«Көктем нұры» фестивалі көңілдерге нұр септі

IMG_3559 Жыл басы Наурыз мерекесін мамыражай мамырда атап өтуді Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің ұжымы дәстүрге айналдырған. Биыл да осы үрдістен жаңылған жоқ. Отан қорғаушылар және Жеңіс мерекесі қарсаңында «Көктем нұры» фестивалі ұйымдастырылды. Мектеп маңына ақ шаңқан киіз үйлер құрылып, қазан көтеріліп, ұлттық ойындар ойналып, концерттік бағдарламалар өтті. Білім ошағының 8 сыныбы жеке-жеке өнерін көрсетті. Олар «Ауылдың алты ауызы», «Білімді мыңды жығар», «Күш атасын танымас», «Ең ұйымшыл сынып», «Ең қонақжай сынып», «Ұлттық нақыштағы сынып», «Жабдықты киіз үй» және «Берекелі дас-тархан» аталымдары бойынша бағаланды. Бір ерекшелігі, әр байқау ата-аналар мен балалардың бірлесуімен атқарылды. Жеңімпаздардың бәріне грамоталар мен сыйлықтар тарту етілді.  

Бұл күні «Білім-инновация» лицейінің келушілерге есігі айқара ашылды. Ұлттық киімдегі ұстаздар мен оқушылар келген меймандарды құшақ жая қарсы алып жатты. Күмбірлеген күй, әуезді ән әр сыныптың ішінен шығып, мерекенің басталғанын хабарлап тұрды. Солтүстіктің қысы ұзаққа созылып, Наурыз айында қардың қалың көбесі сөгіле қоймайды. Сондықтан болар, лицей ұжымы Ұлыстың Ұлы күнін мамыр айында атап өтуді дәстүрге айналдырған. Оған дайындық бірнеше ай бұрын басталады. Оқушыларға ата-аналар көмектеседі. Бұл өте жақсы үрдіс. Көптеген білім ошақтарында ондай тығыз байланыс жолға қойылмаған. Тіпті, кей ата-ана мектептің есігі қайда екенін де білмейді. Баласының жағдайын сұрап, оқу үлгерімін білуге де ұмтылмайды. Ал, «Білім-инновация» лицейі туралы бұлай айта алмайсың, өйткені мұнда бәрі басқаша. Мектеп басшылығының басты ұстанымы – бала тәрбиесіне ұстаздар ғана емес, ата-аналар да атсалысуы тиіс. Олар кез келген мерекелік шараларды бірлесіп атқарады. Сол арқылы отбасының беріктігі сақталады, әрі осындай салт-дәстүрді дәріптеген мерекелер арқылы ата-аналар баласына қонақ күтудің, кісі сыйлаудың маңызын ұғындырады. Лицейге кіргенде-ақ бас изей амандасқан балалар келген адамға бағыт сілтеп, жөн сұрасып жатты. Тіпті, бөгде адамды көрсе де шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алып, басты шара өтетін салтанат залына бастап апарып жүрді. Ұстаздар да, ата-аналар да, оқушылар да ұлттық киімде. Қандай жарасымды! Салтанат залына өтер жолда облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері өзінің қорындағы мұрағаттарды – ұлттық аспаптарды, көне ыдыс-аяқтарды көрермен назарына ұсынды. Қызығушыларға олардың әрбірі жайлы мәлімет беріп, тарихымен таныстырды. Көкшетау музыкалық колледжінің өнерпаздары да қолдау көрсетті.

Мерекелік шара салтанат залында басталып та кетті. Жиналған көпшілікті «Білім-инновация» лицейінің басшысы Идаятулла Адиханов құттықтап, табыс тіледі. Қазылар алқасының мүшелері «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру орталығының басшысы Еркін Исімбаев пен білім саласының ардагері Тұрлыбек Әділжанов ақжарма тілектерін арнады. Сонымен 7 «а» және «б», 8 «а» және «б», 9 «а» және «б», 10 «а» және «б» сыныптары ата-аналарымен бірге өнер көрсете бастады. «Ауылдың алты ауызы» аталымында әр команда қазақы дастархан, қонақжай халық, ақпейіл, адал көңіл, достық лебіздер жайлы әндерді шырқады. Әсіресе, 7 «б» сыныбының ата-аналары сахнаның гүліне айналды. Олардың бірлесе шырқаған попурри әндері көңілді көтеріп, мерекелік шараның ажарын кіргізді. Ата-аналары шырқап жатқанда, балалар «Қара жорғаны» биледі. Ал, 7 «а» сыныбының командасы ата-аналарымен ұжымдаса әдемі әнге салды. Үстеріне киген киімдерінің әсемдігімен де ерекшеленді. 9 «а» сынып оқушылары ата-аналарымен бірге тұсау кесу рәсімін көрсетіп, ежелден келе жатқан салтымызды насихаттаса, 9 «б» сыныбының командасы ырғақты би мен әдемі әндерімен есте қалды.

Фестиваль әрі қарай сыныптарда, сыртта құрылған киіз үйлерде жалғасын тапты. Қазылар алқасының мүшелері лицей басшысымен бірге әр қонақжай шаңыраққа кіріп, астан дәм татты. Қазы-қартасы мен жал-жаясы тартылған табақ, наурыз көже, қымыз, шұбат, құрт пен ірімшік, тары мен талқан, бауырсақ пен сары май, не керек, дастархан нағыз молшылықтың белгісіндей тәтті мен дәмдіге сықа толып тұрды. Бұл да болса, қазақ халқының қонағына төрін ұсынып, барын алдына тосып, сыбағасын сақтайтын жақсы үрдісінің бір көрінісі еді. Мұнда да ауылдың алты ауызы айтылып жатты. Қай сыныпқа барсаң да құшақ жая қарсы алған жандар, шат-шадыман күлкі, әзіл-қалжың араласқан жайма-шуақ орта. Нағыз Наурыз мерекесі осындай-ақ болар. Ал, сыртта құрылған киіз үйлерде аура мүлдем бөлек. Ішіне кіргенде-ақ көңіл-күйің өзгеріп сала береді. 7 «а» сыныбының ата-аналарымен құрған киіз үйі сонау Монғолиядан көшіп келген қандастарымыздың қолымен жиналыпты. Құрмет деген азаматтың айтуынша, сегіз қанатты ақ орда – атасының көзі. Ішіндегі жабдықтарының да өзіндік тарихы бар. Тіпті, сегіз биенің қымызы сиятын көне күбіге дейін әкеліп қойыпты. Қасқырдың, борсықтың терісі аңшылық дәстүрдің үзілмей келе жатқанын білдіреді. Айнала құрылған тұскиіздер де көне мұралар. 7 «б» сыныбы атынан құрылған киіз үйді ұйымдастырушылар «Жетібай ауылы» деп атапты. Мұнда қонақтарды әсем әнмен қарсы алып, әнмен шығарып салды. Ұжымдасқан сыныптың ата-аналары мен балалары бір кісідей меймандарды тік тұрып күтті. Жайнаған дастархан басында жақсы әңгімелер айтылды. Киіз үйдің жабдықтары көз тартарлық екен. Қадірлі қонақтар одан кейін 8 «а» сыныбының 12 қанатты киіз үйіне бас сұқты.Оларды жасы сексеннің сеңгіріне шыққан ақ кимешекті әже қарсы алды. Дастархан басына жайғасқан меймандарға мұнда да дәм беріліп, олар өзара бала тәрбиесі, үлкенді сыйлау, қонақ күту жайлы пікірлерімен алмасты. Мектеп ауласында спорттық ойындар ойналды. Ата-аналар мен балалар кір көтеру, арқан тарту, қол күресі,  үстел теннисінен сайысқа түсті. Шымыр да шыныққандар қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіске жетті.

Фестивальдың қорытындысын шығарған қазылар алқасы шараның өте жоғары деңгейде, үлкен ұйымшылдықпен өткенін атады. Оған атсалысқан сынып жетекшілері, ата-аналар, «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері, музей қызметкерлері мен музыкалық колледж өнерпаздарына алғыс айтылды. Қорытындысында, 7 «а» сыныбы – «Күш атасын танымас» және «Жабдықты киіз үй»,  7 «б» – «Білімді мыңды жығар» және «Ұлттық нақыштағы сынып», 8 «а» – «Жабдықты киіз үй» және «Ең қонақжай сынып», 8 «б» – «Ең ұйымшыл сынып» және «Берекелі дастархан», 9 «а» – «Ауылдың алты ауызы» және «Ең ұйымшыл сынып», 9 «б» – «Берекелі дастархан» және «Ең ұйымшыл сынып», 10 «а» – «Ең қонақжай сынып» және «Ауылдың алты ауызы», 10 «б» – «Берекелі дастархан» және «Ұлттық нақыштағы сынып» аталымдары бойынша жеңімпаз деп танылды.

Жалпы, «Көктем нұры» фестивалі көңілдерге нұр сепкен, жылылық лебін әкелген және жүздерді жадыратқан шара болды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий