Көкше аспанын ән кернеген күн

«Көкшетау» мәдениет сарайында әнші, композитор, халық ақыны, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұса Асайыновтың 90 жылдығына арналған еске алу кеші болып өтті. Кешті белгілі әнші, өнер зерттеушісі, кинодраматург Ерлан Төлеутай жүргізді. Салтанаттың көптеген халықаралық байқау, фестивальдардың лауреаты «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің орындауындағы бимен басталуы жерлестерінің Мұсадай ерек өнерлі өнерпазының рухына құрметі мен тағзымы, ұсынған гүліндей көрінді.

KTS_2783Қазақ өнеріне, әні мен жырына өшпес із қалдырған талант, әйгілі Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайынов кешін танымал өнер зерттеушісінің жүргізуі шара мазмұнын тереңдетіп, ауқымын кеңейтіп, өресін асқақтата түсті. Сонау, 1972 жылы Жамбылдың 125 жылдығына арналған республикалық айтысқа барып, айшықты сөз, ашық дауысымен дүйім жұртты таңғалдырып, айды аспанға шығарып бас бәйгені жеңіп алған айбынды өнерпаз Мұса Асайынов туралы талай-талай қызықты деректер келтірді.
– Қазақтың бедерлі, классикалық үлгідегі ғажайып әндерінің алтын бастауында Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ тұр. Олардың керемет әндері бізге шәкірттері арқылы жетті. Кейін көп дүниені Молдахмет Тырбиев насихаттаса, ол одан әрі жалғастыруды осы Мұса Асайыновқа аманат еткен. Мұса әспеттеп бізге жеткізді,– деді Е.Төлеутай: – Сондықтан, біз бүгінгі концертті Біржан, Ақан, Үкілі, Балуан әндерінен және Мұса Асайыновтың бізге жеткізген әндерінен, оның өз әндерінен құрдық. Ол 1964 жылы Ұлттық Ғылым Академиясына 25 ән жазып қалдырған екен. Солардың 15-і бізге белгілі болып отыр.
Кеште Мұсаның жас кезінде әсем дауысымен орындаған Сәкеннің әйгілі «Көкшетауы» тыңдалды, экраннан домбыра шерткен бейнесі тамашаланды. Көкше жұрты кешегі көк тілген көктұйғынымен қайта қауышқандай болды. Іле кеш қонағы Әміре Қашаубаев, Мәди Бәпиұлы, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық байқаулардың лауреаты Ержан Базарбеков «Көкшетауды», Үкілінің атақты «Аңшының әнін» нақышына келтіріп шырқап берді.
Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан өнерпаз Иран сал Тасқара да сахна төріне құрметпен шақырылды. Ол Кәкімбек Салықовтың «Ыбырайдың соңғы әні» атты өлеңіне шығарған өз әнін орындап берді.
Өнертанушы Ерлан Төлеутай асқақ та ардақты сал-серілер дәурен сүрген ән өлкесіне өзімен бірге қазақтың не бір дүлдүл әншілерін ерте келіпті. Негізінен атақты Қайрат Байбосыновтың мектебінен шыққан шәкірттері екендігі дауыс өрнектері, иірімдерінен байқалып тұрды. Бірақ, әрқайсысы өзінше дамыған, әндерінің өз қырлары, өз сұлулықтары бар. Олардың келуінің тағы бір себебі репертуарларында зерттеушілер тапқан, ешкім айтып жүрмеген сирек әндер бар екен. Кейбірі бүгін бірінші рет орындалды. Көрермен Үкілінің «Жалғызтау», «Кідігай», «Елді сағынғанда» деген әндерді «Жігер» фестивалінің, Әміре атындағы республикалық әншілер байқауының лауреаты Жоламан Құжимановтың, Нүркейдің әні «Нүркей», Үкілінің «Жиырма бес»,
«Желдірмесін» Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның профессоры Рамазан Стамғазиевтың, Үкілі қалдырған «Сұлу Көкше», «Қалдырғанның» екінші түрін Көкшенің ерке қызы, күміс көмей әнші, ҚР Халық әртісі Қапаш Құлышеваның, «Гәккудің» төртінші түрін, Балуанның «Дауыс ашарын» Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі, Әміре атындағы байқаудың лауреаты Ғалым Мұхамединнің,
Арыстанның әні «Арыстанды» «Шабыт», Әміре және Жүсіпбек Елебеков, Тайжан Қалмағамбетов атындағы республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақ Ұлттық «Өнер» университетінің ұстазы Сырым Мұхамеджановтың, Үкілінің «Харарауын» ҚР еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Ұлту Қабаеваның орындауында тыңдады. Мұсаның Кәкімбек Салықов сөзіне жазылған «Тіршілік» атты әнін, «Гәккудің» екінші түрін Әміре атындағы әншілер байқауының лауреаты, «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі Тельман Құжиманов, Үкілінің «Сүйгенім кете барды қасыма еріп», Біржанның «Жалғыз аршасын» Мәди, Жүсіпбек байқауларының лауреаты, Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінің әншісі Құрмаш Ыбышев, «Гәккудің» опералық нұсқасын «Шабыт» өнер академиясының төртінші курс студенті Рысты Рахымжан , Үкілінің «Желдірмесі» мен «Дүниесін» Жүсіпбек атындағы байқаудың лауреаты, Целиноград ауданының «Ақмол» мәдениет үйінің әншісі Ерлан Құжимановтар шырқады. Бүгінгі таңда «Көкше» әнінің көркін келтіріп жүрген әнші Қажыбай Жахин Мұса Асайыновтың Ахмет Жұбановқа арнаған әнін, Ақан серінің «Балқадишасын» тамылжытты. Жүргізушінің өзі де Үкілі «Қалдырғанының» бірінші түрі мен Құлтуманың «Қыпшақ Ыбырайын» құтыртты. Мұсаның ұлы Еркін Асайыновтың өзі шығарған әнін орындауы көрерменді дүр сілкінтті.
Ерлан Төлеутай Біржан салдан бұрын өмір сүрген Арыстанның әні авторының дұрыс айтылмай келгендігі, Үкілінің «Қараторғайының» «Шолпанның әні» делініп, «Аңшының әнінің» басқа бір әншілерге телініп жүруі себептері, бүгін бірінші рет орындалып жатқан кейбір әндердің туу тарихы, себептері туралы қызықты әңгіме өрбітті. Мысалы, Үкілі «Гәккуінің» 90 түрі бар десек, қазір табылғаны 7-еуі ғана. «Үкілі Ыбырай «Гәккуін» ширықтырып, әбден жетілдіріп, шырқай биікке көтергені сондай, отырған ортасына, өзінің көңіл-күйіне байланысты әр кез әртүрлі құбылтып орындап отырған. Біз бүгін сал-серілердің бұрын айтылмаған немесе сирек орындалатын әндерінің бірқатарын айттық, естідік. Енді олардың туған жерлерінде бұл әндер жаңғырып, айтылып, насихатталып жүруі керек» деді жүргізуші. Оның бұл пікірінің артында үлкен салмақ бары белгілі. Осы жерде туған әндер осы жерде қайта түлеуге тиіс-ақ. Демек, қара домбыраларын қолға алып, ән өнеріне құлаш ұрған жастар бұл әндерді үйреніп, репертуарларына енгізіп, жиірек айтып, таратқаны жөн.
Концертте ән салған өнерпаздардың ішінде «осы қалайы» болған жоқ. Бәрі де ән қасиетін ұғынған, биік өнерді қадір тұтқан өнерпаздар екен. Суырылып шығып олар салған сұлу әндер Көкше аспанын кернеп тұрғандай болды. Ән сыйлар сахи көңіл-күй, салқар салтанат, шалқар шамырқану көрерменді кешегі сал-серілер дәуренін қапысыз еске түсіргендей болды. Қазақтың осынау құдіретті өнері өлмегей, жалғасын тауып, жалындай түскей, десті көпшілік.
Көрермен қауымды, Мұса Асайыновтың ұрпақтарын Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов құттықтап, сөз сөйледі.
Әнші-композитордың қызы Фатима осы кешке келушілерге, оны ұйымдастырушыларға отбасының атынан зор алғыс айтты.
Бұл шараға дейін М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана ақпараттық-библиографиялық бөлімі жанынан құрылған «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығында Фатима Асайыновамен кездесу болып өткен-ді. Онда Фатима Мұсақызы жиынға қатысқан жұртшылыққа әкесінің өмір жолы, шығармашылығы туралы әңгімелеп, Мұса өнерін қадірлеп, қыры мен сырына тереңірек қаныққылары келген ақын-сазгер Иран сал Тасқара, А.Мырзахметов атындағы университеттің профессоры, өлкетанушы Мұсатай Ғалым қойған сұрақтарға жауап берген еді. Кітапхананың бөлім меңгерушісі Махаббат Ивахина мен директордың орынбасары Галина Савенкова қонаққа Мұса ақын жөніндегі мәліметтер жинақталған электрондық басылым мен гүл шоқтарын табыстаған болатын. Жерлестері атқарған осындай жұмыстарға ол ерекше толғаныспен ризашылығын жеткізді.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий