Көкшетауда тұңғыш рет «Дауыс 60+ » байқауы өтті

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шоу-бағдарламаны дарынды шоумен Әсет Байжолов жүргізді. Бұл жоба жастайынан үлкен сахна төрінде өнер көрсетуді армандаған жандардың басын қосты. Тіпті, жасы жетпістен асқан қария да домбырасын құшақтай жетті. Залға лық толған көрерменнің басым дені зейнет жасындағы жандар. Олар өздерінің тұстастарын сахнадан көріп, шын қуанды. Әншілікке бет бұрған қарияларға деген ілтипат та ерекше болды. Бұл жерде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Баубекқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Білікті басшының қолға алған қандай жобасы болса да халықтан жақсы бағасын алып келеді.

«Дауыс 60+» шоу-бағдарламасы да жоғары деңгейде өтті. Сахнаның безендірілуі, қазылар алқасына арналған айналмалы орындықтар, қызыл кнопка, қатысушылардың сахна сыртында толқынысын жеткізіп, көрерменге бет алғанына дейін бейнетүсірілім арқылы көрсетілуі, бәрі-бәрі кәдімгі телеарналарда ұйымдастырылатын осындай байқаулардан асып түспесе, кем болған жоқ. Әрі жүргізуші Әсеттің әдемі әзілмен қариялардың көңілін көтеріп, демеп отырғаны да тартымды шықты. Сахнаға шыққан әр қатысушының бұл көптен күткен жұлдызды сәті еді. Жобаның қазылар алқасы мен тәлімгерлері елге танымал жұлдыздар: Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актері Құмарбек Қалқатай, мәдениет қайраткері, музыкалық режиссер Надежда Глазунова, «The Best» вокалдық тобының музыкалық жетекшісі Алла Беш болды. Аталған байқауды алғашқылардың бірі болып голландық продюсер Джон де Молем ұсынған екен. Жобаның шарты бойынша қазылар алқасы үміткерді теріс қарап отырып тыңдайды.
Дауысы ұнаса, қызыл кнопканы басып, бұрылады. Ал, бұл жобада қазылар қатысушылардың бәріне бірдей көңілдерін білдірді. Бұл бір жағынан қарияларға деген құрметтің белгісі болса, екіншіден олардың көңіліне қаяу салмауды ойлағандары еді. Әр қатысушыға қошеметтерін көрсетіп, ду қол шапалақпен қолдап отырған залдың да құрметі үміткерлердің қобалжуын басып, сахнада өзін еркін ұстауына септігін тигізді. Қатысушылар өздеріне ұнайтын қазылар алқасының бір мүшесін таңдап алып жатты. Байқаудың қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. Оған дейін қазылар алқасы өздерін таңдап алған үміткерлермен жұмыс істеп, репертуар таңдайтын болады. Бірінші кезеңге шыққан 12 үміткер өз жастарына сай әндерді орындап, ретро шығармаларды залдағы көрермен қосыла шырқады. Бағдарлама соңында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий