Көл үстінде – көлік жарысы!

DSC_5976

«Самұрық-2018» ралли-спринті – Көкшетауда

Қазақстан кубогының 3-ші кезеңі облыс орталығындағы Қопа көлінің үстінде ұйымдастырылды. Мұндай сайыс біздің қалада тұңғыш рет өтті. Оны үш мыңға жуық көкшетаулық тамашалады. Ересектер кішкентай балаларын да ала келіпті. Оппа қарда омбылап, мәре-сәре болған балақайлар белгіленген жолмен жүріп жатқан ралли жарысының қатысушыларына таңдана қарайды. Автокөліктерінің гүрілдеген дауысы, рульде отырғандардың шалт қимылына қарай таңбаланған машиналарының қарды бората ызғып өтуі қызықты-ақ. Сенбінің күні де ап-ашық болып, сайыстың кедергісіз жүруіне ықпал етті. Ралли-спринтті арнайы келіп тамашалаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин
көліктің біріне мініп, бағын сынап көрді. Бұл күні 32 экипаж мүшесіне 60 шақырымды бағындыру міндеті қойылды. Жарысқа Қазақстан және Ресей елдерінен келген спортшылар қатысты. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің дерегі бойынша, жарыс көліктердің «артқы жетек»,  «толық жетек» және «алдыңғы жетек» категориясы бойынша өтті. Негізгі ұйымдастырушы «Автоспорт Көкшетау» қауымдастығы, жетекшісі Рамиль Набиулин. Нәтижесінде, командалық  есеп бойынша астаналық «Пегас» командасы бірінші орынды, «Көкшетау-WINKOD» командасы екінші орынды, павлодарлықтар үшінші орынды жеңіп алды. «Артқы жетек» жарысы бойынша ақмолалықтар Александр Новиков пен Рамиль Набиулинге тең келетін ешкім болмады. «Алдыңғы жетек» жарысында жерлестеріміз Владислав Ларюшин мен Илья Пастернакқа аздап ұпай жетпей қалды. Ал, ралли-спринтке енді ғана келген Денис Луценко мен Дмитрий Смирнов «Толық жетекте» тек бесінші белесті бағындырды. Әр көлік мұзға шығар алдында техникалық тексерістен өтті. Қаланың экологиялық жағдайының бүлінбеуіне де көңіл бөлінді. Сайыстан кейін ұйымдастырушылар мұздың бетін тегістеп, маңайындағы қоқысты тазартты. Еске сала кетейік, «Самұрық-2018» ралли-спринтінен Қазақстан Кубогының қорытынды сайысы Астана қаласында жақында өтеді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий