Көкшетаулықтар қоныс тойын тойлады

Өңірімізде Қазақстан Республикасының Конституция күнін тойлауға арналған бірнеше мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты шара облыс және қала әкімдерінің қатысуымен 100 метрлік Тутұғыр жанында өтті.
«Құрметті ақмолалықтар, қадірлі жерлестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Бүгінгі мерекенің орны бөлек, мәні жоғары. Себебі, еліміздің Ата Заңы халқымыздың бірлігінің, отансүйгіштіктің символы болып табылады», – деп атап өтті өңір басшысы Ермек Маржықпаев. Өз сөзін жалғастыра отырып, облыс әкімі жас ақмолалықтарға алғашқы жеке куәліктерін табыс етті. Бұл күні, сондай-ақ, облыстың түрлі ұйымдарының өкілдері: полиция қызметкерлері мен ТЖД қызметкерлеріне 44 автотехниканың кілті табысталды. Біздің өңірімізде «Нұрлы жер», «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылған соңғы төрт жылдың ішінде өңірде 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 мың отбасы жаңа пәтерге қоныс аударды. Дәл осы мереке күні 200-ден астам көкшетаулықтар қоныс тойын тойлады. Әр тұрғын үй иелеріне облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз қолымен кілттерді табыс етті. Ал, мерекені тойлаудың екінші күнінде қала әкімі Бауыржан Ғайса қалған бақытты жандарға үй кілттерін табыстауды жалғастырды. Үй иегерлерінің арасында 30 ақ халатты абзал жандар да бар.
Ерлі-зайыпты Меруерт пен Қуаныш Қапековтар – жас мамандар. Қуаныш қалалық ауруханада анестезиолог-реаниматолог, ал Меруерт Краснояр емханасында онколог болып жұмыс істейді. Мере-
ке қарсаңында жас дәрігерлер отбасы бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. «Бізге баспана берілгеніне өте қуаныштымыз және енді пәтер жалдаудың қажеті жоқ. Ендігі кезекте біз өз пәтерімізге қаражат жинайтын боламыз. Бұл бізге үлкен көмек деп айтсам болады. Дәрігерлердің атқарып жатқан қызметін елеп, осындай көмек көрсетіп жатқандарына алғыс білдіргіміз келеді», – деді жас отбасы. Салтанатты шара Қылшақты өзенінің жағасындағы жаңа амфитеатрда жалғасты. Конституция күніне орай аймақ басшысы ерекше көзге түскен ақмолалықтарға лайықты марапаттарды табыстап, салтанатты шара мерекелік концертке жалғасты.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий