Көкшетауда домбырашылар бір уақытта «Сарыарқа» күйін орындады

Көкшетауда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйі күмбірледі. «Рио» сауда орталығында өткен флеш-мобқа Біржан сал колледжі мен музыка мектебінің оқушылары қатысты. Музыкалық композиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Мерекелік флеш-моб қала тұрғындарына ерекше әсер қалдырды. Қос ішекті домбырадан төгілген күй күмбірі, дүйім жұртты бір сәтте үйіріп әкетті. Домбырашылар жиналғандар алдында «Балбырауын» мен «Адай» күйлерін шарықтатты. «Мақсат – ұлы күйшінің өшпес мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Қазақтың қара домбырасының құдіретін, күйшілік дәстүрінің мәңгілік екенін танытуды көздеп отырмыз. Алда әлі де рухани жан дүниені байытып, білім мен ілімді дамытатын, таным мен түйсікті тереңдете түсетін шаралар өз жалғасын таба бермек»,–дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Баубекқызы. Қазақтың өзіне сай, мақтанышпен үлгі ететіндей ұлттық құндылығы, айтысы, сонымен қатар, ұлттық күй өнері бар. Ұлттық нақышымызды одан әрі тереңдетілген күйде таныстыруда осындай акциялар мен республикалық деңгейде қолға алынған іс-шаралардың маңызы зор екендігін кәсіби шығармашылықта, жоғары деңгейде орындалған «Сарыарқа» күйі дәлелдей түскендей. «Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйін тыңдаған жанның көз алдына қазақтың байтақ даласы елестейді. Күй сарыны бірде даланың еркін өскен ерлерін елестетсе, бірде терең толғанысқа бойлатып, сайын даланы мекендеген халықтың қадірін домбыраның қос ішегі мен жырына қосады», – дейді қала тұрғыны Ерден Әлпейісов.

Әсем Ұланқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс