Көмек беру жолдары қарастырылады

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтың тұрғындарды кезекті қабылдауында тағы да шағымданушылардың негізгі бөлегі тұрғын үй, көп қабатты үйлерді жөндеу, үй құжаттарын қалпына келтіру мәселелері болды.
Фаузия Әдиянованың ауылдағы үйі өртеніп кеткен. Зейнеткер отағасы екінші топтағы мүгедек. Өзі «Алтын алқалы» ана. Қаладағы балалары үй жалдап тұрады. Қариялар пәтер сұрайды. Өкініштісі, әлі күн кезекке тұрмаған. Үйлерін өрт шалғанда үйдің құжаты да жанып кеткен. 2005 жылы қаладан жер сұрап өтініш жазғаны бар көрінеді. Әкім жер қатынастары бөлімі, коммуналдық шаруашылық бөлімдері басшыларына сол берген өтінішін іздестіріп, зейнеткерлердің кезекке қойылуын заңдастыруды тапсырды.
Алма Сейітахметова Виноградовка 887 үйдің тұрғыны. Саяжай аумағындағы мекеніне электр жарығы тартылмаған. Бұл жерде көкөніс егіп, жазғы уақытта ғана пайдаланылатын аумаққа тұрғындардың үлкен үй салу мәселесі түсінбестік туғызып жатқандығы анықталды. Саяжайға қысқы уақытта су мен жарық берілмеуі негізсіз емес. Бірақ, біраз тұрғындар үй салып алған. Демек, бұл мәселені шешу жолдары қарастырылуы керек.
Центральный 43/43 үйінің тұрғыны Тұрсын Сыздықова үй төбесінің жөнделмей, пәтерлер ызғар тартып, төбеден су тамшылап тұрғындардың қиналуда екенін жеткізді. Бұл үйді мамандар, қалалық мәслихат депутаттары барып көрген екен. Төбе шатырының жоқтығынан пәтерлерге ауа келетін жолдар бітеліп қалған. Оларды тазалап, шатырды жасамай пәтерлер су мен сыздан арылмайды. Мұны ПИК-тер қолға алуға тиіс. Олар да ауысып, біріне-бірі сілтеуде. Әкім тиісті мамандарға бұл мәселені дұрыс ұйымдастырып, шешуді тапсырды.
Алтын Мақышева 8 март көшесінің 25/2 мекенжайының тұрғыны. Немерелері туып-өскен үйді заңдастыру мүмкін болмай, қиналып жүргенін жеткізді. Күйеу баласы қайтыс болған. Енді оның балалары иелік етуге тиіс үйдің мекенжайы жоспарда бұрмаланған. Әкім қала архитекторына мәселенің байыбына барып, зерттеу, шағымданушының арызын қанағаттандыруды жүктеді.
Ал, Рамазан Мұқатаев жақсы бір ұсыныспен келіпті. Бүкіл жоспарлары, компьютерде жасалған жобалары бәрі дайын екен. Ойы – мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жабық спортзалын салу. Ол жерде отырып волейбол, баскетбол ойнайтын, спорттың басқа түрлерімен айналысатын, мүгедек арбасында отырып билеу алаңы, тағы басқа қолайлы орындар болмақ. Әкім Рамазанның бұл жобасын мұқият қарап, оны қолдайтындығын айтты. Сол жерде қала сәулетшісі, жер қатынастары бөлімінің маманы, спорт бөлімінің басшысымен ақылдасып, бұл қажетті нысанды салуға қолайлы жер қарастыруды тапсырды.

С.САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий