Көкшетаудың кемел келбеті береке-бірлік жемісі

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен «Дос-тар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шаһар басшысы тәуелсіздік алған жиырма бес жылы ішіндегі Көкшетау қаласының қолжеткен табыстарына арналған көрмені аралап көрді. Бұл көрмеде түрлі саладағы көкшетаулық тауар өндірушілер өз тауарларын келушілердің назарына ұсынды.

Бүгінгі Қазақстан – бұл кемелденген, қуатты мемлекет! 25 жыл ішінде өңірде талай өзгерістер орын алды. Көкшетаулықтарды ұлық мерекемен құттықтаған қала әкімі Ермек Маржықпаев ширек ғасырда ел тұрғындарының қажырлы еңбегінің арқасында барлық сала дамығандығын атап өтті. Бұл күні жиналғандар назарына Көкшетау қаласында атқарылған игі шаралар көрініс беретін бейнефильм ұсынылды. 

Өтпелі кезең жылдарындағы қаланы қазіргісімен салыстыруға келмейді. Елдің еңсесі тіктелген. Жұмыс орындары көбейген. Азаттық алған жылдары жаңадан мектептер бой түзеді. Балабақшалар саны да артты. Әлеуметтік-экономикалық дамуымыз алға басып, мәдениетіміз өркендеп, әсем ғимараттар бой түзей бастады. Нәтижесінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында қала тұрғындары бірнеше жаңа пәтерлерге қол жеткізсе, еңселі еңбектің арқасында жаңа «Сарыарқа» ауданы бой көтерді. Көкшетауда басталған қарқынды құрылыс мұнымен тоқталмай талай жылдан бері шешімін таппаған Қопа көлінің төңірегін де түлете түспекші. Көлдің аумағына жағалай шағын аудандар, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынатын болады. Биыл Қопа көлінің жағалауында құрылысы басталған Неке сарайы да көкшетаулықтар үшін маңызды нысандардың бірі болмақ. Өнеркәсіпті дамытпай, табысқа қол жеткізілмейтіні белгілі. Күн санап көркейген қалада халыққа өз қызметтерін ұсынған шағын және орта бизнесте де ілгерілеушіліктер байқалады. Уақыт өткен сайын қаланың коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға негіз бар екенін көреміз. Әсіресе, жол, су құбырларын, қаланы абаттандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру, көше жөндеу, жарықтандыру бойынша атқарылған жұмыстар тұрғындардың көз алдында. Алдағы уақытта да осынау қастерлі мерекені мәңгілікке сақтауға шақырған қала әкімі Ермек Маржықпаев еліміздің барлық салаларда жеткен жетістіктеріне жеке-жеке тоқталып, еліміздің даму белесінде Көкшетау қаласының да үлесі орасан екенін жеткізді.
«Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетін мезгіл де келіп жетті! Халқымыз үшін әрбір күні жылға, жылы ғасырға бергісіз өткен уақыт қой бұл. Осы уақыт ішінде халқымыз небір қиындықты бастан өткеріп, талай табыстарға қол жеткізді емес пе! Енді соларды жалпылама сөзбен емес, бір қаланың көлемінде ғана, бұрын атқарған, қазіргі кезде істеліп жатқан, болашақ үшін жасалған жоспарлар негізінде сөз ете отырып, еліміз тәуелсіздіктің көк туын желбіреткеннен кейінгі уақыт аралығындағы қаланың тыныс-тіршілігінен аңғаруға болады. Соңғы 25 жылда сан-салада қарыштап дамып, Көкшетау да көркейіп келеді. Осы мерзім ішінде әлеуметтік саладағы жұмыссыздық деңгейі үш есеге қысқарып, қалада 11 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылды. Тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін жетіп отыр. 25 жылда елдің еңбегі мен мемлекеттік саясаттың қол жеткізген жетістігін дәріптемеу мүмкін емес», – деді әкім.
Биыл қалада 450 пәтер тұрғындар игілігіне беріліп, 45 жетім бала баспанамен қамтылды. Жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Қос балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Өңір басшысы С.Кулагиннің қолдауының нәтижесінде биылғы жылдың өзінде қаламызда бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілсе, әлі де ел игілігі жолында әсем ғимараттар салыну үстінде. Жасыратыны жоқ, қала ауқымы жылдан- жылға ұлғайып келеді. Сөзіміздің дәлеліндей қала шетінде жаңа аудандар пайда болуда. Осының нәтижесінде қала халқының саны артып келеді. Келер жылы да көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. Қаланың кіреберіс тұсы мен шеткі аумақтарын жаңғырту жұмыстары қолға алынбақшы. Бұл күні қала басшысы мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлесі үшін бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік наградалар тапсырды. Қала басшысы атап өткеніндей, тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендеп, алға басуына өз еңбегін сіңіріп, қомақты үлесін қосып келе жатқан адамдар қай салада да аз емес. Еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы Жарлығымен марапатталып отырғандардың қай-қайсысы да құрметке лайық. «АП-Импэкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмабай Әміржанов «Құрмет» орденінің иегері атанса, Краснояр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуов, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының директоры Станислав Максимец «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Көкшетау автобус паркінің бас директоры Әсия Шәрімова, «Тыныс» акционерлік қоғамының слесарі Е.Жұмажанов «Шапағат» медалімен марапатталды. «Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік наградаларды табыс етіп отырмыз. Марапатталғандар арасында әлеуметтік сала қызметкерлері, кәсіпкерлер, шаруа адамдары бар. Тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуы үшін олардың алдағы уақытта қажырлы еңбек етері анық. Ең бастысы, Елбасымыз үнемі айтатынындай, ортақ мақсат жолында біріге білейік. Елдігіміз бен бірлігіміз мықты болсын», – деп түйіндеді қала әкімі Е.Маржықпаев.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс