«Көкшетаудан» қанат қақты

Көкше өңіріндегі қазақ журналистикасының ақсақалы Айдархан Темірбаевтың қамқорлығымен алғашқы еңбек қадамын Зеренді аудандық «Социалистік жол» газетінде бастаған Мәтен Бижанов кейін аудандық «Қызылту» газетінде тәжірибе жинақтап, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде өзін кәсіби шеберлігі толысқан қызметкер ретінде таныта білді.

1965 жылы Тың өлкесі тарағаннан кейін солтүстік аймақтағы қазақ газеттері қайта ашылды. Баспасөздің майталман хас шебері, тәжірибелі редактор Өміржан Оспанов кезінде «Көкшетау правдасында» істеген бұрынғы әріптестерін, қаламының желісі бар жастарды өз төңірегіне топтастырды. Мәтен әуелі кәнігі журналист Баян Нүрпейісов жетекшілік еткен ауылшаруашылығы бөлімінде аға тілші, кейін партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Ол оқырмандар мен әріптестер арасында кәсіби шеберлігі және алғырлығымен сыйлы болды. Елге танымал ақын жазушылар Еркеш Ибраһим, Естай Мырзахметов, Нұрмияш Көбенов, Мұса Асайынов, Маман Ементаев, Кәрім Ілиясов, Жұмабай Есекеев, Төлеген Қажыбаевпен бірге Мәкең де Көкше топырағында айтыс өнерін жандандыруға өз үлесін қоса білді. Әсіресе, шахмат ойнауды қатты ұнататын. Әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары Ботвинник, Спасский, Таль, Фишер, тағы басқа үздік шахматшылардың ойын тәсілдерін жатқа білуші еді.
Суретте: облыстық партия комитетінің хатшысы Жанайдар Мусин «Көкшетау» газетінің жаңа бас редакторы Мәтен Өтешұлы Бижановты ұжыммен таныстырды.

«Торғай таңы» шыңдады

1971 жылы жаңадан Торғай облысы құрылғанда газет редакторлығына «Көкшетау правдасы» газетінен Әбділда Дүйсенов шақырылды. Кезінде партия, совет органдарында, баспасөз саласында істеп, мол тәжірибе жинақтаған қоғам қайраткері Әбекең, Әбділда Қабдөшұлы тыңға түрен салғандай қызметкерлерді әр өңірден жинай бастады. Партия тұрмысы бөліміне меңгерушілік қызметке өзімен бірге Торғайға ере барған дарынды да талантты шәкірті Мәтен Бижановты тағайындады. Әу баста Мәтенге сыртынан ошырая қараушылар да табылды. Не керек, іс барысында «Ішінде қызғаныштың қызыл иті қыңсылағандар» бармағын тістеді. Бижанов ақырын жүріп, анық басып алға озды. Іскерлік қабілеті ескеріліп, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, ал Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіргеннен кейін редакторлыққа шырқады. Өзіндік жазу мәнері айқындалған жігіттерді жақын тартты. Мысалы, Жұматай Сабыржановтың сықақ мүйісіне дайындаған материалдарын рахаттана оқыды. Ал, Әбжан Әбілтайдың өлеңдеріне көз жүгірткенде ерекше сезімге бөленді. Редактор Мәтен Өтешұлы әрдайым адал болуға тырысты. Айналадағы ахуалды бағалаудағы әділдігі бірінші орында тұратын. Ол өз тұстастарымен сыпайы сыйластықта болса, жастарға қалтқысыз сеніп, арқа сүйейтін. Ол кезде Балмағамбет Жүнісов, Сейіт Кенжеахметов, Сақтаған Дүйсеков, Көшкінбай Кенебаев, Жақсылық Жүнісов, Ереке Ахатов сияқты алдыңғы толқын ағаларды айтпағанның өзінде лауазым, мансап қумаған өздерінің қарым-қабілеттеріне ғана сенетін бір қолдың саласындай Болатбек Әлденов, Сырымбет Кәрімов, Жұмабек Жанділдин, Айдос Шөкішев, Серік Жолдыбаев, Мақсұтбек Сүлейменов, Жалғасбек Сүлейменов сияқты қаламы жүйрік журналистер қаулап, өсіп келе жатқан-ды. Солардың көпшілігі қазір өздерін Мәкеңнің шекпенінен шыққан шәкірттері санайды. Бұл аз бақыт, аз абырой емес, жақсылық ұмытылмайды, ізгілік өлмейді.

«Бұқпада» кемелденді

Мына суретте: «Бұқпа!» газетінің бас редакторы  Мәтен Бижанов бастаған редакция қызметкерлері Серік Жетпісқалиев, Әсем Жүніс, Ботагөз Қанафина, Асхат Шәріпбаевтың Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовпен кездесу сәті бейнеленген.

матен агаЕкі бірдей облыстық газеттің редакторы болса да, Мәтен Бижанов тәуелсіз «Бұқпа!» газетіне ерекше ықылас танытты. Өйткені, жаңа басылымның тұсауын өзі кесіп, іргетасын өзі қалағандықтан ба, жинақтаған бай тәжірибесін, бойдағы күш-жігерін сарқа жұмсай білді. Бұл басылым да оны жаңа шығармашылық белес-терге жетеледі. Бірнеше кітаптары жарық көрді. Редактор, ақын Мәтен Өтешұлы газетке деген қошеметін былайша білдіріпті:

Мен «Бұқпада» жүргенде,
Әжептәуір кісі едім.
Біреулерге көлеңке –
Біреулерге шаңқай түс едім.
Оның бәрі байқасам –
Қаламымның күші еді…

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий