Көкшетауды көркейту – өңір дамуына ұйытқы

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдің дамуы, оның тұрғындарының әл-ауқатын жақсарта түсу бағытындағы журналистер сұрақтарына жауап берді.

DSC_9142

Ақмола облысына әкім болып тағайындалғанына таяуда ғана 100 күн болған Мәлік Мырзалин алдымен осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстарға, өңірдегі өзі танысып-білген, түйінді мәселелерді шешу жөнінде берген тапсырмаларына, кейбір маңызды да қомақты жобалар жөнінде баяндап өтті. Құрамына 17 аудан, екі облыстық маңызы бар, 8 аудандық маңызы бар қалалар кіретін облыста 746,1 мың адам тұрады. 2010 жылдан Индустрияландыру картасы бойынша 158,8 млрд.теңгеге 72 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 6,8 мың жұмыс орындары құрылған. 11 жобаның жүзеге асырылуы жалғасуда. Олар 528,3 млрд. теңгені құраса, 1119 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Биыл инвестициялар көлемі 64,0 млрд. теңге болып отыр. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 121,4 пайыз деген сөз. Міне, осы келтірілген сандардың өзі-ақ, өңір дамуындағы ілгерілеушілікті аңғартады. Мәлік Кеңесбайұлы облыс аудандарындағы, аудан орталықтарындағы проблемалар мен олардың шешілуі, ары қарай дамытуды керек ететін істер жөнінде айтты. «Көбінесе Ақмола облысы аграрлық облыс ретінде ғана айтылып, қарас-
тырылады, ал мен облысымыздың индустриалды-аграрлы болғанын қалар едім. Өйткені, ауылшаруашылығы қызметкерлеріне қарағанда, өнеркәсіпте істейтін адамдар табысы көбірек», – деген ол өңір тұрғындары жалақысын ұлғайту бағытындағы ойларын ортаға салды.
Өңір басшысы Шучье-Бурабай аймағында туризмді дамытуға баса көңіл бөлінетінін баяндап, қазір Бурабай кентінде жолдардың күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанына тоқталды. Тек Бурабай ғана емес, Зерендінің де мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек. Астана қаласының маңайында демалыс орындарын көбейту, қала тұрғындарының алысқа ұзамай-ақ, жақыннан жанға жайлы, отбастарымен бірге сейіл құрып, сергіп қайтуына қолайлылық туғызу қажеттігі жөнінде әңгімеледі. Қызмет көрсету түрлері, сауда-саттық арқылы бірқатар жұмыс орындарының да көзі осында. Астана маңайындағы елді мекендер тұрғындары санының үздіксіз өсуі де естен шығарылмақ емес. Жыл сайын қайталанып отырған су тасқынына тосқауыл мәселесі кешенді дайындықты қажет етеді. Осы мақсатта арнайы мамандар тартылып, техникалық сараптама жасайтын комиссия құрылып, олар өз шешімдерін шығармақ. Сол шешімдер арқылы жүйелі дайындық жүргізілмек.
Әкім өңір бойынша әр ауданда салынар жаңа өндіріс ошақтары жөнінде де сөз қозғады. Олардың ішінде құс фабрикасы, сабан өңдеу, цемент шығаратын зауыттар бар. Осылай өңір дамуы туралы жан-жақты әңгімелей келе М.Мырзалин облыс орталығының дамуы барысына тоқталды.
«Көкшетау – тазалығы, көркі, тұрмысқа қолайлы шағындығы жөнінен рейтингте алдыңғы саптан көрініп жүрген қала. Алайда, біз шеткі көшелердегі ойлы-қырлы жолдарымызды, тағы басқа өз кемшіліктерімізді өзіміз білеміз. Демек, жол жөндеу, балалардың ойын алаңдарын салу, абаттандыру жұмыстарын, жалпы қаланы көркейтуді одан әрі жалғастыра бермекпіз. Жалпы, құрылыс барлық ілгерілеушіліктің бастауы десек, Көкшетауды көркейту өңір дамуына игі ықпал етпек. Мен қаланы үнемі аралап, барлық жағдаймен танысып тұрамын. Көкшетау қаласының бір проблемасы – таза ауыз су. Әсіресе, көктем кезінде қиын. Жақында қызметке тағайындалған осы салада тәжірибесі мол орынбасарларымның біріне бұл мәселені түбегейлі зерттеуге тапсырма бердім. Аяқсыз қалдырмаймыз. Келесі мәселе – жылу электр стансасын салу. Бұл да күрделі мәселе. Қолға алдық. Енді тек ол құрылыстың арзан болуын қалаймыз. Оның бағасы арзан болса тұрғындар төлейтін төлемақы да арзан болмақ, – деді өңір басшысы. Облыс әкімі облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қ.Төреғожа, «Хабар» агенттігінің облыстағы тілшісі С.Құсайынова, «Экспресс К» газетінің тілшісі Н.Баймолдин, «ҚазТАГ» тілшісі Ғ.Әшкенова, «Қазақстан-Заман» газетінің тілшісі Д.Шөкшір, «Президент және халық» газетінің тілшісі Б.Амалбек, тағы басқа журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс