Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы

Көкшетаудағы Болашақ сарайында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты
Райымқұлованың қатысуымен «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің ашылуы өтті.

Құттықтау сөзінде Министр қуанышты жаңалығымен бөлісіп, фестивальдің ұйымдастыру комитетінің шешімімен Көкшетау тұңғыш рет «Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы» деп жарияланғанын атап өтіп, арнайы мәртебені Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевке салтанатты түрде табыс етті. «Бұл өз кезегінде мәдени астана мәртебесі берілген өңірдің мәдениет және өнер саласындағы қол жеткізген жетістіктері мен озық тәжірибесін іс жүзінде өзге өңірлермен бөлісуге мүмкіндік береді. «Рухани қазына» фестивалі, бұл – өнер мен мәдениет мерекесі. Сіз бен бізге ортақ қуаныш. Осыған дейін әр өңірде басталған байқау бірнеше кезеңнен өтіп, қорытынды межеге жақындады. Ең басты мақсат – үздік қызметкерлер мен ұйымдарды анықтап қою ғана емес, олардың өзара тәжірибе алмасып, жаңа сапаға көтерілу үшін бірлесе қызмет етуіне мүмкіндік сыйлау. Олай болса, фестиваль өз мақсатын орындап, бәріміз үшін нәтижелі болады деген сенім білдіремін! Қызметтеріңізге жеміс пен шығармашылық табыс тілеймін!» – деді Ақтоты Райымқұлова.
Министрлік пен Ақмола облысы әкімдігі арасында аталмыш жылды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Осы маңызды оқиға аясында біздің облыс орталығында жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен көптеген жарқын іс-шаралар мен шеберлік сыныптары өтеді. Облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев Ақтоты Райымқұловаға жоғары сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Ақмола облысы үшін осындай беделді мәртебеге ие болу – абырой және жауапты миссия екенін атап өтті. Фестиваль аясында Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты сал-серілердің туындылары насихатталып, Көкше жерінен шыққан өнерпаздардың өнері паш етілмек.
Бұл күні бірқатар мәдениет қызметкерлеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, министрліктің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаттары» табыс етілді. Ауқымды мәдени шара облыстың шығармашылық ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий