«Көкшетау» газетінің бүгінгі қонағы – тіл жанашыры, журналист Марат Сайдалин!

Көшедегі қазақша жазулардан қате көрсе  күйіп-пісіп, «тілі қышып», сол мекеменің басшы-қосшысына қырғидай тиіп, көзі көмірдей бола тұра өзге тілде шүлдірлегендерді көрсе жүйкесі жұқаратын, ұлттық дәстүрді насихаттап, ұлт ұстанымын алға ұстап, жалаулатып жүретін әріптесіміздің бірі – Марат Сайдалин. Ана тіліміздің ертеңін, ұлтымыздың болашағын ойлаған әрқайсымыз сондай болуымыз керек, әрине. Ендігі немқұрайлылық бойкүйездікке тең. Жаһанданудың жақсылығы көп болғанымен, біздей халқы аз жұрт «сапалы» болмаса сан соқтырып кетуі де ықтимал. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, әрқайсымыз тіл мен ұлттық дәстүр, салт-санаға ден қоймасақ, күні ертең кім екенімізді, неғып жүргенімізді білмей қаларымыз кәдік. Ал, кемшілікті түзетудің бір жолы, бәлкім жалғыз жолы – оны айту, көрсету. Сын түзелмей – мін түзелмейді. 

Сонымен, «Күміс күлкі» бетінің бүгінгі қонағы – журналист Марат Сайдалин. Оқитындарыңыз ойда жоқта оның қойын дәптерінен шыққан «оны-мұнылар». Өзіңізді айтқандай болса бұлқан-талқан болмаңыз. Ана тіліңізді білгеннен, ата жолымен жүргеннен жаман болмассыз.

Асаба
Той десе асабалар елеңдейді,
Арзанға мен өткізіп берем дейді.
Ақша салар туыстарың сансыз болсын,
Аз болса мен шақырып келем дейді.

Қария мен қыз
«Қарағым орын берші» деді қария,
Құлақ «занять» қарайды ол бажырая.
Түсінбеді қарияның өтінішін,
«Что хочешь, от меня старикашка?»

Салық пен халық
Қымбатшылықтың салқыны
Ешкімді рахатқа бөлемейді.
Салық өссе қинала халық төлейді,
Ал ірілер ол оқиғаны елемейді.

Ауыл халі
Ауылдың ахуалы жақсы дейміз,
Несие алып, көп малды бақшы дейміз.
Ауылдықтар банкте басы айналып,
Шығар есікті тезірек тапшы дейді.

Жігіттің мұңы
Қыз толып жүр, біреуін алар еді,
Бағы кіммен, шіркін-ай, жанар еді?
«Қыз кезінде бәрі жақсы» деген не сөз,
Білер ме еді,
«Қайсысы қандай әйел болар?» еді?

Әкесі мен баласы
Баласы:
Оқуымды төлеу керек.
Бітірген соң маған мықты тіреу керек.
Әкесі:
Семіздікті қой ғана көтереді,
Алдымен саған балам, жүдеу керек.

Кітап шығарушы
Қоймай қойды шимайды,
Оқысаң түкке тұрмайды.
Қарсы келсең қолқалап,
«Кітап» ал деп қинайды.

Барымташының «тапқырлығы»

Алдына сап үйірді барымташы,
Келеді, тез алыстау бар ынтасы.
Иесі қарсы алдынан шыққан кезде,
Депті ол: «Уақыт аз, тез біреуін алып қалшы».

Маскүнемнің арызы

Білмеймін жолым болмас мұндармын ба,
Ештеңе түсінбеймін, жындандым ба?
Басқасы жетпегендей тектен-текке,
Неге арақ қымбаттайды жылдан-жылға?

Байқаңыз, мен бекерге мұңдандым ба,
Арақты ішпе десе тыңдармын ба?
Қанша қымбат болса да сатып алам,
Мені кедей қылуды ұйғардың ба?
Сөзіңе енді мойын бұра алмаспын,
Қымбатшылық желінен ыға алмаспын.
Қанша қымбат қылсаң да, айналайын,
Сатып алмай арақты тұра алмаспын!

Болсам да ит тұрпатты, қасқыр өңді,
Жеңбейді мендей ешкім маскүнемді.
Арақ алам болса қанша қымбат,
Көп болса киім кимей, аш жүрермін.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс