КӨКШЕТАУДЫҢ  КӨПІРЛЕРІ

Көкшетау көлді жағалай орналасқан еліміздегі бірден-бір қала екені өз алдына, шындап шұғылданып, арнайы көңіл бөлсе, ең көпірі көп қалалардың да біріне айналуы әбден мүмкін ерекше шаһар!..Ені он бес-жиырма қадамдай болатын Қылшақты өзені қаланың ішіне оңтүстік шығыстан бастап кіріп, орала келіп іргедегі Қопаға құяды. Елді-мекеннің ортасынан өтетін болған соң, әрине, тұрғындарға өткел керек. Сол себепті, кейбірі көлік пен жаяу жүргінші қатар өтетін, кейбірі тек қана жаяу жүргіншіге арналған онға тарта көпір бар. Ішінде көзден тасалау болған соң қараусыз қалып, күйі кете бастағандары да кездеседі. Әдеміленіп, әрленгендері де бар. Үнемі күтім көретіндер көзге жиі түсетін Абылай хан даңғылы мен М.Горький көшелеріндегі көпірлер.

Жалпы, қаланың у-шуынан бір ауық аулақтау шығып, оңаша дем алғанды ұнататындар көпір үстінен сылдырай аққан өзен толқындарына көз салып, ойға батып тұрғанын көресіз. Су дегеннің адамды ауыр мұңнан айықтырар, жақсы ойларға жетелер, сылдырымен, самалымен сергітер тылсым бір қасиеті бар-ау, шамасы.

Көпір үстінен өзенге қармақ салып, сағаттап тұратындар да көп. Өзге дүниенің бәрін ұмытып, су бетіндегі қалтқыға ғана үңіліп, алтын балықтың қапқанын күтудің өзі бір ғанибет!..Жарқ еткізіп судан сүйемдей ғана шабақ шығарған жанның шаттығы айтып жеткізгісіз!..Солай да шығар. Өз қолыңмен , өз ебіңмен тұнықтың жәндігін «құрықтау» неге қызық болмасын!..Көпір үстінде кездескен, жүрек лүпілін жеткізіскен жастарды да көз шалады. Романтикалық әсер, алғаусыз  сезімді өзгеге жеткізу үшін оқшаудағы көпір үсті нағыз таптырмайтын орын емес пе?!

Жұрт әсіресе, көлік жүрмейтін, қаланың даңғаза тірлігінен шеткерірек «Аққу» балабақшасы жанындағы, Қылшақтының Қопаға құяр сағасындағы шағын көпірлерді ерекше ұнататын сыңайлы. №11 кәсіптік техникалық училищесінің, элеватордың, темір жолшылар ауруханасының, темір жол маңындағы көпірлердің де өз қызығы бар шығар.

Сонымен, қаламыз өзге жұрт шаһарын келбеттендіру жөнінен қолы жете бермейтін үлкен, ерекше мүмкіндікке ие. Онға тарта көпірі бар. Біз осы мүмкіндігімізді әлі толық пайдалана алмай жүрген де сияқтымыз. Мүмкін алдағы уақытта көпшілікке қуаныш сыйлаған Көкшетаудың көпірлеріне көңіл бөлініп, қала көркі айшықтана түсер.

                                                                                       Серік САПАРҰЛЫ

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс