Көкшетаулық өнерпаздар Гран-при жүлдесін иеленді

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық «Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концерті «Көкшетау» мәдениет сарайында өтті. Халықаралық «ЕХРО-2017» мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған халық шығармашылығы кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан жиналған өнерпаздар бір қолдың саласындай біріге өнер көрсетті. Жеңімпаздарға сыйлықтарын тарту еткен облыс әкімі Мәлік Мырзалин ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Ақмола жұлдыздары» байқауы

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин қала әкімі Ермек Маржықпаев пен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитоваға «Ақмола жұлдыздары» байқауының жеңімпазы деп танылған Көкшетау қаласының өнерпаздарына Гран-при жүлдесі – автокөліктің кілтін және дипломын тапсырды.

Гала-концерт басталмас бұрын «Көкшетау» мәдениет сарайының алдында қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық киім үлгілері келушілер назарына ұсынылды. «Ақмола жұлдыздары» байқауы осымен 17-ші рет ұйымдастырылуда. Жыл сайын жаңа ұжымдар, жаңа солистер және орындаушылардың қатары өсіп келеді. Биыл аталған мәдени шараға 223 ауылдық округтен 20 мың адам қатысып, фольклор мен классиканың түрлі жанрын алға тартты. Айта кету керек, гала-концертке мықтылардың мықтысы, шеберлердің шебері шығады. Тағы бір ерекшелік, композицияларды біріге орындайды, яғни ұлт-аспаптар оркестрі, солистер, бишілер, термешілер мен күйшілер бір шығарманы қосыла орындайды. Арасы үзіліссіз, іркіліссіз жүреді. Бір композиция аяқталып жатқанда, екінші композиция жалғасып кетеді. Көрермен де жалықпайды, әрі әсерлі шығады. Гала-концертті тамашалауға келген көрермен залға лық толды. Тіпті, ішке сыймай, сырта қалып қойғандары қаншама. Әр ауданнан келген жанкүйерлер өз өнерпаздарына қошемет көрсетіп, қолдап отырды. Мәдени шараға қатысушыларды облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтады. Ұрпақтар мен халықтар арасындағы алтын көпір саналатын осы сала қызметкерлері ұлттың мәдени-генетикалық кодын сақтаушы, қоғамдық сананы жаңғыртушы екенін айтты. «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының бірінші орын иелері болып Степногор қаласы, Бурабай, Аршалы және Зеренді аудандары танылды. Облыс әкімі жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырды. Ал, Гран-при жүлдесі Көкшетау қаласы, Бұланды мен Целиноград аудандарына бұйырып, жеңімпаздарға автомобильдер тарту етілді.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс