Көкшетау сыннан өткен батыр қала

Адам тағдыры сияқты, әр қаланың «маңдайына» жазылар тағдыры, көрер құқайы мен шаттығы болады-ау, шамасы. Бір қала іргесі қаланғаннан үнемі өркендеу, гүлдену үстінде болады. Енді бірі небір көлденең қиындықтарға, шапқын мен соққыға кез болып жатады. Тарих қасіретке төтеп бере алмай жер бетінен жойылып кеткен талай шаһарды алға тартады. Енді бір қала не құқайды көрсе де қасқайып қарсы тұрады, тез оңалады, шұғыл еңсе тіктейді. Алға үміт артып, болашаққа сеніммен қол созады. 

Көкшетау ше?.. Бұқпа таудың ығынан орын тепкен шағын қаланың мақтан етіп, марқайтар тұсы көп. Қазығы қағылып, тіркеуге алынған жылы жақын болғанмен, бұл маң оған дейін де иесіз емес еді. Ардақты Абылай хан ат
суарып, жайлау қылған Қылшақтының бойы… Аруақтары қолдасын дейік, дәл сіздің үйіңіз тұрған жерге ханның өзінің ақ киіздің үстінде малдасын құрып отырып, шөлін басып сары қымыз ішпегеніне кім кепіл?! Немесе, ханға қонақ боп келген батыр-сұлтанға тігілген киіз үйдің бірі тұрды ма, бір уақ… Оның төрінде небір қазақтың сұңғыла-ғұламалары, қасиет дарыған кемеңгерлері, би-шешендері отырған шығар кемел-кемел ой толғап, саңқ-саңқ сөз сөйлеп!.. Бүтін елдің қамын жеген сол саңлақтар осы ауаны жұтып, осы жерді басты ғой. Солардың киесі Көкшетауға дарып, солардың арман-аңсар, ой-қиялы көгімізде тұнып тұрған шығар-ақ. Солай ойласақ, әлдилеген әсем шаһарымыздың мейманасы тасып, мерейі үстем бола түспей ме? Ұлы Шоқанның ескерткіші, оның осы қаланың көшесінде жүріп, көрікті ойларын келістіре айтқанын еске салмай ма?
Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналып 2013 жылы Көкшетаудан шыққан энциклопедияның 245-ші бетінде былай жазылған: «Абылай 18 ғасырдың 40-80-ші жылдары осы өзенді өзінің тұрақты қоныс-мекеніне айналдырған. Қылшақты бойы ханға меншікті «хан жайлауы» саналады. Бұл жөнінде Ресей деректерінде көптеген мәліметтер сақталған». Сондай хабарламаның бірінде былай делінген: «Абылай сұлтан Көкше тауын жайлайды. Ол қазір Сібір шебіндегі Петропавл бекінісіне шамамен 250 км жерде Қылшақты өзенінің бойында отыр». Зерттеуші Жарқын Тайшыбайдың пікірінше, Қызылжар қаласына Абылайды келтіре алмаған орыс билеушілері ақыры 1765 жылдың күзінде Петропавлдан 250 километр жердегі Қылшақты өзені бойындағы Жаңақыстау деген орында арнайы жоба бойынша төрт ғимарат салып береді. Бұл кешеннің сызба-жоспары сақталған. Бес бөлмелі, әр бөлмесі 38,2 шаршы метр тұратын тұрғын, 28,4 шарты метр бір бөлмелі кеңсе, осындай аумағы бар қонақүй және монша салынып, сырты орланып, қоршалған. Кешеннің ұзындығы – 75,77 метр, көлденеңі 45,86 метр, яғни 3472,5 шаршы метр жерді алып жатыр. Жобаны жасап, бекіткен және біткен құрылысты мақұлдаған Сібір әскерлерінің жаңа бастығы И.Шпрингер» деген мәлімет бар. Осындай дәл өлшемі, мәлімет-дерегі тиянақты тарихи кешенді қаз-қалпына келтірсе, Көкшетаудың даңқы бұдан да асқақтай түсер еді-ау. Тұма табиғатты сақтау, туризмді дамыту қолға алынып, қомақты қаржылар бөлініп, айдарыңнан жел есер аңқыма жолдар салынып жатқан бүгінгідей заманда ондай құрылыстың бой түзер күні де алыс емес шығар. Хан ордасындағы қайнаған өмір, оның маңайындағы қарбалас, келген
жаушы, түскен елші, шешілген дау, кесілген үкім… Ұлы Дала тарихының талай оқиғасы осыдан бастау алмады ма, алты алашқа осыннан тарамады ма? Осынау жерде бой көтерген шамшырақ шаһар қасиетті бабалардан қалған тұмардай емес пе?!
Көлден соққан ақ самал сергітіп, Қылшақтысы сыңғырлап аққан, сұлулықтың символына айналған бұл қала да үнемі үлде мен бүлдеге бөленіп, жарқырап жайнай берген жоқ. Әрідегі тарихын көне мұрағаттар, тарихшылар мен жазушылар қалдырған мұралардан оқысақ, 1996-97 жылдарғы қыспақтан, құлазыған көңіл-күйден күйремей өткенін көзіміз көрді. Ол оқиға еске түскенде Көкшетауды тек көрікті де сұлу қала ғана емес, батыр қала деп айтқың келеді! Иә, расында да Көкшетау ауыр күнде де ар-бедерінен айырылмаған батыр қала! Тоқсан алтының күзгі суығы түсіп, қыс ызғары сезіле бастаған сол жыл әсте естен кетпес. Жарық өшкен. Жылу беріле қоймады. Үйлерді ылғал құрсап алды. Кәрі-құртаң тұрғындар үй ішінде қабат-қабат киім киіп, аяқтарынан пималарын шешпейтін болды. Төсекке киіммен жатып, бірнеше көрпе жаптыртты. Әлдеқалай қайнатқан ыстық суды бөтелкелерге құйып, құшақтап жатады. Әйтеуір жылынудың қамы. Шуақты күндері қариялар аулаларда қаздай тізіліп отырып, жылынған болады. Газ келуі де тоқталған. Баллон арқалап, сүйрелеген біреу. Қар қылаулап, салқындық әбден құрсағанда жылудан күдер үзген кейбіреулер көпқабатты үйлердің ас үйлеріне темір пеш қойып, тұрбасын желдеткіш әйнек арқылы далаға шығарып, лаждауға көшті. Кейбіреу балконына қазандық қойып, от жағып тамақ пісіруге кірісті. Жұмыссыз адам көп. Сенделген жұрт. Көше-көшені бойлап жайма базарға барын шығарып сатуды қолға алған. Алайда, не ақшалай беріліп жатқан жалақы жоқ, не жұмыс жоқ адамдар ештеңеге қызықпайды. Араққа салынушылар да көбейді. Алды аза да бастады… Коммуналдық төлемінен қашып төрт, үш бөлмелі үйлерін сатуға тырысушылар жетерлік. Баға құлдырап кеткен. Соның өзінде сұраныс жоқ. Бәрі де бір, немесе, екі бөлмелі пәтерде тұрғанды қалайды. Гараж дегендеріңді тегін берсең ешкім алмайды. Қолға түспейтін сирек кітап, іздесең таптырмас құрал-жабдық, қосалқы бөлшек, көздің жауын алар бірегей бұйым, қат дәрі… Көшедегі ең өтімді тауар шамға құятын керосин мен тұздалған балық. Селедка мен нан тамақ пісіруден құтылудың бір жолы. Тонна-тонна, машина-машина балық сатылады.
Ал, жайма базардан кешегі шіренген шенеунікті, бәлсінген бастықты, кірпияз зиялыны, мұғалім мен дәрігерді көресің. Амал не, күн көру керек. Көбі сол кеткеннен саудаға басыбайлы кіріп, кейін кәдімгі кәсіпкер болып та кетті. Бұл тақырыпты одан әрі қаузап, тереңдей берсең, айтар әңгіме көп… Міне, сондай алмағайып кезеңде де, көшеде оны-мұны сатып, керосин шаммен бала оқытып, көпқабатты үйде от жағып тамақ пісіріп, суық үйде бүрсеңдесе де қала жұрты ар-ұяттан аттаған жоқ, қиындыққа төтеп берді. Телевизор көре алмай зеріккен балаларына өзінің оқыған-тоқығанын әңгімеледі, халқының тарихын, еш қиындыққа мойымаған асыл ұлдарын айтты, жиған кітабын оқытты, тәрбиемен айналысты. «Жау жағадан алғанда, дұшпан етектен тартады» демекші, таршылықты жамылып белең алған ұры-қарыға қарсы тұрып, топтаса тиды, тегеурін танытты. Ағалық ақылын, аталы сөзін айтып араша түсті. Телі-тентегіне ие болды. Аяз құрсап, таңертеңнен қараңғы түскенше ақ қар, көк мұздың үстінде тұрып нәпақа тауып, бала-шағасын асырауға ғана әлі жетіп жүрсе жұрт бет-пердесін жоғалтқан жоқ. Бірен-саран бұзақысын басу айтып, саудасын адал жасап, маңдай терімен отбасын асырады. Көп кешікпей Көкшетау облыс орталығы статусына қайта ие болып, еңсе тіктеді. Бүгінгідей гүл жайнаған кейпін көргенде сол бір сұрықсыз уақыттың еске түсетіні бар. Экономикасы бекіп, небір дағдарыстардан сүрінбей өтуге шамасы жетіп, кемелденіп келе жатқан, Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау үстіндегі Қазақстанның, түлеген төл қаламыздың енді ондай құқайды көрмесіне бек сенімдіміз. Сондай сынға төтеп берген Көкшетаудай қаланы қалай сыйламассың, қалай батыр деп мақтан тұтпассың?! Жайнай бер, Көкшетау!..

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс