«КӨКШЕТАУ МЕНІҢ СҮЙІКТІ ҚАЛАМ!»

           Көкшетаудың көшесінде келе жатып, үлкен әріптермен жазылған осындай ұран сөзді көзіңіз шалған болар. Жағалай жапсырылған, керілген кермелерге терілген, құлаш-құлаш тақтайларға таңбаланған әр тілдегі, жағаласқан жарнамалар арасынан дәл осы сөз көзге оттай басылатыны рас. Әлгі қажетті-қажетсіз көп айқай, асыра мақтау, даурығудың ішіндегі ең ыстығы, мазмұндысы осы сөз сияқты көрінеді. Өйткені, Көкшетау тек оның көшесін күнде басып жүрген тұрғындарының ғана сыйлы шаһары емес. Сайын даланы мекен еткен барша қазақтың көңілде жүрген сарытап сағынышы, санасында  жүрген самала арманы, «Шіркін, бір көрсем-ау!» деген қимас аңсары. Аптап ыстықтың астында, құм боранның өтінде тер төгіп, мұнай өндіріп, тұз қазып немесе күріш, мақта өсіріп, Отанға қажет өнім өндіріп жатқан сан ұрпақтың ішінде, әй, қайдам Көкшетауды армандамағандары жоқ шығар-ау?!.. Екінің бірінің сапарлап, немесе арнайы жолдама алып, курортқа келуге жағдайы соға бермейді. Тіршілік қайда да тіршілік. Малы бар, жаны бар, күнделікті күйбеңмен жүргенде бір айлық еңбек демалысы өтеді де кетеді. Көкшені көру тағы бір жылға кейінге қалады. Тағы малға шөп дайындау, қысқы отынның қамы, бала үйлендіру, қыз ұзату қызықтары… Сөйтіп жүріп алыс өңірдегі  бір туғаныңыңыз, Сәкен жырлаған сұлу Көкшеге жете алмаған қалпы кәрілікпен қауышады. Бірақ, көзіне ащы тер құйылып, ындыны кеуіп келе жатқан пендеңіз жұмыр жердің бетінде қазақтың бағына бұйырған Көкшетауы бар екенін біледі. Соны арқа тұтады, мақтан етеді. Өзінің Көкшетауына қолы қалт еткенде бір барармын деген сезім мен сенім алға сүйрейді, жігерлендіреді. Бойына қуат бітіп, көңіліне күй толып, Сәкеннің әніне салады ол:

…Көкшетау сексен көлдің саясында,

Әрқайсы алтын кесе аясында.

Ауасы дертке дауа жұпар иісін

Көкірек қанша жұтсаң тоясын ба?!

Көз алдына көк мұнар жамылған, ақ жауыны себелеген, айна көлдерінің ақ толқындары, етегін ерке көлі  шайған Көкшетау қаласы келеді. Біз тұрып, тірлік кешіп келе жатқан Көкшетау осындай талай жұрттың арманына айналған қала! Құрмет тұтуға, сүюге лайық, сырбаз қала! Ал, біз ше? Сол басымызға қонған бақты біле алып, қадірлей алып жүрміз бе? Көкшетау – көлемі  420 шаршы шақырым, 150 мыңнан астам халқы бар шағын қала. «Еліміздегі көл жағалай орналасқан бірден бір қала» деген ерекшелігі тағы бар. Қаланы қақ жарып, сылдырап аққан Қылшақты да қызығы таусылмас өзен. Көп жұрт қырып тастамаса да қармақ салып, шабақ аулап,үлкендер тұмшалаған ауыр ойдан айығып, балалар күміс қанат шағаларға жем лақтырып, мәз-мәйрам болысады.  Іргесіндегі Бұқпа тауы әрі көрік, әрі ық. Тұрғындардың тауға өрмелеп, шаңғы теуіп, серуен құруына қолайлы. Қора-қопсысыз, мал ұстап, шөп шауып, көң тасымайтын, қимыл-қозғалысы аз қалалықтардың бой жазып, ой сергітуіне таптырмайтын орын. «Ауасы дертке дауа», шуы аз, көшелерінде көлік кептелісі жоқ, демалыс орындары іргеден басталатын курортты қаладан ірі қалаға бара қалсаңыз басыңыз айналып, миыңыз зеңитіні бар. Көкшетаудың көп тұрғыны басқа шаһарға бара қалса, қайтып өз қаласымен қауышқанша асығады.

Қаланы сүю, қалаға ғашық болудың тамаша көріністері жетіп артылады. Мысалы, алматылықтар Алматыны қалай қадірлейді?! Ол үшін сол қалада туып, өсу де міндет емес. Алматы туралы әсем әндердің авторларына көз жүгіртсеңіз оны анық байқайсыз. Арқа төсінен көкке қанат қаққан аққудай боп бой көтерген Астананы оның тұрғындары қалай дәріптейді?! Түркістандықтар киелі Түркістанын қалай қастерлейді?! Бізде көгілдір Көкшетаудың қадір-қасиетін жастар санасына сіңіру жайы кемшін, олқы көрінеді де тұрады. Ол үшін осы тақырыптағы мәдени-көпшілік шаралар жиірек, мазмұндырақ өткізіліп тұрса, Көкшетауды жырлаған ақындар мүшәйралары, әндер додалары жиі өтсе нұр үстіне нұр болар еді. Қаланың тарихи орындары, ерекше ғимараттары, нысандары көбірек айтылса, талантты тұлғалары туралы көбірек айтылса. Қысқасы, бұл бағытқа ізденсе, талай ізгі шаралар өткізуге болар-дағы.

Жылы ұямыз, көрікті мекеніміздің торқалы тойы бір күндік абыр-сабырмен өте шықпай, кеңінен көсіліп, тереңнен толғанып, салихалы өтсе деген тілегімізді ортаға салдық.  Қала тойына, қала көркіне әрқайсымыз шама-шарқымызша үлес қосуға тиістіміз. Мүмкін керемет ойыңыз, алғыр идеяңыз, қиялыңызда жүрген таптырмас талабыңыз бар шығар? Оның үстіне, өткен жылдардан бастап қалада үлкен құрылыстар қолға алынды. Көл жағалай көркем мөлтек аудандар, ақ желкендері күнмен шағылысып, көлдің толқынын тіліп, көздің жауын алар яхта клубтары ашылмақ. Көлге көз салып, мәшинемен жағалаумен жүйткіп өтер жайлы жол салынбақ. Сөз, жағалай жабыстырылған, көлденең керілген, жағаласқан жарнамалардың арасынан оқта-текте көзге шалынып қалар «Көкшетау менің сүйікті қалам!» атты тақтадан шықты-ау. Оқисың да елең етесің, жан-дүниеңді әлдебір жылы толқын жайлап өтеді. Осындай көркем қалада тұрып жатқаныңа қуанып, тебіренесің. Тоқтай қалып, бір сәт ойланшы. Көкшетау сенің сүйікті қалаң! Көкшетау менің сүйікті қалам!..

                                                                             Серік  CАПАРҰЛЫ

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс