Көкшетауға – арнау айтып, жыр жазып…

Ш. Құсайынов атындағы қазақ драма театрында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналып «Көзайым Көкшетау!» деген тақырыппен ақындар фестивалі болып өтті. Ақындар ару қалаға арнаған өлеңдерін оқып, толғауларын төкті. Экраннан Көкшетау-Нұр-Сұлтан тасжолы бойына мереке қарсаңында орнатылған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Кенесары ханға орнатылған ескерткіштер туралы фильм көрсетіліп,  «тұсаукесер» рәсімі өтті. Фестивальға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, осы шара үстінде Көкше әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан жазушы-драматург, ақын Төлеген Қажыбай мен ақын, әнші-композитор Иран сал Тасқараға Алғыс хаттар табыс етті. «Сіздердің поэзияларыңыз туған өлкеге, туған жерге деген сүйіспеншілікке толы. Ұлттық мәдени мұраны сақтауға және оны молайтуға қосқан қомақты үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды  білдіремін» деді құттықтау сөзінде өңір басшысы. Өлең-жыр шеруін айтыскер ақын, М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек Көкшетаудың тойына ұзақ толғап, арнау өлең арнап бастап берді. Ол Көкше жерінің өткен тарихына тереңдеп, бүгінгі күнге дейінгі кезең-кезең өткелдерін, елге еңбегі сіңген тұлғаларын атап, жыр көрігін қыздырып, көрерменін риза етті. Одан соң кеш қонағы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау-реаты, Зеренді және Біржан сал аудандарының құрметті азаматы, ақын Қорғанбек Аманжол мінберге көтеріліп, шабытты жырын оқыды. Жалпы, бұл фестивальға 17 ақын қатысты. Арнайы шақырылған тағы бір қонақ, қызылордалық айтыскер ақын, «Алтын домбыра» сыйлығының екі дүркін иегері Мұхтар Ниязов арнау өлеңін айта келіп, арқасы қозып, көкшетаулық Қуаныш Оспанды айтысқа шақырды. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде аяқ астынан екі ақынның айтысуы көрерменді мәз-мейрам етті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий