Көкшенің ерке самалы

Арайлы да асқақ, сайын даланы сәнге бөлеген әсем Астана жақтан, немесе, басына бұлт үйірілген, шыңына қыран ұялаған, көк шілтер жамылып көсілген Бурабайдан қаламызға кіре берсеңіз көкке шаншылып, мың бұралып, бейбіт желбіреген кейіптегі «Көкшенің ерке самалы» атты стелла қарсы алады.

         Алыстан ат арылтып, жаздың ми айналдырған ыстығына амалсыз төзіп, шаршап-шалдыққан жолаушы «Көкшенің» ерке самалы» ескерткішін көре сала Арқаның көңіл сергітер қоңыр салқынына, ерке самалына шын-ақ, жеткенін аңғарар еді. Тіпті, шілденің ауаны кептірген шыңылтыр аңызағына ындыны кеуіп, талма тұста жетсе де, кешке салым кеуде тосар ерке самалдың есеріне әбден сенер еді.

Сырғыған сынап бағанасы ала жаздай қырықтың «қырқасынан» бір түспейтін жақтан жеткендер осы белгілі көріп, енді ыстық ұрған беймаза мазасыздықтан шын-ақ арыларына қуанар еді. Расында да, алтын Күннің аптығы басылып, ыстығы қайтып, ұясына қонар шақта қаланы қоршаған тау-төбелер арасын аялай, көкмайса мен гүлді алаптарды аралай, өзен-көл толқынына бауыр төсей ескен салқын самал еркелей желпіп өтер еді. «Уһ!» дегенше қайта айналып, айнала үйіріліп, қайта соғып, желпір еді. Елең еткен перзентіне еркелей түсер еді, ақ самал.

Қала қонағы: «Е-е, ата-бабамыз аңсап, ән-жырына қосып дәріптеген Көкшетаудың дертке дауа, шипалы ауасы осы екен-ау!», – деп тамсанса, сағынып жеткен төл тумасы,  өз тұрғыны: «Шіркін, біздің Көкшетаудың саумал ауасы, салқын самалына не жетсін!», – деп марқаяр еді!

Міне, қаламыздың оңтүстік бетінен кіреберісіне орналасқан стелла осыны аңғартады. Туған жердің кең пейілін, қонақжай, ашық құшағын, еркін тынысын, ерке самалын әспеттейді. Туған Отанды, оның әр пұшпағын, көркем табиғатты қадірлеуге, құрметтеуге шақырады. Шағын ғана алаңқайға орналасқан нәзік қана стелла осындай әдемі әсердің әсем бір белгісі!..Соған қойылған ескерткіш! Есті жұрттың еңселі нышаны!.. Айтса, айтқандай емес пе?! Ақ тілеулі ағайынның айдарынан Көкшенің ерке самалы есе бергей, әрдайым!

                                                                                                Серік Сапарұлы.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс