Көкшеліктердің мерекеге тартуы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетауда бірқатар жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Сапар кезінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Өңір басшысы алдымен Юбилейный мөлтек ауданындағы жаңа электрондық кітапхананың ашылуына қатысты. Қажетті құрал-жабдықтар, жиһаз, интерактивті тақталар сатып алынған. Жоба құны 3,6 миллион теңгені құрап отыр. Орталықта 11 мыңнан аса кітап қоры бар. Балалар орталығы үш алаңға бөлінген: ойын, білім және ғаламтор. Мұнда қызықты логикалық ойындар, шеберлік сыныптары ұйымдастырылмақ. – Демалыс аймағы балалардың ой-өрісін, шығармашылығын дамытуға бағытталған. Ең бастысы, орталықта түрлі танымдық шаралар мен еркін форматтағы басқосулар өткізу арқылы балалардың өзара қарым-қатынастарын нығайтуға жағдайлар жасалады. Білім бөлімінде керекті ақпараттарды таба алады, ғаламтор бөлімінде әлем бойынша жаңалықтарды біліп, ой-өрісін кеңейтеді, – дейді қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Әбішева.
Мереке қарсаңында облыс орталығында алты қабатты «Эстет» тұрғын үй кешені қолданысқа берілді. Облыс әкімі М.Мырзалин болашақ тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті. – «7-20-25» бағдарламасының біздің өңірде де ойдағыдай жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Ақмола облысы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру көрсеткіші бойынша республикада 5-ші орында тұр. Алдағы уақытта да бұл міндеттер жүзеге асырылып, үй кезегінде тұрған халық баспанаға қол жеткізетін болады, – деді әкім құттықтау сөзінде. Тұрғын үй «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып отыр. «Эстет Строй» серіктестігінің директоры Олег Малаховтың айтуынша, алты қабатты тұрғын үйдің жалпы аумағы 5200 шаршы метрді құрайды. Ал, пәтердің 1 шаршы метрі – 180-220 мың теңге шамасында. 2018 жылы облыс бойынша 4 мыңға жуық пәтер берілсе, оның 1200-і облыс орталығына тиесілі. «7-20-25» бағдарламасы бойынша осы уақытқа дейін Ақмола облысы бойынша 1,98 миллиард теңге сомасында 222 өтініш түскен. Қазіргі күні 1,5 миллиард теңгенің 171 несиесі мақұлданған.
Президент күніне орай қалада «ALTYNSARIN» білім беру кешені ашылды. Салтанатты шарада облыс әкімі жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Мұнда 115 бала ағылшын тілі, ментальды арифметика, робототехника негіздерін меңгеруде. Білім беру кешені соңғы үлгідегі талаптарға сай жабдықталған. Екі қабатты ғимараттың бөлмелері кең әрі жарық. – Мұндай көрнекті нысандардың ашылуы – қаланың экономикасы ілгері дамып келе жатқанын білдіреді. Осынау тамаша нысандар Тұңғыш Президент күніне ерекше тарту болып отыр, – деп атап өтті әкім.
Өңір басшысы «Оқжетпес» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жабық футбол алаңының ашылуына қатысты. Жоба құны 290 миллион теңгені құрап отыр. Алаңға жасанды жабын төселген. Жабық футбол кортында аяқдоп шеберлері қысы-жазы жаттыға алатын болады.
Сапар барысында облыс әкімі М.Мырзалин «Триумф» жаңа заманғы көппәтерлік тұрғын үй кешенін аралап көрді. «Юбилейный» мөлтек ауданындағы аулаларға жасалған жөндеу жұмыстарына оң баға берді. Мұнда 43 мың шаршы метр аумаққа жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, қосымша көлік қоятын орындар, демалыс аймағы, балалар ойын, спорт алаңдары орнатылған. Биыл қала бойынша 60 аула жөндеуден өткен.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий