Кәсіп нәсіпке айналса – елге де құт

Шағын және орта бизнестің ел экономикасын өркендетуге қосатын үлесі жыл өткен са-йын арта түсуде. Бұған жыл сайын қалада ондаған жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы дәлел. Кезекті жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жақында ашылғалы отырған кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты.

Алдымен қала әкімі Станционный поселкесіндегі жаңартылып жатқан орталық сквердегі құрылыс алаңында болды. Қазіргі уақытта нысанда бедертас төселуде. Бұдан бөлек абаттандыру аясында заманауи жарықтандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктері, гүлзарлар пайда болады деп жоспарланған. Скверді аралай жүріп әкім мердігер ұйым өкілдеріне бірқатар сын-ескертпелер жасады. Жұмыс қарқынын арттырып, нысанның сапасы мен қолданылып жатқан құрылыс материалдарына баса назар аудару қажеттігін қатаң тапсырды.

Бұдан соң қала басшысы «Агро KZ» жаңа астық қабылдау кәсіпорнының жұмысымен танысты. Компания директоры қала басшысына дәнді дақылдар мен май дақылдарын сақтайтын және тиеп, арттыру жұмыстарын атқаруға мүмкіндігі мол элеватордың барлық мүмкіндіктерін баяндап берді. Астықты арнайы вагондар мен автокөліктерден қабылдап алуға және тиеп, жөнелтуге мүмкіндік беретін теміржол тармағы мен көлікжолы  тартылған. Жаңа агронысан жұмыс орындарының ашылуымен де маңызды.

Елімізде соңғы жылдары өз кәсібін ашып, бизнеспен табыс табуға ниеттілердің қарасы қалыңдап келеді. Тұрғындардың кәсіпкерлік туралы танымы кеңейген. Азды-көпті жиғанын бизнеске салып, табысын еселеуде мемлекеттік бағдарламаларға иек артатындар да аз емес. Облыс орталығында бой көтерген «Ақай» ательесі жақын күндері ашылады деп күтілуде. Үш қабатты ғимаратта тігін шеберханасы, маталар дүкені, дайын өнімдер мен костюмдерді жалға беру залынан бөлек қосымша офистік бөлмелер бар.

Қала әкімі автокөлік сервисімен байланысты бірқатар компанияларды аралады Олардың арасында «Power» автокешені мен  «TNK» жанармай құю станциясы  бар. Нысандар жаңа заман талаптарына сай жұмыс істеуде, офистерді жалға беруден бастап қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру, мини-маркет сияқты қызметтерді ұсынады.

Биыл қалада «Шоколад» мейрамханасын ашқан кәсіпкер Николай Иванов отбасылық бизнесін кеңейтуді көздегендігін айтады. Мейрамхана директоры бұған дейін де мұндай кәсіппен айналысып көрген. Яғни, келушілерге қандай тағам ұнайтынын, қалай қызмет көрсету керектігін жетік меңгерген. Сондықтан болар, мейрамханаға бас сұққандар еш уақытта сын-пікір айтып кетпепті. Демалыс орны стильді интерьерімен ерекшеленуде. Қала басшысы осындай демалыс орындары облыс орталығының туристік тартымдылығына оң әсер ететінін айта келе, кәсіпкердің осы уақыт ішінде жүзеге асырған ауқымды істері мен мақсаттарын қуана қуаттап, ризашылығын білдірді.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий