Көкшетау туралы ән

Қостанайда бірінші орын алды!

Сүйінші хабарды алғашқылардың бірі болып, Қостанайда өткен байқауға қазылық жасаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова қуана жеткізді. Сәуірдің 11-і мен 13-і аралығында Қостанай әкімдігінің қолдауымен жергілікті облыстық мәдениет басқармасы композитор әрі орындаушы, Қазақстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдиннің 65 жасқа толуына орай оның әндерін орындаушылардың «Көктем қыздар» республикалық байқауын ұйымдастырған еді. Сол додада ақын Серік Жетпісқалиевтің «Айнакөл жағасында» атты өлеңіне жазылған сазгердің әні жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Сөйтіп, кербез Көкшетаудың келбетін жырға қосқан жергілікті ақын-жазушының осы туындысы жоғары бағаланды. Біздің жаққа арналған әннің бағы жанып, бәйге алуы – үлкен мәртебе.

1

«Айнакөл жағасында» әнінің туу тарихы бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын Көкшетауға концерт беруге композитор Қалибек Деріпсалдин арнайы келді. Ән сүйер қауым қуана қарсы алған өнерпаз жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, шығармаларын нәшіне келтіре орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Жерлестерімен қауышып, мәз-мейрам болысты. Жергілікті телеарнаның сол кездегі басшысы Жалғасбек Сүлейменов пен ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев үшеуі кербез сұлу Көкшетаудың көз тоймайтын көркіне тамсанып қана қоймай, Бурабайдың баурайына, Айнакөлдің жағасына тыныға барған сәтінде тамылжыған тамыздың бір мамыражай күні болатын. Жағалау тола дем алушылар. Таза ауа, тұнық көл, тербелген толқындар, сыңғырлаған қыз-келіншектердің тәтті үні талант иесін тебірентпей, толғандырмай қоймады. Бурабайдың тұмса табиғаты аясында, құпиясы мен сырын жасырған жақпар тастарының үстінде отырып, қара баянымен ән салған Қалибектің бір сәт көкейіне әдемі әуен қона кетті. Дем алушылар қоршап алып, қошеметін білдіріп жатқаны шабытына шабыт қосты. Айнакөлдің бірін-бірі қуалаған толқындарына жағалаудан құмарта қараған композитордың көңілі алып-нотыұшып, жаны тыным таппай, аласұрды. Бұл бір ерекше құбылыс еді. Нағыз ән осындай көңіл пернелерін дөп басып, туады екен-ау! Иірімдері де елтіп әкетіп барады. Ақын Серік Жетпісқалиев композитордың күйін дөп басты. Әуенді ыңылдай айтып, өлеңнің бір шумағы мен қайырмасының нобайын сол сәтте келтірді. Шығармашыл жандардың бір-бірін ұғынуы керемет туындыны осылайша туғызды. «Айнакөл жағасында» әні бір аптадан кейін әуезді шығарма ретінде қалыптасып, тыңдарманына жол тартты. Алғашқы орындаушысы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Мереке Бекмағанбетов. Әннің бағын әнші ашады. Ал, Қостанайда өткен байқауда оны бәйгеге жетелеген батыстық әншілер болды. Енді осы ән додасы жайлы бірер сөз.
Бүгінде Қостанай қаласында тұратын торғайлық композитор Қалибек Деріпсалдиннің өнер жолында жүргеніне биыл 45 жыл толып отыр. Қостанай мен Торғай туралы жүзден астам әні топтастырылған «Тобыл-Торғай әуендері» атты екінші ән жинағы жарыққа шыққан.
Композитордың «Көктем қыздар» деп аталатын әнін халыққа танытқан Есет Сәдуақасов болатын. Байқаудың солай аталуының сыры да осында. Осы кешке әнші қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ, әнші Сүлеймен Ибрагимов те қадірлі меймандардың қатарынан табылды. Үш күнге жалғасқан ән жарысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр қатысушы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен екі ән орындауға тиіс еді. Оның біреуі Қалибек Деріпсалдиннің әндерін, екіншісі төрт композитордың: Бақытжан Байқадамов, Әбілақат Еспаев, Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекеновтің біреуінің туындысын нақышына келтіре шырқау басты талап болды. Екінші кезең – эстрадалық кезеңнен тұрды. Мұнда тек қана Қалибектің әндері айтылуы шарт еді, яғни бір әнші бас-аяғы 3 әнді орындауға тиіс болды. Соңында барлық кезең бірге бағаланды. Байқауға қатысуға 20 адам өтініш білдірген екен. Олардың қатарында Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Алматы облысының өнерпаздары бар.
Әділ қазылар құрамы да осал болған жоқ. Арнайы Алматыдан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Бейбіт Дәлденбай мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, одақ мүшесі, Астана мемлекеттік өнер университетінің профессоры, аталмыш байқаудың төрағасы Ермұрат Үсенов шақырылды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Ақмола облыстық филармониясының әншісі, қазақтың бұлбұл қызы Ғазиза Жұмекенова және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Назымбек Молдахметов те төрелік етті.
Байқау барысында әр әнші композитордың шығармаларын нәшіне келтіре орындауға тырысты. Нәтижесінде екінші орын ақтөбелік Нұртас Омаров, қостанайлық Қанат Ражановтың, үшінші орын ақмолалық Алмат Әбілғазин, қостанайлық Гүлбақыт Жаңбырбаева мен Азамат Мұқатовтың қанжығасына байланды. Бас жүлдені Қалибек Деріпсалдиннің «Сарыадыр» әнін әуелеткен жамбылдық Жанатбек Қадыров иеленді. Әсіресе, әуезді де сырлы «Айнакөл жағасында» әні көпшіліктің көңілін толқытып, жүрегін тебірентті. Қазылар алқасы да осы шығарманы екі дауыста орындаған оралдық әншілер ерлі-зайыпты Дәрия Бақытова мен Дастан Есентеміровтің жарасымды жұп ретінде ғана емес, олардың дыбыс үндестігіне, үйлесіміне ерекше баға берді. Қорытындысында, Көкшетауға арналған ән биіктен көрініп, бірінші жүлделі орынды және 150 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Мұндай әуезді әннің бағаланбай қалуы мүмкін емес еді. Ол сахнада дайындық барысында айтылған сәтте-ақ көпшіліктің жүрегіне жеткен. Хош, сонымен көрікті Көкшенің, көркем Бурабайының жартастарының жағасында тербеліп жатқан айнадай жарқыраған Айнакөлге арналған ән бәйгеден озды. Биіктей бер, көркем туынды! Сіздерге де құтты болсын, көкшетаулықтар!

P.S. Қостанайда өткен байқауға қазылық жасаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова көкшетаулық композиторлардың да әндерінен республикалық деңгейде байқаулар ұйымдастыруға болатынын айтты. Бұл ұсынысты біз де жылы қабылдадық. Жергілікті композиторлар Кәрім Ілиясов, Маман Ементаев, Құрмет Сақайдың, тағы басқалардың туындыларынан байқау өткізілсе, қандай ғанибет! Халқымыз да, әншілер де бір серпіліп қалар еді. Әрі мұндай іс-шаралардың тағылымдық тұстары мол. Мәдениеттің тұтқасын ұстап отырған жандардың құлағына алтын сырға…

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий