Көкшетауда тұңғыш IT мектеп-лицей ашылды

Білім күні есігін айқара ашқан ІТ мектеп-лицей «Сарыарқа» мөлтек ауданында орналасқан. Мектептің сыртқы безендірілуі де өзгеше екен. Ішкі сынып бөлмелері мен дәліздер де түрлі түске боялған. Ол оқушылардың қажетті сыныпты тез тауып алуына және бағдарлауына лайықталған. Бірінші күннен-ақ оқушылар мен ата-аналардың көзін үйрете беру үшін «Хош келдіңіздер!» деген шақыруды латын әріптерімен түзіпті. Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Мəлік Мырзалин және қала әкімі Ермек Маржықпаев оқушылар мен ұстаздарды осынау қуаныштарымен құттықтады. Жаңа оқу жылында баршасына табыс тіленді. Салтанатты шараға қатысқан ардагер-ұстаздар да Білім күніне жасалған тартуды жылы қабылдап, тілектерін айтты. Мектепті заманауи технологияға лайықты жабдықтау үшін 18 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Өңір және қала басшылары жаңа мектептің ішін аралап көрді.

IT мектеп-лицейдің құрылысына ел қазынасынан 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Білім ошағы 900 балаға лайықтап салынған. Бұл мектептің несімен ерекше екені өзімізге де қызық болғаны рас. Бұл – қаладағы ең үлкен білім ошағы. Аумағы 4 гектар жерді алып жатыр. Ғимараты бес бөліктен тұрады. Жанында алып стадионы да бар. Ашылу салтанатынан кейін бірінші сынып табалдырығын енді аттаған балдырғандардың соңын ала ішіне енуге ата-аналар да асықты. «Биыл мектепке 870 оқушы қабылданды», – дейді ұстаздар. Оның оқу кабинеттері барлық заман талаптарына сай жабдықталған. Оқушыларды білім күнімен ардагер-ұстаз Күләш Темірбаева, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев құттықтады. Жалпы, соңғы жылдары облыс орталығында мектеп оқушыларының саны көбейіп келеді. Сондықтан қалада осындай жаңа мектептер ашылып, одан бөлек ескі мектептердің де жанына қосымша оқу ғимараттары салынып жатыр. Облыс бойынша оқушылардың саны 120 мыңнан асады. Оларға жаңа оқу жылында 565 мектеп есігін ашты. 14 мыңнан астам балдырған мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Қазіргі уақытта өңірде 603 мектепке дейінгі мекеме бар болса, онда 37 мың бала тəрбие алып жатыр. Биыл 140 балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тəрбие беруде мұғалімдердің білімді де білікті болуымен бірге, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен озық оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз етілуіне зор маңыз беріліп отыр.

Білім ошағы директорының оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Әйгерім Қошанова: «ІТ мектеп-лицейінің басқа мектептерден ерекшелігі, Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, оқушылар үшін химия, биология, информатика, физика пәндерін стэм-зертханалары аясында жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда біздің мектебіміздің әрбір кабинеті цифр-
лы, яғни компьютер, ноутбук, планшеттермен жабдықталған. Мектебіміз толығымен оқу жылын бастауға дайын», – дейді.

«Көкшетауда IT мектеп-лицейдің ашылып жатқанын ұлым әлеуметтік желіден көріп, маған осында оқығысы келетінін айтты. Содан кейін бұрын білім алған жеріндегі басшысының атына өтініш жазып, құжаттарымызды алып, осында тапсырдық. Міне, бүгін алғашқы қоңырауға келе жатырмыз. Баламның жүзі бал-бұл жанып, ерекше қуанып жүр. Жаңа мектептен жақсы білім алып шығатынына сенімдімін. Балама тек сәттілік тілеймін», – дейді қала тұрғыны Айсұлу Жаппасова.

Мектеп кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталып, барлығына дерлік интерактивті тақта орнатылған. Бұл алғашқы ІТ мектеп-лицей болғандықтан, осында білім алғысы келетін оқушылардың да саны артатыны сөзсіз. Биыл облыста төрт жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Олар – Целиноград ауданындағы Қаражар ауылында, Біржан сал ауданындағы Невский жəне Сандықтау ауданының Балқашын селоларындағы мектептер мен Көкшетау қаласындағы қазақ ІТ мектеп-лицейі. 2018-2019 оқу жылында білім берудің жаңартылған мазмұнына 3,6 жəне 8 сыныптар көшеді, толық көшу 2021 жылы аяқталады.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий