Көкшетаудың тілеуқоры – баспасөздің Балталысы

 

Шындығы сол, бүгіндері жетпіс жылдығын атап өтіп, абырой биігіне өрлеп, мақтау мен марапатқа кенеліп отырған Балталы Сәрсен-баев ағамызды Көкшетаудың саяси-әлеуметтік, қоғамдық өмірінің тыныс-тіршілігінен, баспасөзден бөліп қарау мүмкін емес. Қазіргі «Көкшетау», бұрынғы «Көкшетау правдасына» 1966 жылы қызметке орналасқан ол үздіксіз 51 жыл алаңсыз жұмыс жасап барып демалысқа шықты. Мамандығына шын берілгендіктің үздік бір мысалы осы шығар! Журналистиканың ең төменгі сатысынан – әдеби қызметкер болып бастап, хабар, өнеркәсіп, құрылыс, транспорт бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор лауазымына дейін жоғарылаған.

Осы бір сөйлемге сыйған еңбек жолында қаншама тер төккен, ізденген, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз да мазмұнды жылдар жатыр. Ол жылдарды тарқатып жазар болсақ, қалам қасиетін әлі терең түйсіне қоймаған жас журналистерге тағылым боларлық не бір оқиғаларды, күрделі кезеңдерді көлденең тартуға болар еді. Өміржан Оспанов, Естай Мырзахметов, Жанайдар Мусин, Маман Ементаев, Рүстем Бермағамбетов, Сүлеймен Ақтаев, Мәтен Бижанов сынды небір марқасқалармен үзеңгілес болып, тәжірибе толықтырғаны рас. Төбеден төнген обкомның тезіне төтеп беріп, ала таңға көз ілмей, сарқ-сұрқ қайнаған қорғасынды әріпке айналдырып, бекітіп бет құрған баспаханамен екі ортадағы сабылған жылдар оны тек шыңдай түскені де шындық. Бәлкім, енді демалысқа шығып, қол босаған соң сол күндерді Бәкеңнің өзі асықпай баяндап, хатқа түсірер…

Әлгіндей, журналистиканың қай бөлімінің болмасын жүгін арқалап, төменнен төске өрлеген ағамыздың қай тақырыпқа болмасын емін-еркін қалам тарта берері белгілі. Оның үстіне өңірдің қай өлкесі, қай пұшпағы, тұлғалы тұрғындары, қарапайым еңбеккерлері, қазыналы қарттары, қадау-қадау қаһармандары жыға таныс. Жазу үстінде керек болып қалған оны-мұны мәлімет-дерегін жас-
тар өңірдің дайын энциклопедиясын ақтарғандай, одан білмегенін сұрап алып жатады.

Ұзақ жылдар әртүрлі бөлімдер басқарып, үлкен жігерді, сауат пен талғамды талап ететін жауапты хатшы, редактор болған Балталы Сәрсенбайұлы газеттің тамыршысындай. Қай беті осал соғып, қай тақырыбы тоқырап, қай мақаласы мардымсыз болып тұрғанын дөп басып, сезеді. Сосын, қашан соны түзеп-күзеп жөндегенше байыз таппайды. Бірқатар мақаланы қайта жазса, бірқатарын үстінен түзеп, қорытады. Күні бойғы жұмыстағы тыншымағаны аздай, бір бөлек мақаланы портфеліне салып, үйіне алып кетіп, өңдейді. Сондай қауырт істің үстінде жүріп, біреуге бір мәтінін жазып беріп, біреудің қолжазбасын аударып, жастарға ақыл-кеңесін айтып көмек қолын созудан жалықпайды. Қарапайым жұрттың ішінде «журналист үшін бір парақ қағаз жазудың не қиындығы бар?» деп ойлап, арыз-шағым, құттықтауларын «жазып бере қойшы» деушілер көп болады. Олар өзі келген күннің газет шығатын уақыт тапшы күн екенін, немесе, оның пәленбай беттік қаулы-қарарды аудару үстінде екенін қайдан түсінсін. «Жылына бір келгенде…» деп өкпелей салуы оңай. Бәкең ондай қолқа салғандарға да көмектесіп үлгеріп жатады.

Тәжірибесі кемеріне келіп толыққан Балталы аға қысқа хабарлардан көлемді очерктерге дейін көсіле жазды. Қарымды қаламгер, білікті редактор да бола алды. Алайда, менің пайымдауымша ол журналистиканың аса бір жауапты саласы, күрделі кәсібі – жауапты хатшы ретінде көбірек танымал. Осы мамандыққа тура 25 жылын арнапты. Жауапты хатшы баспасөздің барлық сатысының жұмысын жатқа білуі керек. Ол мәтін түзетіп, тақырып қоя алатын редактор да, желдірте жазатын тілші де, кестелеп макет сыза алар хатшы да, оқиғаларды салмақтай алар саясаткер де болуы тиіс. Міне, Бәкеңнің бір бо-
йынан осы қасиеттердің бәрі табылады. Оның макеттері шын мәнісінде өрнек, кесте сияқты. Газет бетін әрлеуге ол ешқашан ерінбейді.

Тағы бір тәңір берген таптырмас қасиеті – мінезі. Жетпіске таяғанша «Көкшетауда» жауапты хатшы болды, бір ұжымдамыз. Сонда Бәкеңнің жасының егде тартқанына қарамастан елгезектігіне, сергектігіне тәнті болдық. Оның өз ісіне шын берілуі мен кішіпейілділігі, адамгершілігі бас идіреді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, үлкен ретінде кейінгіні қамқорлай жүру – әдеті.

Журналист, әрине, қалың оқырманға, көпке, елге қызмет істейді. Балталы ағамыздың осындай ұзақ жылдарғы қалтқысыз еңбегі еш кеткен жоқ. Бірінші шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі. Осы күндері «Қазақстанның құрметті журналисі»  атанды. Қалалық тұрғын үй бөлу жөніндегі, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиялардың мүшесі, «Нұр Отан» партиясы қалалық кеңесінің мүшесі, партиялық-бақылау постысының жетекшісі сияқты көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарумен келеді.

Бала тәрбиелеп, немере өсіріп отырған берекелі шаңырақ иесі, журналистика ардагері Балталы Сәрсенбаев қаламынан әлі де оқырманы сүйсініп оқыр сүбелі дүниелер туындарына шүбә жоқ. Шығармашылық деген тылсымның тереңіне бойлаған ағамыздың қаламының мұқалмауына шын пейілден тілектеспіз.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

 «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер  одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий