Көкшетауда мүгедектер арбасы шығарылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Ақмола облысына жұмыс сапары

барысында елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электр жетегі бар арбалар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырған «Тыныс» АҚ машина жасау зауытының жұмысымен танысты.

Оңалту қызметтерінің сапасын жақсарту және мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бұған дейін министрлік пен кәсіпорын арасында тиісті келісім жасалған болатын.

Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті мүгедектігі бар азаматтарды барлық қажетті техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті. «Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар жандарды қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, олар сапалы және қолдануға ыңғайлы болуы керек. Егер бұл үлгілер өздерін жақсы жағынан көрсетіп, барлық талаптарға сай болса, мүгедектігі бар азаматтарды электр жетегімен жүретін арбалармен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қамтамасыз ету мәселесін қарастыратын боламыз. Егер біз Қазақстанда сапалы өнім өндіруді жолға қойсақ, техникалық жабдықтарды импорттаудың қажеттілігі болмайды», – деді министр.

Электр жетегі бар кресло-арбалардың алғашқы тәжірибелік үлгілері бала кезінен бастап бірінші топтағы мүгедектігі бар Динара Алиева мен Ерлан Ескенге берілді.  «Жаңа үлгідегі электр кресло-арбасы өте ыңғайлы. Мен мұны көптен армандаған едім. Енді бұл арбаның көмегімен өз бетімше қозғала аламын», – деді Динара Алиева. Оның анасы да мемлекет қамқорлығына ризашылығын жеткізді: «Қызымның денсаулығының туабітті кінәраты бар. Арбадағы адамдардың жағдайын жақсы түсінемін. Ереже бойынша олар мемлекет тарапынан берілетін арбаға төрт жылда бір рет қол жеткізеді. Алайда, осы уақыт аралығында арбалар бұзылады, бір құрылғысы болса да істен шығады. Жаңадан арба сатып алуға көбісінің қалтасы көтермейді. Осы ретте, жүріп-тұруы қиын жандарға үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке алғысымды білдіремін».

Зауыт директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, отандық өнімдер шетелдік аналогтарынан кем түспейді. Сынақ сәтті болған жағдайда, кәсіпорын электр арбаларының сериялық өндірісін жолға қоюға ниетті. Мүгедектер арбасы жеке тапсырыс бойынша да жасалуы мүмкін.

1959 жылы негізі қаланған «Тыныс» АҚ зауыты қызметінің негізгі саласы – авиациялық техникаға арналған тораптар мен агрегаттар өндіру болып табылады. Кәсіпорын жылу алмастырғыш жабдықтар, ұшақ өрт сөндіргіштері, температура дабылы, клапандар, электромагниттік және жылу қосқыштар, электронды басқару блоктары, сонымен қатар күш құрылымдарына арналған оқ-дәрілер, сауыттар мен қалқандар және т.б. шығарумен айналысады. Зауытта ғылыми жұмыстар да қолға алынуда. Н.Бауман атындағы Мәскеу техникалық институтымен келісімшарт жасалды. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың сөйлесуі, тамақтануына қажетті қосымша қондырғыларды жетілдіру жағы басты назарда ұсталатын болады. Жүктеме көбейсе, әрине, жұмыс орындары да артатыны белгілі. 60 жылдық тарихы бар кәсіпорын 100 пайызға жаңғыртылды. Соңғы жылдары жастар қатары да артты. Мұндағы оқу орталығында мамандар арнайы даярланады.

Министр басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілінен шығатындай сапалы өнім өндіруге ұмтылу қажет екендігін атап өтті зауыт ұжымымен кездесуінде. «Зауыт мүгедектер арбасын министрліктің тапсырмасына сәйкес жасады. Оның құны шамамен 1 миллион теңгені құрайды. Елімізде 14 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан мүгедектер арбасына зәру. Біз әр бес жыл сайын бұл арбаларды ауыстырып отыруымыз керек. Яғни, орташа алғанда жылына 2 мың арба қажет деген сөз. «Тыныс» зауытында шығарылып жатқан арба мүгедектердің көңілінен шығады деген ойдамыз. Қандайда бір шешім қабылдамас бұрын біз бұл арбаларға мүгедектерді отырғызып, олардың пікірін біліп алуымыз керек. Егер олардың көңілдерінен шығып жатса, әрине, мемлекет тарапынан тапсырыс береміз. Бізге әрине, шетелден қымбатқа сатып алғанша, өзімізде шығарылған өнімді кәдеге жаратқанымыз маңызды. Бұл отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік берсе, енді бір жағынан жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді», – деді Бердібек Сапарбаев.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий