Көкшетау жаңарып, жаңғыру алдында тұр

«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласы әкімінің қаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын саралаған халықпен қорытынды есеп беру кездесуі болып өтті. Жиынға Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев пен ҚР Президенті аппаратының мемлекеттік инспекторы Б.Сапиев қатысты.

Қорытынды жиынға қала болашағы алаңдататын, оның дамуына бір мысқал болса да үлес қосуды өзіне міндет санайтын төл шаһар жанашырлары – ақсақалдар, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, қалалық және облыстық мекемелер басшылары, қала тұрғындары қатысты.
Қаланың биылғы үлкен серпілісі, жаңғырықты жаңалықтарынан хабар бергендей әдеттегі сарай фойесінен орын тебетін көрме де ерекше реңк тауыпты. Барлық зауыт, фабрикалар, өндірістер өз өнімдерін тек қана компьютерлер экрандарынан ғана, есесіне жан-жақты, бүкіл қажетті мәліметтерімен, бүге-шігесіне дейін, толық таныстырды. Бұл ретте, әрине, компьютер мүмкіндігіне кім шек келтірер? Алға басудың, жаңарып, DSC_4321жаң-ғырудың үрдісін әйгілеген көрменің дәл ортасынан өндіріс өнімдерімен қоса, қаланың соңғы жылдарғы қуанышты бір жетістігі – Көкшетаудың IT мектебінің шәкірттері мен мұғалімдері де орын алыпты. Компьютердің «құлағында ойнаған» оқушылар елдің ертеңі, ертеңнің өрелі, озық ойлы, білімді мамандары! Көрмеде тамаша табыстарын көрсетіп отырған өндіріс орындарының жұмыстарын одан әрі дөңгелетіп әкетер ұрпақ осы балалар. Аға буын өкілдері бұл үрдісті қуана қол соғып, қоштап жатты.
Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов қаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, жалпы, негізгі көрсеткіштер бойынша қаланың межеден шыққанын айтты. Әсіресе, жыл ішінде 1004 дана еуропалық стандартқа сай «Камаз» жүк көлігін шығарған «Камаз-Инжиниринг», «Асыл арман», «Регионстрой», «ЕНКИ», «Тыныс», «Көкшетау минералды сулары» сияқты ірі серіктестіктер қала көрсеткіштерінің алға басуына мол үлес қосқан. Нарық додасына жаңадан қосылып, қысқа уақыт ішінде жұмыстарын жолға қойып, үнемі жемісті еңбек үдесінен шығуға толық мүмкіндіктері бар екенін көрсеткен серіктестіктер қатары көбейді. Бұл қаламызда тұрақты, қолайлы жұмыс орындары болатынын көрсететін, қала экономикасының нығая түсуіне жол ашар қуанышты ахуал.
DSC_4334Қала басшысы баяндамасында сала-сала бойынша іс барысын баян етті. Оның ішінде бүгінгі таңда Көкшетауды өзге қалалардан ерекшелеп, айбарын асырып, абыройын биіктетіп тұрған сала – қарқынды құрылыс. Көл жағасындағы ескі үйлер сүріліп, орнына сәулетті үйлер салынып, жағалау жөнделіп, жағажайлар ашылып, ажарланады дегенге осыдан бірер жыл бұрын ешкім сенбеген еді. Қазір ол жоспардың бірқатары жүзеге асып үлгерді және тоқтаусыз жалғасуда. Бір ғана «Сарыарқа» шағын ауданында 44 үй тұрғызылды. Қаланың салауатты өмір салтына, мәдениеті мен спортына елеулі жаңалық ала келер «Болашақ сарайының» құрылысы басталып кетті. Салынған көпірлер, жөнделген жолдар қала тұрғындарына қолайлылық әкелді. Қалалық мекемелердің бір ғимаратқа орналасуы да тұрғындар көңілінен шықты. Биыл Красный Яр кентінде өте ауқымды жөндеу жұмыстары жүрмек. Жиында сөз алған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев алдымен 2019 жылды облыстың еліміз бойынша алдыңғылар қатарында қорытындылағанын айтып, көрсеткіштерді атап, бірнеше аудан орталығының көшелері жөнделіп, ретке келтірілгенін, бұл жұмыстардың одан әрі жалғасып, басқа аудандар орталықтарының да жөнделіп, жаңғыратынын айтты. – Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласы қашанда барлық талаптар деңгейінен шығып, көш бастап отыруы керек, – деді ол. Сондай-ақ, өңір басшысы қаланың әлі көбірек көңіл бөліп, шұғыл шешуге тиіс мәселелерін де алға тартты. Мәселен, қаланың шеткі көшелері жөнделіп, жарықтандырылып, су, жылу желілеріне қосылуы тиіс.
DSC_4331Күнделікті қолданылатын азық-түлік бағаларын реттеуде кемшіліктер бар. Арнайы құрылған штаб белсенді жұмыс жасасын. Мұғалімдер мемлекет қамқорлығына жауап ретінде оқушылардың білім сапасын көтеруі тиіс. Өңір басшысының: «Қаламызда дәрігерлер жетіспейді. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері шеше алмай келеміз. Білікті дәрігерлердің қаламызға келіп, тұрақты жұмыс жасаулары үшін, оларға арнап 45 пәтерлік көп қабатты үй саламыз» деген сөзін жиынға қатысушылар қол соғып қолдады. Ауыз екі тілде «Революция күрескерлері» деп аталатын бақтың жоспары жақсы. Құрылысы басталды да тоқтап қалды. Сол бақты қайтадан қолға алып, жұмысын аяқтап, тұрғындарға есігін ашу жөн. Қалада құрылыс қарқынды жүріп, үйлер, ғимараттар көптеп салынуда. Ол – жақсы. Бірақ, бұрыннан келе жатқан РК-1, РК-2 қазандықтарының күші сол нысандардың бәрін жылумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, оның күшін жетілдіруге арналған жоспар шұғыл жүзеге асуы керек. Қала жұртын көптен алаңдатқан жылу беру оралығының сметалық құжаттарын жасауға екі жыл, салынуына екі жыл уақыт кетпек. Басталған іс аяқталады. Ол да қуаныш. Бірақ, оның іске қосылуын төрт жыл күтуге тура келеді. Ауыз су, ортақ құдықтан газдандыру жоспарлары да тоқтаусыз, жоспарға сай жүргізілуі тиіс.
Осындай-осындай жобалар жоспарлы түрде орындала бермек. Жалпы, соңғы жылдарғы қалада атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың көз алдында. Ал, биыл күзде Ресей мен Қазақстан Президенттерінің қатысуымен өтетін форумға дайындыққа республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Демек, күзге дейін сол қаражатты толық игеріп, құрылыс, абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізуіміз жөн. Көкшетау тағы бір жаңару, жаңғыру алдында тұр. Сөзінің соңында өңір басшысы Е.Маржықпаев қала басшысына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, ісіне сәттілік тіледі.

С.ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий