Көкшетау қаласы – «Ақмола жұлдыздарының» Гран-при жүлдегері!

Биылғы байқауда да көрікті шаһардың өнерпаздары жеңісті қолдан бермеді. Таланттарға тұнып тұрған Көкшетау жыл са-йын өнерлі жастарды жарқыратып шығарып жатыр. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығы да алтын көмбені қазғандай оларды аршып алып, көпшілікке таныстырудан еш жалыққан емес. Биылғы «Ақмола жұлдыздары» байқауы өзгеше форматта өтсе де, дарындарын додаға қорықпай салатындар ұтты. Хош, сонымен түрлі аталымдар бойынша оқ бойы оза шапқан көкшетаулық өнерпаздарға Гран-при жүлдесі – «Нива» автокөлігі бұйырды. Оның кілтін өңір басшысының қолынан алған қала әкімі Ермек Маржықпаев пен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитоваға қошемет білдірмеген жұртшылық жоқ. Бұл күні автокөліктердің кілттері Целиноград пен Бурабай аудандарына да бұйырды. Арнайы сыйлықтар Аршалы мен Астрахан аудандарына табыс етілді. Жеңіс құтты болсын!

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірдің әр ауданы, қаласынан келген өнерпаздарды сәтті өнер көрсетуімен құттықтады. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған байқауға биыл 224 селолық округтен 25 мыңға жуық адам қатысты. 8 фестиваль аясында өзінің өнерін ортаға салған жандар вокал, хореография, дәстүрлі әндер, қолданбалы өнер, цирк жанры, халықтық әдет-ғұрып пен дәстүр, аспаптар жанры  аталымдары бойынша өзара сынға түсті. Олардың сахналық костюмдеріне 540 миллион теңге бөлінді. Өнерпаздарға қолдау білдірген бизнес құрылымдарға демеушілік көрсеткені үшін алғыс айтылды. Жақында ғана Астана қаласында мәдениет саласы қызметкерлерінің 1-ші форумы өткен болатын. Жиында біздің өңірде өткен жылы 15 модельдік кітапхананың ашылғаны тілге тиек етілді. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ақпараттық-мәдени порталы жұмыс істеп тұр. Ал, Атбасардағы Ілияс Есенберлин музейі республика бойынша «Аудандық деңгейдегі үздік музей» аталымына ие болды. Облыс әкімі «Рухани жаңғыру» мәдениет сарайының құрылысы келесі жылы қолға алынатынын айтып, көпшілікті қуантты.

«Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концертіне құрметті мейман ретінде өнердің биігін бағындырған жерлестеріміз арнайы шақырылды. Олардың қатарында Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген Салтанат Ахметова, әлем мойындаған дирижер Руслан Баймурзин бар. Жүлделі орынға ие болғандар бұл күні осы өнер майталмандарының қолынан өз марапаттарын алды. Айта кету керек, халыққа ұсынылған номерлердің бірінен-бірі өтеді. Тыңдағанның құлақ құрышын қандырар керемет дауыстар әдемі әуендерді нақышына келтіре орындады. Эстрадалық жанр болсын, дәстүрлі ән болсын таңдай қақтырар таланттар көпшілікті тәнті етті. Дарындар халықтан шығатыны белгілі ғой. Шынында да ауданнан келген өнерпаздар республикалық деңгейде өнер көрсетті. Жиналған көпшіліктің оларға қошеметі бір толастамады. Біріккен топтар, бірлескен бишілер, жинақталған жыршылар, үндескен аспаптар бәрі-бәрі қорытынды концертті ұйымдастырушылардың мерейін үстем етті. Бір мүдіру, кідіру, жаңылу болған жоқ. Бәрі бір деммен, асқан ұйымшылдықпен өтті. Вокалды-хор жанры бойынша Целиноград пен Жақсы аудандары, эстрадалық-вокалды жанр жағынан Зеренді, Сандықтау аудандары мен Степногорск қаласы жеңімпаз деп танылды. Аспаптар жанры бойынша Көкшетау қаласы мен Ақкөл аудандарының оркестрлері мен ансамбльдеріне тең келетін ұжым болмады. Халық әндерін орындаудан Аршалы мен Шортанды аудандары, дәстүр мен ғұрыпты насихаттауда Қорғалжын, Ерейментау мен Біржан сал аудандары озық шықты. Атбасар, Бурабай аудандарының би ұжымдары мен Бұланды және Есіл аудандарының цирк өнепаздары жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданының қолданбалы және сурет өнерінің шеберлері алдына жан салмады. Олар түрлі салада еңбек ететін жандар екенін де айта кету керек. Осындай таланттарды көзімен көріп, көңіліне қуаныш ұялаған жерлесіміз Қапаш Құлышева дарындар тұнып тұрған өлкенің тамашаларын алдағы уақытта да аша беру керек деген тілегін жеткізді. Жас болса да бас болып, «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп жүрген Салтанат Ахметова мен Руслан Баймурзиндер кезінде осы кішкентай ғана Көкшетаудың сахнасынан түлеп ұшқандарын сағынышпен толқи жеткізді. Бұл күні ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына бір топ мәдениет саласының қызметкерлері ие болды. Облыстың әр түкпірінен келген өнерпаздардың басын бір сахнада қосқан шараны шынында да өнер тойы деуге болады. Әнсүйер қауым мұндай мазмұнды кешті көпке дейін есте сақтайтыны күмәнсіз. Ал, өнерлі жандар демін бір алып, алдағы мерекелік шараларға дайындығын бастайды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий