Көлік қызметкерлеріне құрмет

Тамыз айының алғашқы жексенбісі көлік қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыған орай, «Достар» мәдениет сарайында салтанатты жиын өтіп, облыстағы жолаушылар көлігі мен тасымалы саласында көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп, дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бір топ азамат Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мереке иелерін Ақмола облысы әкімінің атынан аймақ басшысының орынбасары Қанат Ыдырысов құттықтап, өңірдегі көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлеуетіне тоқталды. «Алға қойылған жаңа міндет – өңірлік және қалалық инфрақұрылымды дамыту болып отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін Үкімет «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдайтын болады. «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автожол жөнделеді. Жергілікті маңызы бар 30 мың шақырым автожолға жөндеудің барлық түрлері жүргізілетін болады. Осылайша, республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 2025 жылға қарай 100%-ға дейін, ал жергілікті маңызы бар жолдар 95%-ға дейін жеткізілетін болады. Әрине, қойылған міндеттерді кәсіби және білікті кадрлық құрамсыз шешу мүмкін емес», – деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов. Жорабек Ережепов өмірінің 40 жылға жуық мерзімін теміржол саласына арнаған. Еңбек жолын тепловоз жөндейтін слесарь болып бастаған ол бүгінде «Қазақстан теміржолы Ұлттық компаниясы – Ақмола магистральді желісі бөлімшесі» АҚ Көкшетау дистанциялық жолы филиалының бас механигі болып қызмет атқарады.
Төл мерекесі қарсаңында Жорабек Тұрғынұлы ұзақ жылғы адал еңбегі, облыстың теміржол саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. «Теміржолда жұмыс атқарып келе жатқаныма биыл 40 жыл толады. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Әсіресе, жол жұмысшыларына сәттілік тілеймін. Олардың жұмысы қиын да жауапты іс. Бәріңе де дендері сау болсын дегім келеді» – дейді Жорабек Ережепов. Өңірдің дамуы мен гүлденуіне көлік саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі елеулі. Қажырлы еңбек пен үлкен жауапкершілік артылған жүргізушілердің жұмыстары ауыр. Сондықтан, оларға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

«Көкше ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий