Кәсіпорындарды қолдау – ұдайы назарда

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы кәсіпорындар мен білім беру мекемелерінде болып, жаңа жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Қала әкімі алдымен ат басын бұрған алғашқы нысан – өтпелі кезең қиыншылықтарын жеңе білген өндіріс орындарының бірі саналатын «Диас» тігін фабрикасы.

Бүгінде кәсіпорынның шығарған өнімдері тек отандық нарыққа ғана емес, ел аумағынан тысқары жерлерде де танылып үлгерген. Бұған дайын өнімдермен танысу барысында көз жеткіздік. Қазіргі уақытта тігін фабрикасында 120 адам еңбек етуде. Жуырда өндіріс орны жаңа технологиялармен жабдықталған. Соның арқасында тігілетін киімдер компьютер көмегімен өлшеніп, пішіледі. Кәсіпорын «Роснефть» компаниясынан ірі көлемді тапсырыс алған. Алайда, кәсіби маман жетіспеушілігінен кәсіпорын өз қуатын толық пайдалана алмай отыр. Қазіргі уақытта фабрика 80-нен аса бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Осы тұста қала басшысы жыл сайын тігіншілік мамандығын бітіретін түлектердің кәсіпорынға жұмысқа қабылданбау себебін сұрады. Колледж директорлары оқу орнын бітірген түлектердің қалада тұрақты жұмысқа қалмау себебін баспананың жоқтығымен түсіндірді. Кәсіпорынға жұмысқа орналасу үшін алдымен өндірістік тәжірибеден өту керек. Колледж түлектерінің 75 пайызының материалдық жағдайлары төмен. Жолақы, тамаққа кететін шығынды есептемегенде, тәжірибесіз жас маманға төленетін жалақы да мардымсыз. Үш айлық өндірістік тәжірибеден өткен 13 адамның 2-уі ғана жұмысқа тұрған. Қала әкімі жұмысшыларды тарту үшін кәсіпорын басшылығына «Новопэк» кәсіпорны сияқты жатақхана салып, тегін автобус жүргізіп, тіпті асхана ашу мәселесін де қолға алу қажеттігін ескертті. Осында жуырда жұмысқа орналасқан тігіншілер еңбекақылары 17-20 мың теңге аралығында екенін айтты. Жалақы жұмыс көлеміне байланысты төленеді. Орташа айлық 90 мың теңгені құрайтынын айтқан кәсіпорын директоры Хасен Қажыбаев тәжірибелі тігіншілер 150 мың теңгеге дейін жалақы алады деп сендірді. Қала басшысы кәсіпорынды жұмысшы кадрлармен қамту мәселесі бақылауда ұсталатынын атап өтті. Аталған мәселені шешуде қала әкімдігімен қатар, колледж директорлары, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жұмылдырылатын болады.

Бұрынғы неке сарайының ғимаратында балалар технопаркін ашу жоспарланып отыр. Оның алдағы жоспары жайлы қала әкіміне қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов айтып берді. Жаңа орталық робототехника, өндірістік дизайн, авиа-модельдеу, баламалы энергия көздері, бастапқы техникалық модельдеу сияқты бес бағытта жұмыс істейді деп күтілуде. Мұнда 5 жастан бастап 1 мыңға жуық бала инновациялық технология ілімдерін оқып үйренетін болады. Бұл күні жас өнертапқыштар қала басшысына өздерінің еңбектерін таныстырды.
№11 мектепте болған қала әкімі білім ордасының ішкі тыныс-тіршілігімен танысты. Мектепте «Рухани жаңғыру» кабинеті жұмыс істеуде. Былтыр білім ордасындағы «Абай әлеміне сая-хат» клубының мүшелері Семей еліне саяхат жасап қайтқан. Сая-
хаттап келгендер болашағын ғылыммен байланыстырғысы келетін ізденімпаз балалар екенін айтады қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуре Қақабаева. Келер оқу жылынан бастап 5-9 сынып оқушылары арасында кәсіптік-техникалық бағыттағы шеберлік сыныптарын өткізу мақсатында құрылыс және сервистік-техникалық колледждерімен меморандумға қол қойылған. Осы ретте мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр. Сапар барысында ата-аналар биылғы оқу жылында гимназиялық, әскери-спорт сыныптарының ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Қала басшысы мемлекет тарапынан білім саласына бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға ұлғайып келетіндігін, жаңартылған білім беру бағдарламасымен жұмыс істейтін ұстаздардың жалақысы да жоғары болатынын атап өтті. Мұғалімдер ұжымымен кездесу барысында қала әкімі мектептердің оқу жылын табысты аяқтап, ұлттық бірыңғай тестілеудің ойдағыдай өтуіне тілектестігін білдірді.
Қала әкімі Мир көшесі, 15 мекенжайында орналасқан жаңа отбасылық-ойын сауық орталығын аралап көрді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған орталықта аттракциондар, балдырғандар асыр салып ойнайтын батуттар, әткеншектер, футбол алаңдары көз қуантады. Одан бөлек келушілер үшін дәмхана да жұмыс істеуде. Қала басшысы жаңа орталық барша балалардың бос уақытын қызықты өткізетін сүйікті орнына айналады деген сенімін білдірді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий