Көкше көркейе береді

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс бабымен Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, көшелердегі жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды. Сапар кезінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Өңір басшысы алдымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мейірім» педагогикалық-психологиялық түзету орталығында болды. Орталықта 65 бала тәрбиеленуде. Оларға тегін, сапалы, кешенді қызмет көрсетіледі. Өткен жылы күрделі жұмыстары жүргізілген әлеуметтік мекемеде педагог-психолог, дефектолог, логопед мамандары жұмыс істейді. Балалар үшін пандус, ойылған есіктер орнатылған. «Монтессори кабинеті» заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Ата-аналар қауымымен кездескен облыс әкімі Мәлік Мырзалин мұндай кабинеттерді алдағы уақытта барлық аудан орталықтарында ашу қажеттігін атап өтті. Облыс басшысы Әуелбеков көшесі бойындағы жарықтандыру жұмыстарының барысымен танысты. Осы жұмысты атқарып жатқан «Азия сервис комплект» серіктестігінің директоры Дәурен Шәрімов бұл жұмыстың шілде айының ортасында аяқталатынын мәлімдеді. Жоба құны 32 миллион 256 мың теңгені құрап отыр. Қаладағы Вавилов және Наурызбай батыр көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жоба екі жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта суағарлар, жиектастар орнату, инженерлік желілер мен жаяу жүргіншілер жолы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 30 пайызы орындалған. Жоспар бойынша бағдаршам, аялдамалар орнатылып, көлік тұрақтары салынып, гүлзарлар жасалып, көше толығымен жарықтандырылады. Қалалық билік демалыс орындарының таза да, әдемі қалпының сақталуы үшін жұмыстар жүргізуде, бірақ әлі де атқарылатыны өте көп. Аулалар мен көшелерді абаттандыруға қатысты жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Облыс әкімі абаттандыру, көгалдандыру және ішкі әрлеу жұмыстарына қатысты өз ойын айтып, кемшін тұстарды тез арада қалпына келтіруге нақты тапсырмалар берді. Өңір басшысы Ақан сері көшесінің №168 және Тәшенов-Пушкин аттарындағы көшелердің үй аулаларының жөнделу және көркейтілу жұмыстарымен де таныс-ты. Осы орайда, мердігер компания басшыларына ширақ қимылдауды тапсырды. Жұмыстың сапалы, мерзімінен кешіктірілмей орындалуын ескертті. Бұдан әрі облыс әкімі  Ғабдуллин көшесінің жолдары мен Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстарымен танысып, Әуезов-Горький көшелерінің қиылыстарын қалпына келтіру жұмыстарына назар аударды. Бүгінгі таңда Горький көшесі бойында көлік кептелісі жиі орын алып отырған жайы бар. Сол себепті, Әуезов-Горький көшелерінің қиылысында жол айырығын салу арқылы бұл мәселені оңтайлы шешуге болады. Сондай-ақ, облыс әкімі жеңілатлетика манежін, Горький атындағы көшенің «Тігін фабрикасы» аялдамасындағы павильонды, «Бейбітшілік» көшесінің жөнделу жайына да көңіл бөлді. Сапар соңында облыс әкімі «Көкшетау қалалық сүт зауыты» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий