Көмір тапшылығы болмайды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жергілікті көмір жеткізуші кәсіпорын басшыларымен жиын өткізді. Халықты көмірмен қамтамасыз ету жағдайын қала әкімдігі әрдайым бақылауында ұстап отыр.

Басты міндет – өткен жылғыдай сұраныс дүрлікпесінің қайталанбауы. Ол үшін ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары жаз айларында басталып кеткен. Көмір жеткізушілер алдағы қыс маусымында тұрақтылықты сақтап, тапсырыстарын орындауға алдын ала дайындалғанын айтады. Былтыр вагондардың жетіспеушілігі салдарынан көмір тапшылығы орын алып, қиыншылықтарға тап болғанын жасырмады. Қалада қатты отынның екі айлық қоры жинақталған. Көмір түсіретін техникаға байланысты да еш қиындықтар жоқ. Қазір қатты отын барлық жерлерде сатылып жатыр. Тоннасы 13500 теңгеден босатылуда. Сала мамандары қыс қамын жаз ойлап отырғандар жоқтың қасы дейді. Ал, суықтың келуімен, мұнда ұзын-сонар кезекке тұрушылар  қаптайды. Қала басшысы жерлестерімізге қысқа дайындықты созып алмай, дер кезінде жүргізуге шақырды. – Жылу маусымында ұзын-сонар кезек, бағаның шарықтауы сынды  кедергілер болмауы тиіс. Көмір сатылатын барлық теміржол тұйықтарының жағдайын тексеріп шықтық. Барлық жерлерде техника саны жеткілікті, тұйықтар көмір қабылдауға дайын. «Қазақстан теміржолымен» үнемі байланыс жасап, көмірдің тоқтаусыз жеткізілуі қадағалануда. Дегенмен, тұрғындарға айтарым, қазірден бастап көмірді сатып ала бастау қажет, – деді әкім. Соңғы күндері қалаға кеніштерден көп мөлшерде қатты отын жіберілген. Күніне 100-120 тонна көмір босатылуда.  Вагонға
жауаптылар «Қазақстан теміржолы» тарапынан ешқандай кедергі жоқтығын айтып отыр. Отын базаларында көмір жоқ емес, бар. Тек тұрғындар қызуы жақсы сапалы отын алғысы келеді. Елімізде Шұбаркөлдің көмірі үлкен сұранысқа ие. Бұл көмірдің сапасы жоғары әрі күл аз қалады деп біледі жұрт. Бірақ қатты отынның бұл түрін дилерлерден аз мөлшерде алатындарын айтады жеткізушілер.  – Көмірдің әр жолғы тасымал көлемі әртүрлі болатындықтан, сұранысқа байланысты аталған отын түрі кейде ерте таусылады. Бірақ, мұндай жағдайда қойма көп ұзамай толтырылады, – дейді «Сэус» серіктестігінің директоры Игорь Левченко.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі жауапты сала басшыларына бұл мәселені бақылауда ұстап, сауда нүктелерінің қатты отынмен толтыру мерзімдері мен көлемі туралы есеп беріп отыруды тапсырды. – Көмір жеткізуші кәсіпорындарға қандай да бір көмек, қолдау керек болатын болса, біз, жергілікті билік өкілдері, өз тарапымыздан көмегімізді көрсетуге дайынбыз, – деді әкім Е.Маржықпаев.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий