Көгімде қарлығаш көп!

Табиғатта адам түсініп болмас тылсым, жұмбақ көп. Мысалы, дельфиндер неге жандарын салып, бәрі жабылып жүріп суға кеткен адамды құтқарады. Аққулар қиналғанда неге адамға келеді. Жақында ғана әлеуметтік желіде бір бейнебаян болды. Екі аққу қанаттарымен бір-біріне байланып қалыпты. Өз беттерімен ажырар мүмкіндіктері жоқ. Сонда олар бос қанаттарымен су сабалап, аңшыларға қарай жүзеді.
Сондай бір қазақ киелі санайтын құстың бірі – қарлығаш. Ертеде талай көріп, таңдай қағатынбыз. Киіз үйдің ашық түндігінен кіріп екі қарлығаш шыр айналып ұшады. Қайта шығады, қайта кіреді. Үлкендер: «Үркітпеңдер, шайларыңды ішіп, отыра беріңдер. Ұя салайын деп жүр» дейді. Ақыры солай болып шығады. Не шаңыраққа, не сықырлауықтың маңдайына қарлығаш ұя салады, балапан басады. Сондағысы, жылан, басқа бір жыртқыш құстардан адамдарды паналағаны, дос көргені. Түздің құсының санасына ол қайдан келген десеңізші?! Алланың құдіреті.
Күз келіп үй жығылғанда үлкен-кіші қарлығаш ұясының бұзылмауын аса мұқият қадағалайды. Ең ғажабы сол – көктем келіп, шуақ шашқанда, үй құрылғанда сықылықтаған әдемі әнін салып, әлгі қарлығаштар қайта келеді! Бәлкім, өздері, мүмкін сол ұядан қанат қаққан балапандары, бәлкім мүлдем басқа қарлығаштар. Бала күнімізде: «Былтырғы қарлығаштар қайтып келді!» деп өлердей қуанатынбыз. Үлкендер де оны жақсы ырымға балап, мәз болысатын.
Міне, биыл Көкшетаудың көгінде қарлығаш көп! Көшедегі осы жылы ерекше көктеп, жап-жасыл жапыраққа малынып көмілген ақ қайың, шырша, терек басына отырып-ап қуана шырқайды. Тас төбеңнен, шырқау биіктен жан-дүниеңді шымырлатып сайрайды. Үні қандай салтанатты, қандай пәк?! Ырымшыл, әр нәрсені жақсылыққа жорып, ертеңнен жақсылық қана күткен халық емеспіз бе? Мен де мұны жақсылыққа балаймын. Демек, мынау киелі Көкше жайлаған індеттен, үрейден аман құтылады екен, айдай болып ағарып, тазарамыз екен деп жоримын. Жақсылық хабарыңды ала кел, қарлығашым, деп аялай қараймын, оларға. Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт, аман боламыз, ағайын. Бәрі жақсы болады. Өйткені, биыл Көкшетауға қарлығаш өте көп келіпті. Береке-бірлік, бақыт пен шаттық сол бейкүнә құстың қанатына ілесе келген болар. Ендеше, алдан жақсылық күтіп, қуана берейік. Өйткені, биыл Көкшетау көгінде қарлығаш көп!..

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий