Көкшетау – қарқынды құрылыс алаңы

Облыс орталығы Көкшетауда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, құрылыс саласы жыл өткен сайын қарыштап даму үстiнде. Бүгінде шаһардың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамыту мен жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала құрылыс алаңына айналды. Аймақтағы 15 құрылыс компаниясының қатысуымен қалада тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүруде. Мемлекеттiк бағдарламалар аясында балабақшалар көптеп салынып, «Сарыарқа» жаңа мөлтек ауданында тұрғын үйлер саны артпақ. Бүгiнгiдей кәсiби мерекеге құрылысшылар толағай табыстармен келiп отыр.
Бүгінде Көкшетауда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселене түскен. Бұл жыл сайын қала экономикасының өсе түскендігін аңғартса керек. Соңғы үш жыл ішінде қаламызда жаңадан 70-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтеріп, 3 мыңнан астам адам жаңа пәтерге қол жеткізген.
строительство в кокшетау 2«7-20-25» бағдар-ламасы болашақта әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етуді көздеген. Бұл қалада бұрынғыдан да тұрғын үй құрылысын өрістете түсуге жаңа серпін береді. Қолжетімді баспана қашанда әрбір отбасының арманы, тұрмыстық қажеттілігі екені белгілі. Сондықтан бұл бағытта Көкшетау қаласында тұрғын үй бағдарламасын жетілдіріп, арттыра түсуде қажетті іс-шаралар жасалуда.
Өткен жыл көкшеліктер үшін есте қаларлықтай болды. Жаңа «Сарыарқа» шағын ауданында бұл күнде бюджет қаражаты есебінен 35 көппәтерлі үйлер бой көтеріп, жаңа құрылыс алаңдарының жұмыстары жандана түсті. Бұл жергілікті халық үшін зор қуаныш. Халыққа қызмет көрсетуді жақсарту мәселесі алғашқы кезекте тұрған міндеттердің бірі. Білім беру саласы бойынша былтыр 900 орындық жаңа ІТ мектеп пайдалануға берілді. Боровской шағын ауданында 280 орындық балабақша құрылысы жүргізілді. Биыл қала орталығында «Зерек» балабақшасы ашылады деп күтілуде.
Ел қуанышына айналған ғажайып кешендер мен көкпен таласқан көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығымен, жаздың аптап ыстығында тер төгіп жатқан құрыш қолды құрылысшылардың сіңірген еңбектері ерен. Олар білікті, іскер де қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай өз үлестерін қосуда.
«Алуа» құрылыс компаниясының аймақ экономикасын дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар. Осы жылдар ішінде компания көк тіреген көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салып, халық игілігіне берді. Соңғы жылдар ішінде компания «Алуа», «Самрұқ», «Қазақстан», «Інжу», «Фортуна» сияқты тұрғын үй кешендерін салып, халық игілігіне пайдалануға беруде. Нарықтың бүгiнгi сұранысын ескерiп салынып жатқан кешендерге қарап, бизнес класындағы тұрғын үйлерге де сұраныстың бары халықтың тұрмыс деңгейiнiң өсiп жатқандығына дәлел болатындай. – Үй салу, оны жайлы, жылы, көркем ету, адамға қуаныш әкелу рахат қана емес, бақыт та сыйлайды. Осы жылдар ішінде салынған құрылыс нысандарының барлығын жіпке тізе беру мүмкін емес. Бірақ сол құрылыстар көзіңе жылы ұшырап, шамшырақтай көрінеді», – дейді «Алуа» құрылыс компаниясының директоры Ерлік Өмірғалиев.
«К.Г.С Сауда», «Эстет строй» компаниялары да облыс экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуда. Өңіріміздегі ауыз толтырып айтарлық нысандардың бәрінде құрылысшылардың маңдай тері, қолтаңбасы бар. Бұл кәсіпті қажыр-қайраты мол, шыдамы берік, қиялы ұшқыр адамдар ғана сүйікті ісіне айналдыра алады, дейді аталмыш салада 44 жыл қажырлы еңбек еткен құрылысшы Ерден Шаймұратов. – Жас кезімнен үлкен ғимараттарды салатын құрылысшы болуды армандайтынмын. Сол арман мені көп оқуға, көп іздене білу керектігіне үйретті. Қарапайым шебер болып бастап, тәжірибе мен біліктілігімді арттыра жүріп, бесаспап маманға айналдым. 44 жылымды осы салаға арнадым. Жұмысымыз қиын да қы-зық. Кеңес кезеңіндегідей емес, көп дүние өзгерді. Қаламыздың бұрынғы келбеті мен бүгінгісін тіптен салыстыруға келмейді. Біз салған үйлердегі отбасы шаттығын көргенде, сәби дауысын естігенде кеудемізді қуаныш кернейді. Еңбегіміздің, төккен теріміздің ақталған тұсы да осы шығар, – дейді құрылысшы.
Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған «Регион Строй» ЖШС «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Көкшетаудағы Боровской, Сарыарқа мөлтек аудандарында көппәтерлік тұрғын үйлер тұрғызуда. Бүгінде комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Зауытта Ұлыбритания, Италия, Испания, Ресей, Украина елдерінің құрал-жабдықтары орнатылған. Ашылғанына үш жыл болған кәсіпорын бүгінде толық қуатына шығып, өнім көлемін еселеуге әзір. Темірбетон бұйымдарын шығаратын комбинат еліміздің басқа өңірлерімен де жұмыс істеуде. «Алғашқы уақытта құрылыс материалдарының 3 түрін ғана шығардық. Бүгінде шығарылатын өнім түрлерін көбейтудеміз. Комбинат толық қуаттылығына көшкеннен бастап баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығаруды қолға алды. Құрылыс комбинатының өнімдері облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысына пайдаланылуда», – дейді серіктестік директоры Александр Дворцевой.
Кәсіпорын басшысы тұрғын үй құрылысында жергілікті бетон бұйымдарды пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтады. Жаңа технологиялар тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасын 120-150 мың теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік береді, әрі үйді екі есеге жылдам тұрғызуға болады. Құрылыс комбинаты тұрғын үйлерді жылдам тұрғызатындығымен ерекшеленеді. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Өйткені олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс. «Біздің панельді үйлер сапасы жағынан өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған үйлермен салыстырғанда өзгеше. Қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді. Анығын айтқанда, қабырға панельдері кесек-кірпіш секілді мүжіліп, бұзылып жатпайды. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен қиыршық тасты пайдаланып отыр», – дейді А.Дворцевой.
Облыс орталығында жасалып жатқан ел игілігі жолындағы тірліктерге көрген адамның көңілі марқая түсері анық. Бұл баянды өмір жолында атқарылып жатқан шынайы тірліктің көрінісі болса керек. Иә, шындығында құрылысшылар еңбегі бүгінде өңірімізге жаңа серпін бергендей. Халық игілігіне қаланған кірпіштер берік болсын деп тілейміз.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий