Көкшетаудағы алау мерекесі

Әйелдер арасында фристайл-акробатикадан сынға түскен Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаева суперфиналда өнер көрсетті. Суперфиналда бірінші орынды қытайлық Чжу Иньинь жеңіп алды. Ал, күміс жүлде Жанботаға бұйырса, қоланы тағы бір отандасымыз Жібек Арапбаева еншіледі. Шаңғы жарысында Анна Шевченко қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Осылайша, Қазақстан жарыстың алғашқы күнінде үш медальды еншілеп үлгерді. 

Ақмола аймағындағы эстафета екі кезеңге бөлінді. Алаугерлер Көкшетауда 12 шақырымнан аса жерді еңсеруі тиіс болды. 50 шақты белсенді жас жалынды кезектесіп ұстап жүрді. Бұдан өзге тағы 12 азамат алаудың сақшылары болып бекітілді. Эстафета өткен жердің бәрінде студент жастар тізбектеле тұрып, тәртіп сақтады. Көкшетаудың орталық алаңынан эстафетаның бірінші кезеңін шаңғы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Осипова бастады. Алаугерлер қаланың орталығын жүріп өтіп, Қопа көліне беттеді. Одан соң, Әуезов, Кенесары көшелерімен жүгіріп, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің маңына келіп аялдады. Осылайша эстафетаның бірінші кезеңі тәмамдалды. Эстафетаның екінші бөлімі аталған университеттің алдынан басталды. Азаматтар бұл кезеңде алауды Әуезов, Ақан сері көшелерімен алып жүріп, соңында «Көкшетау» мәдениет сарайының алдындағы мәреге келіп тоқтады. Енді алауды оңтүстік астанаға жеткізбек керек. Бұл оңай жүк емес. Осы аманат бұрымды боксшыға тапсырылды. Жалындаған алауды Ақмола өлкесінен Алматының төріне еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, жерлесіміз Дина Жоламан алып барды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс