Көкшенің Иран салдай өнерпазы

1982 жылдан бері қырық жылға жақын Иран Тасқараның көршісімін. Жанұясын, балаларын, өзінің өмірін, істеген қызметтерін жақсы білем. Жары Ильяшева Рәзия Хасенқызы мұғалім еді, Қазақстан Республикасының, Одақтың «Құрметті мұғалімі» төсбелгілерімен марапатталған, өкінішке орай, үш жыл бұрын қайтыс болып кетті. Иран мен Рәзия ата-ана ретінде балаларына, ұрпақтарына жақсы тәрбие бергеніне куәгерміз.

Иран Таскара Үлкен қызы Гүлжамал физика-математика ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің мұғалімі, кіші қызы Жанар сол университетте мұғалім, ұлы Ерлан энергетик, Чикагода магистратураны бітіріп, қазір Астанада жұмыс істейді, немересі Малика программист, домбырашы, оқуларын қызыл дипломдармен бітірген, ол да Астанада істейді. Азиза немересі орта мектепті алтын медальмен бітіріп, «Болашақ» бағдарламасымен Чикагода 9 жыл оқып, докторантураны бітірді, қазір университетте. Ең кіші немересі Ақмарал Назарбаев зияткерлік мектебінде. Иранның өзі тау-кен инженері, 20 жыл Жезқазғанда істеп, Васильков алтын тау комбинатына ауысып, директордың орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып көп жыл қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты. Мықты, тәжірибелі маман, жұмыста үнемі үздіктер қатарында болып, халықтың қамын жеген ер ретінде өзін көрсете білді. Онымен қатар ақын, әнші, композитор ретінде жұмысын орындай жүріп, Қазақстанның барлық облыстарында айтыстарға қатысып, әндерін де шырқады. «Тамаша» деген ән отауының белді мүшесі болды. 1988 жылы «Играй, гармонь» ұжымын басқарған Дмитрий Заволокиннің ұсынысымен Россияның ОРТ-сында ән салып, Москвада ауылшаруашылық көрмесінде Біржан салды орыс-шаға аударып, әндетті. Одан Украинаға барып, Запорожье қаласында украинша ән шығарып, достық концертте көрерменді қазақ домбырасымен тәнті етті. Алты өлең-ән кітаптарын шығарды, «Иран сал әндері» 130-дан аса өзі шығарған әндерімен халықаралық авторлық құқық ұйымында Алматыда тіркелген. Иранның әндері Ақмола облыстық филармония репертуарына енген, басқа облыстарда да сұранысқа бөленуде, әртістер, шәкірттер Иранның көп әндерін орындап жүр. Ол нотамен ән жазуды үйренген. Ақмола облысының  аудандарын да аралап, шығармашылығымен халықты таныстыруды әдет қылған. Біржан салдың 160 жылдығында Біржан сал
ауданында, 175 жылдығында Астанада «Конгресс-Холда», Абылай ханның 300 жылдығында, Ақан серінің 150 жылдығында Көкшетауда үлкен концерттер қойып, экспедицияларға қатысты. Қазір 80 жылдық қарсаңында тағы екі кітап өлең-әндер жинақтарын шығаруға талпынып жатыр. Иран Тасқараны Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов ағаларымыз «Иран сал» деп атап, Жезқазған кеншілері қол көтеріп мұны қолдап, кербез Көкше мақұлдап, бұл есім салтанат құруда. Иран қарапайым, ақкөңіл, ары таза адам. Менің таңғалып, налитыным, осынша қыруар жұмыс атқарып жүрген талантты азаматтарымызды Жазушылар одағына мүше қылуға, өнер қайраткерлігіне ұсынып, бергізбеу, атақты кербез Көкше сал-сері өңіріндегі қазіргі ұрпақтарға үлкен сын. Өмірден озған қазақтың атақты Евней сынды ғалымы, Еркін Әуелбеков, Бәйкен Әшімов, Кәкімбек Салықовтай қазақ қоғамы-ның асыл перзенттері, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтай кешегі Ұлы Отан соғысының ерлері, Тұманбай Молдағалиевтай өнер адамдары жақсы көріп, дос қып өткен Иран салды біз де құрмет тұтуымыз қажет. Иран сал өнерін, қайраткерлігін, әлі талай ұрпақ бағалар. Біз Елбасы айтқан ұлы тарихымызды, болашақ еркін елдігімізді ойласақ Ирандай саңлақтарды алақанға көтеріп ұстауымыз керек. Осылай қамыққан ойларымды Иранның өзінің шығарған «Сал болдым» әнінің сөздерімен аяқтайын.

Сал болдым, шал болмадым өтті жастық,
Кезінде ел алдында шалқып, тастық.
Жігіттер, тіршілікте, сақтаныңдар,
Қазақтың ауруынан көреалмастық!

Құдайым құйды біздің бойға дарын,
Иншалла, ел алдында таза арым.
Өсегі ағайынның майдай жағып,
Қолдаған туған халқым, сүйген жарым!

Құмарғали ДОСОВ,
еңбек ардагері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий