Көкшетаулық «Арланда» – Тұңғыш Құрлықтық Кубок!

Солтүстік Ирландияда өткен Құрлықтық Кубоктың ақтық сайысында Қазақстанның тарихында болмаған жеңісті Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы алып берді. Біздің команда қарсыластарын 3:2 есебімен жеңді. Жеңімпаздарды Астана әуежайынан спорт жанашырлары мен жанкүйерлері жалаулатып қарсы алды. Спортшылар өздеріне көрсетілген құрметке дән риза болысты. Алдағы уақытта да намысты қолдан бермейміз дейді  жерлестеріміз. 

«Арлан» – шайбалы хоккейден Қазақстанның чемпио-ны. Сондықтан Құрлықтық ойындарға жолдама алған болатын. Алдыңғы екі ойынын Польшаның «Катовице» және Белоруссияның «Гомелімен» ойнап, 4:2 және 8:2 есебімен жеңген еді. Ақтық сайыста мұз айдынының иелері, ирландық «Белфаст Джайантспен» кездескен арландар тартысты ойында барын салды. Қос команда да ақтық мәреге екі жеңіспен алты ұпайды еншілеп келген еді. Көкшетаулық клуб бірінші кезеңде алға шығып, қарсыластар қақпасына екі гол салды. Алайда, үшінші кезеңде бір минуттың ішінде «Белфаст Джайантс» есепті теңестірді. Матчтың негізгі уақыты мықтыны анықтауға мүмкіндік бермеді. Нәтиже буллиттер сериясы кезінде айқындалды. Карта ойынына теңелетін буллиттер сәтінде «Арлан» хоккей клубына жеңісті Евгений Гасников алып берді. Ол матчтың ең үздік ойыншысы атанды. «Бұл мен үшін есімде өмір бойы сақталатын жеңіс. Күні ертеңдері балаларым мен немерелеріме мақтанышпен айтып отыратын боламын»,– дейді спортшы. Еске сала кетейік, Құрлықтық Кубок ойындары футболдан УЕФА ойындарына пара-пар сайыс. Ол жыл сайын өткізіледі. Ойынға негізінен Европа лигасының чемпиондары және алдыңғы ойындардың жеңімпаздары қатысады. Бұл ретте «Арлан» хоккей клубының жеңісі Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылатын жетістік. Жеңісің құтты болсын, «Арлан»!

Г. Бәйішева.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий