«Көктем» жаңа балабақшасы ашылды

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Көкшетауда 280 орындық «Көктем» жаңа балабақшасы ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Осынау айтулы шараға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, балабақша ұжымын, балалар мен олардың ата-аналарын әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады. Аталған шараға қала әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты.

Жас сәбилерге ақ тілегін арнаған өңір басшысы облыс орталығында балабақшаларды дамыту ісі бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс есебінде жекеменшік бөбекжайлар ашуға тілек білдіруші кәсіпкерлердің саны артып келетіндігін қуанышпен жеткізді. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін кезекте тұрған 3-6 жастағы балалар толықтай балабақшамен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл көрсеткіш облыста қазірдің өзінде 93 пайызды құрайды. Осы бағытта тек мемлекеттің мүмкіндігіне ғана иек артпай, кәсіпкерлермен де мемлекеттік әріптестік байланыс орнатудамыз. Бүгін ашылып отырған «Көктем» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп отыр»–деді С.Кулагин. Соңғы үлгідегі талаптарға сай етіп тұрғызылған жаңа ғимараттың лентасын осы балабақшаның тәрбиеленушілері Жанерке Төлегенова мен Амантай Алпамыс қиды. Екі қабатты ғимараттағы музыкалық зал, ән-саз сабағы және дене шынықтыруға арналған арнайы бөлмелер жаңа заман талабына сай жабдықталған. Ойыншықтар, оқу және көрнекі құралдармен толық қамтылған. Балабақша ауласында жеткіншектердің белсенді қимылдауына арналған шағын сәулеттік нысандар, спорттық ойын алаңы орналасқан. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қызмет ететін 37 педагог, тәрбиешілердің барлығы жоғары және арнайы орта білімі бар тәжірибелі мамандар. «Қазіргі күні балабақшада 180 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ең бастысы, балабақшаның ашылуы арқасында 78 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күн талабына сай жабдықталған мекемеде бүлдіршіндердің тәрбие, біліммен қатар, салауатты өмір салтын ұстануына, жан-жақты дамып жетілуіне барлық жағдайлар жасалған. Ән, би, ағылшын тілі, спорттық үйірмелер, ойын залдары сәбилердің эстетикалық тәрбие алуына мүмкіндік туғызбақ. Сәбилердің нәресте кезінен осындай мемлекет қамқорлығын көріп өсетіні қуантады. Балаларымыздың болашағының зор болатынына сенімдіміз»,– дейді балабақша директоры Гүлнар Ысқақова.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс