөз болды. Кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, ана мен баланы әлеуметтік қорғау мәселелері де жан-жақты талқыланды. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы еңбек жағдайы туралы облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Кеңес Бекішев айтып берді. Оның мәлімдеуінше, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ай са-йын еңбек тәуекелділігінің республикалық картасын шығарады. Басты мақсат – еңбек дауларының алдын алу бойынша шаралар өткізу. Соңғы мәжілісте «Қазпошта» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің құқығын қорғауға басты назар аударылды.
Қызметшілердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін өндіріс жағдайларының алдын алу күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Биылғы жылдың соңғы төрт айында 11 адам өндірістік жарақат алған. Жолымбет руднигінде «Қазақалтын» акционерлік қоғамының екі қызметкері көз жұмды. Кәсіпорын басшыларына қатысты шара қолданылды. Б.Бегалиннің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта облыстағы салалық мемлекеттік мекемелердегі кәсіподақ ұйымы 124 кәсіподақ ұйымын біріктіреді. 17 аудан мен қалаларда 3639 адамды құрайтын аудандық-қалалық комитеттер құрылған. «Кәсіподақ ұйымын құру және оған қызметкерлерді тарту жұмыстары жалғасуда. Астанадағы оқу орталығында, сондай-ақ, өңірдегі курстарда оқытуға да айрықша назар аударылуда. Белсенділер марапатталады. Биыл «Еңбек ардагері» белгісіне 10 адам ұсынылды», – дейді Боранбай Кәріпқалиұлы. Ол өз сөзінде облыстық кәсіподақтар ұйымы филиалдарының саны аз екендігін тілге тиек етті. Кейбір ұйым жетекшілерінің ұжымдарда бас-тауыш ұйымдар құруда құлықсыздық танытып отырғанын алға тартты. Биыл кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыру бойынша қосымша шаралар ұйымдастыру қолға алынбақшы. Пленумда қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстары, сондай-ақ, Атбасардағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге мемлекеттік мекемелерді де жұмылдыру жөнінде қаулы қабылданды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс