Көкшенің заңғар таулары мен айдын көлдері тұнған тарих

«Қазақстан Швейцариясы» атанған Бурабай курортты аймағынан басқа Зеренді, Бұланды, Ақкөл және Қорғалжын өңірлері де сұлу табиғатымен туристерін тамсандырумен бірге, сервистік қызмет түрлерін көбейтіп, сапасын жақсарта түсуде.

Ел дамуының қай саласында болмасын тонның ішкі бауындай біте қайнасып, үздіксіз өсу, өрлеу үстінде болатын ұлттық құндылықтарымыздың бірі, әрі бірегейі қазақ тілі десек, сол жан жадыратар тіліміздің нәр алар қайнар көзі, кәусар сусыны, туған төл табиғатымыз, оның аспаны, ауасы, жұлдыздары, елді мекен мен жер суы атаулары екендігі ақиқат.

216398

Осыдан жиырма бес жыл бұрынғы Көкше өңірінің бет-бейнесін сәл көз алдымызға әкелудің өзі құбыжық тәріздес құбылыс екен-ау!? Сұлу Көкшеміз – Синюха, Бурабай – Боровое, Жұмбақтас – Сфинкс, Жекебатыр – Спящий рыцарь, Абылай алаңы – Ясная поляна, Айыртау – Два брата, Сандықтау – Балкашино, Зеренді – Секач, елді мекен, көшелер атаулары да сорақы болатын еді ғой. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы сияқты келеңсіздіктермен бетпе-бет келген ел зиялылары, ғалымдарымыз ерекше тер төге еңбек етіп, көптеген жетістіктерге жеткендері анық. Белгілі ғалым, геолог, марқұм Айтқажы Қазбеков осы тұрғыда аянбай еңбектенді, біраз зерттеулер, мақалалар, кітаптар жазды. Әрине, белгілі кедергілер мен кертартпа пиғылдар ол уақыттарда да болған. Өкінішке орай, соңғы жылдары да сол үрдіс шалыс баспаса да шабысынан танғандай күйге түсуде.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, жергілікті жерлердегі оң өзгерістерді ескере отырып, жаңаша атау беру, көше, елді мекен аттарын әлі де болса жөнге келтіріп өзгерту сияқты мәселелер біршама тоқырап, кібіртіктеуде. Оның басты себептері баяғы балпаң бойкүйездік, бюрократиялық талаптар мен жалтақтық, оның үстіне ұзақ мерзімді мораторийлер. Өз алдымызға мемлекет болып, оның тарихи, заңды талаптарын біртіндеп алға апару жолында ұлттық басымдықтарымызды шебер қолдана білу келешек жас ұрпақтарымыздың парызы емес пе. Сол себепті жастарымызға ескертеріміз, төл табиғатымыз бен салт-дәстүрлеріміздің ұлттық ерекшеліктерін терең меңгеріп, оны көздің қарашығындай қорғап, дамылсыз дамыта беруіміз қажет. Онсыз тіліміз де, дініміз де, арман-мақсаттарымыз да алға баспақ емес.

burabayҚазақ халқының табиғатпен тамырлас ұлттық ерекшеліктерінің ежелден қалыптасқан ережесіндей өзіндік табиғи реңі, бет-бейнесі бар. Мысалы, Сарыарқа, Ақжайық, Атырау, Ұлытау, Жетісу, Көкшетау немесе Елікті, Аюлы, Аюалған, Ақкиік, Бүркітті, т.с.с. болып кете береді. Солардың ішінде сұлу Көкше аймағына тоқталсақ, ертеде бұл өңір тегіс Бурабай болып аталған. Яғни, «бураға бай» ұғымын білдіреді. Егер «Әулиекөл» жағасындағы қазіргі «Айнакөл» мейрамханасының тұсынан алысқа көз тастап тамашаласақ, алдымен көзге көкке шаншылған Оқжетпес, Жұмбақтас, мойнын созып жатқан «Ақбура» тауы, Абылай алаңын айнала көмкерген шың жартастардың әрбірінің басында мойнын созған түйе бейнелі суреттер, одан әрі дулығасы басында шалқасынан жатқан «Жекебатыр» тауы, шөккен піл, сиыр пішіндес тастар, бәрі-бәрі, табиғаттың тылсым құпияларына ойыңды еріксіз жетелеп, қиялға қанат, ақынға шабыт берері хақ. Ертедегі ел аузынан қалған кәрі құлақ бір аңыздарда Абылай заманына дейін Әулиекөл төңірегінде жалпылдақ ақ жүнді, аласа бойлы бір топ тағы түйелер де болған деседі, кім білсін..
Ғалым Айтқажы Қазбековтың зерттеулерінде Бурабай көлінің ертедегі атауы «Әулиекөл» екенін орыс саяхатшыларының жазбалары да қуаттайтыны айтылған. Ат қойғыш халқымыз оны бертін «Күміскөл», «Айнакөл», «Бурабай» деп атап жүр. Сол сияқты, Сұлу Көкшенің көрікті де, табиғатымен тарихы тұнып тұрған сырға толы бір пұшпағы Зеренді тауы мен көлі, оның неліктен Зеренді аталуы хақында да сан түрлі пікірлер барына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Қазақ ұлттық энциклопедиясында «зерен» деген сөз ағаштан жасалған түбі шұңғыл ыдыс делінеді. Зеренді тауы мен көлі атауын ыдысқа теңеп байланыстыру қисынсыз, әбестік деп білер едік. Енді біреулер Қошқарбай батыр жаугершіліктен келе жатып олжа болған Зере атты қалмақ қызының сырғасы суға кетіп қалуына байланысты Зеренді аталған деген пікір білдіреді. Бұл да тақа көңіл көншіте қояр деректер емес, себебі саяхатшылар Г.Потанин мен П.Семенов-Тянь-Шанскийдің мәліметтерінде 1710-1758 жылдар аралығында өмір сүрген Қараөткел елінің Құлан қыпшағынан шыққан Қошқарбай батыр шөп шықпаған жұт жылдары Жаулыбай таулары арасында паналап өмір сүріпті. Осы пікір жерлес ақын, марқұм Ескендір Итжановтың да ескі шежіре жазбаларында айтылады. Ал, Зеренді атауының көне деректерде одан да әрмендеу уақыттардан келетіні белгілі. Сондықтан Жаулыбай атамыздың елді мекендері төңірегіндегі сәл өзгерістердің бәрін Қошқарбай батырға таңа берудің қисыны жоқ сияқты.

167639Осы орайда, шындыққа бір табан жақын келетін мына бір деректерді баяндағым келеді. Орыс императорының Батыс-Сібір бөлімінің географ ғалымы, белгілі саяхатшысы Александр Никитич Седельниковтің 1906 жылғы экспедициясындағы «Отчет о поездке на озеро Зайсан» атты еңбегінде Қазақтың орталық аймағы, Бетпақ дала, Жоңғар Алатауы, Үстірт, Шығыс Қазақстан, басқа да көрікті өлкелерінде сирек кездесетін аң, құстарына, әсіресе, қос тұяқты (парно-копытные) жануарлардың бірнеше түрлері болғанын баяндай келіп, солардың ішінде Жайран, Қара құйрық, Қабарға, Зерен аттылары түрлі кеселдерге байланысты (табиғат өзгерісі, індет, мылтықпен аулау) құрып бара жатқаны баяндалады. Тіпті, 1800 жылдардан былай солардың кейбіреулері мүлдем жоғалып, кезікпегендігі әңгімеленеді. Осынау құнды құжатты ден қоя оқығанымда, пайымдағаным, киелі киік тұқымдас «зерен» жануары біздің аймақтарда да болған деуге толық негіз бар. Әйтпесе, тектен-тек Зеренді атала ма? Сөйтіп, қасиетті өңірдің құрметті атауы ғасырлар қойнауынан жансыз сыбырлап, сыр ұғар сезімімізді оятып, шындық шыңына жетелегендей әсер етеді. Олай болса қадірменді оқырман зерделі Зерендімізді, оның таңғажайып табиғатын шын сеніммен сүйейік, ардақтайық, сұлу Зереннің қара көзіндей сақтайық. Осынау мың құбылған алмағайып, зымырап бара жатқан уақытта, қандай да болмасын өмір, заман талабына сай мәселелерге үстірт қарамай
пайымдылық, тапқырлық танытайық.

Редакциядан: Көркімен әлемді тамсандырған Көкшенің әрбір тау-тасы мен айдын көлдері шын мәнінде де тұнған тарих. Халқымыздың ұлттық мақтанышына айналған осынау табиғи құндылықтарымыз жайлы кезінде қазақ әдебиетінің классиктері Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, бертіндері ақын-жазушылар Еркеш Ебікенов, Кәкімбек Салықов, Саттар Сейітқазин, Естай Мырзахметов, Жанайдар Мусин, Нұрмияш Көбенов, Төлеген Қажыбай, ғалымдар Оғаз Сұлтаньяев, Айтқажы Қазбеков ғылыми еңбектер жазып, кітаптар да шығарған-ды. Әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін тың тақырыптар жетерлік. Соның бір парасын ұлтжанды азамат, ел ағасы Айдос Әбутәліпов ел назарына ұсынып отыр. Осы тақырыпты әрі қарай сабақтай отырып айтпағымыз, «Бурабай», «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері жанынан шығармашылық топ құрылып, өлкенің нақты тарихын жазатын уақыт жетті. Әйтпесе, көкпар тартқандай, жан-жақтан жұлқылап, көне тарихқа дақ түсірушілер көбейіп барады. Бірнеше тілде жеке альбом немесе шағын жинақ ретінде шығарып, демалушыларға, туристерге сатуға да болады ғой.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс