Көкшетаулық «Арлан»  Қазақстан чемпионы атанды!

Күні кеше ғана «Бурабай» спорт сарайында тартысты жекпе-жек өтті. Көкшетаулық «Арлан» хоккей клубы 2017-2018 жылғы Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесі үшін астаналық «Номадпен» ашық айқасқа шықты. Жанкүйерлердің жүйкесін жұқартып, соңғы секундтарға дейін мұз айдынында тараптар жеңісті қолдан бермеудің нағыз үлгісін көрсетті.

«Хоккейді нағыз ерлер ғана ойнайды» дегеннің мысалы осындай-ақ болар. Жігіттер намысқа тырыс-ты. Тартысты, шайқасты, жұлынды, жұлқынды, өз қақпасына шайбаны дарытпады. Қарсыластары да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Ұтымды сәттерді пайдалануға тырысып, қақпаны қайта-қайта шабуылдап, жанкүйерлердің де, ойыншылардың да дудасын қыздырды. Нәтижесінде Савенков пен Потайчуктың берген пасын дұрыс пайдаланған Колесниковтың шеберлігінің арқасында 1:0 есебімен «Арлан» жеңіске жетті. Нәтижесінде серия есебі 4:2. Ойынды тамашалауға келген облыс әкімі Мәлік Мырзалин жеңімпаздарға алтын медальдарын іліп, Кубок табыс етті. Өңір басшысы бұл жеңіс оңайлықпен келмегенін, бұған дейін тек қолаға, күміске ғана ие болған спортшылардың енді алтынға қол жеткізуі жеңістердің жеңісі деді. Өз қақпасын соңғы секундтарға дейін қорғаған арландық Михаил Демидов «Ең үздік қақпашы», арландық Вадим Бердников «Ең үздік шабуылдаушы», номадтық Сергей Егоров ең үздік қорғаушы, Иван Верещагин ең үздік жас ойыншы деп танылды. Сүйікті командасына жанкүйер болуға келген көкшетаулықтардың қуанышында шек болмады. Олар бар дауыстарымен алақайлап, хоккейшілермен бірге бөріктерін аспанға ата шаттанды. Ду қол шапалақтаумен спортшыларға қошемет көрсетті. Алаңда шашылып жатқан жеңіс каскалары мен қолғаптары жанкүйерлердің лақтырған ойыншықтары мен тәттілерінен көрінбей кетті. Арландықтардың құрметіне «Бурабай» спорт сарайының жанында салют атылды. Жанкүйерлер көпке дейін тарқамай, «Арлан – чемпион! Жарайсыңдар!» деп айқайлап жатты. Жеңісің құтты болсын, Арлан!

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий