Көне тарихтан сыр шертіп…

Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасының аясында Ақмола-Көкшетау өңірлері бойынша республикалық киелі орындар тізіміне он нысан енгізілген болатын. Сол нысандардың тарихи құндылығы және олардың орналасқан жері жөнінде облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы басшысының міндетін атқарушы Тілектес Көпешұлы Нұрсейітовпен сұхбаттасқан едік.

«Көкшетау» газеті: Тілектес Көпешұлы, біздің өңірде де қасиетті жерлер өте көп. Соның ішіндегі ең маңыздысы – үш жүздің басын қосқан хан Абылайға қатысты деректер ғой. Әсіресе, Бурабайда халық көп баратын орынның бірі – Абылай хан алаңы. Киелі жерлер қатарына енген осы алаң жайлы ақпарат бере кетсеңіз.
Тілектес Нұрсейітов: Абылай хан алаңы – Көкшетау тауының етегінде орналасқан табиғаттың бірегей ескерткіші. 1991 жылы Абылай хан алаңына ұстын орнатылып, «Абылай хан» экспозициялық кешенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. «Абылай хан алаңында» ашылған мұражайдың аумағы 288 шаршы метрді құрайды. XVIII ғасырдың ортасында казіргі Абылай хан алаңында үш жүздің билері мен игі жақсылары құрылтай өткізіп, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Сонда Абылай тұрып: «Тақта өздеріңіз болыңыздар, мен өзімнің сарбаздарыма барамын. Ал, мынадай табиғаты көркем жер тек қана ойын-сауық өткізетін орын екен», – дейді. Ал, ханның үлкен алаңы «Ханның қызыл ағашы» деген жерде. Бүгінгі Абылай ханның кіші алаңы жер-жерден келген туристердің көп жиналатын орны. Бұл алаңның ортасында биіктігі 37 метрлік ұстын тұр. Оны ақ мәрмәрдан қарағандылық суретші Ерлан Айтуаров бастаған сәулетшілер салыпты.
«Көкшетау» газеті: Халық Қосбатыр – Құмай археологиялық-этнографиялық кешені жайлы көп біле бермейді. Ондағы ескерткіштердің мәні неде?
Тілектес Нұрсейітов: Ел ордасы Астананың іргесінде, шығысқа қарай 120 шақырым жерде орналасқан Құмай археологиялық-этнографиялық кешенінің ескерткіштерін теңдессіз түрк мұрасының жаңалығына жатқызамыз. Құмай кешенінің құрамында Қазақстан халқының мәдениетінің түрлі кезеңдеріне жататын бірегей ескерткіштер топтамасы ашылды. Басты ерекшелігі әр кезеңге жататын ескерткіштердің Құмай өзенінің аңғары кеңістігінде бір-біріне жақын орналасуы болып табылады. Құмай, Ершоқы, Жаушоқы, Қосбатыр, Әулиебұлақ атауларынан көріп отырғанымыздай, аймақтың микротопонимінде айқын сақталған, өңірдің табиғи ерекшелігі – түрік жерінің қасиеттілігі туралы тарихи қалыптасқан ойды білдіреді.
«Көкшетау» газеті: Киелі жерлер қатарына енген ескерткіштердің басым бөлігі Абылай ханның батырларына арналған. Оның да өзіндік мәні бар шығар. Осы батырлардың әрбірі жайлы ақпарат бере кетсеңіз.
Тілектес Нұрсейітов: Халқы құрметтеп Кабанбай, Дарабоз, Хан батыры деп атаған Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі осы өңірдегі ең биік жотада асқақтап тұр, оған шықсаң, көне Ақмола – жаңа Астана ашық күндері алақандағыдай көрінеді.
Абылай ханның бас батырының бірі Қабанбай батыр өмірінің соңына дейін ат үстінен түспеген, қазақ жерінің әр пұшпағын жаудан босатуға қатысқан, кіл жорықтарда жүрген. Ол ата жау қалмақпен де, қазақ жеріне көз алартқан қырғыздармен де соғысып жеңіске жеткен.
Олжабай батыр кесенесі Ерейментау ауданында орналасқан. Олжабай Төлебайұлы (1709-1785) Абылай ханның ту ұстаушысы болып жоңғарлармен қытайға қарсы соғыста көзге түскен. Абылай жоңғарлардың қолына тұтқынға түскенде, оны құтқаруда елеулі еңбек етті. Ол Түркістан медресесінде оқып, арабша, қалмақша жетік білген.
Олжабай Абылайдың ту ұстаушы батырларының бірі ретінде 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысқан.
Жақсы ауылынан оңтүстікке қарай, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан бұрын Қызыл Ту ауылы болып аталған жер 1993 жылдан бері Баубек батырдың есімімен аталады. Кесенесі Есіл өзенінің биік жағасында, шымнан қаланған. Баубек батыр (1690-1760) – Кенесары Қасымұлының әскері қатарында талай қырғын соғысты басынан өткерген, кейіннен өзімен аталас туыс-туғандарын жартылай болса да отырықшылыққа бейімдеген белгілі тұлға. Әке-шешесі 9 жасында қайтыс болған бала Кенесарының бәйбішесі Күнімжанның қолында қолбала болып өседі. Уақыт өте келе Баубек жорықтарға қатысып, жауапты тапсырмаларды тыңғылықты орындап көзге түседі. Баубек батыр туралы ресми түрде алғаш жазған ұлтжанды азамат, ғалым Ермұхан Бекмаханов болды.
«Көкшетау» газеті: Батырлар жайлы деректер айтылғанда халқын ұлт-азаттық көтеріліске бастаған, басқыншылармен он жыл табан аудармай күрескен хан Кенеге тоқталмай кетуге болмайды. Бурабайдағы Кенесары үңгірі де он киелі жердің құрамына еніп отыр және сол күрестерде ерлік көрсеткен бес батырдың кесенесінің де ескерілуі тарихи тұлғаға жасалған құрмет деп білеміз.
Тілектес Нұрсейітов: Кенесары үңгірі Бурабай көлінен оңтүстік-батыста 0,5 км жерде, Ақмола облысының Бурабай ауданы жерінде орналасқан. Үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған және ол аласа шоқының үстінде жатыр. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 м-дей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар, Кенесары үңгірі – туристер көп баратын орындардың бірі. Ал, Беспақыр кесенесі – діни-сәулет ескерткіші (XIX ғасырдың соңы) болып саналады. Ақмола облысының Қорғалжын ауданының Абай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 8,5 шақырым қашықтықта, Қорғалжын-Астана тасжолынан Абай ауылына бұрылыстан шығысқа қарай 11 шақырым жерде, ашық далада, ескі моланың қоршалған аумағында, Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан. Аңыз бойынша, кесене XIX ғасырдың 30-жылдары Кенесары Қасымов бастаған халық-азаттық көтерілісінде ерлік көрсеткен бес батырдың құрметіне тұрғызылған.
«Көкшетау» газеті: Көкше жеріне діннің нәрін сепкен Науан Хазірет екені белгілі. Қазақ балаларын шоқындырудан аман алып қалғаны да тарихтан белгілі. Облыстың киелі жерлері қатарына Көкшетаудағы Науан Хазірет кесенесі де еніп отыр. Бұл да жергілікті тұлғаға көрсетілген бір құрметтің белгісі шығар.
Тілектес Нұрсейітов: Халық арасында және әдебиетте Науан Хазірет есімімен танымал Наурызбай Таласұлы – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, ислам дінінің Қазақстанның солтүстік өңіріне кеңінен жайылуына ықпал еткен атақты теолог-ғалым. Наурызбай Таласұлы ауыл мектебінде сауатын ашып, одан әрі Петропавл қаласындағы медреседе оқиды. Бұл жерде оны Бұқардағы жоғары рухани семинариясына ұсынған. Мұнда 15 жыл уақыт оқып, хадис ілімімен қатар шығыстың бай әдебиетін, философия-сын игеріп, көне түрік, парсы, араб, өзбек, татар тілдерін жетік меңгеріп шыққан. Бұқардағы ұстаздары оны медреседе қызметте алып қалғанымен, 1886 жылы Көкшетау мұсылмандар қауымы арнайы делегат жіберіп, Қазақстанға алдырған. Науан Хазіреттің халық арасында абыройы өте жоғары болған. Көкшетаудағы көне зиратқа жерленген. Қазір облыс орталығында ол кісінің есімі берілген әсем мешіт халықты мұсылмандыққа ұйдыруда.
«Көкшетау» газеті: Қазақстан-дағы жалғыз ортағасырлық кесене саналатын Ботағай кесенесі қазір үйінді түрінде тұр. Бірақ оның киелі жерлер тізіміне енуінің де өзіндік мәні бар. Басты мақсат – осындай тарихи орындарды сақтап қалуда болып тұр ғой?
Тілектес Нұрсейітов: Ботағай кесенесі (басқаша атаулары Бытығай, Татағай) ХІ-ХІІ ғасырларының сәулет ескерткіші болып табылады. Кесене Нұра өзенінің сол жағасында, Ақмола облысы. Қорғалжын ауданы, Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Ботағай ортағасырлық бетше босағалық- күмбездік кесене болып келеді. Бұл қайта қалпына келтіруді мүмкін етіп, 1831-1856 жылы өлшенген және сипатталған Қазақстандағы жалғыз ортағасырлық кесене болып табылады. 1862 жылы Ботағай кесенесінің суретін қазақтың ұлы этнограф-ғалымы Шоқан Уәлиханов салды. Көптеген саяхатшылардың сызбалары мен сипаттамаларына қарағанда, Ботағай Қазақстанның сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.
XIX ғасырдың ортасында кесене біршама жақсы күйге ие болды, өкінішке орай, қазірде ол қираған құрылыс үйіндісі болып табылады.
«Көкшетау» газеті: Бурабайдағы Оқжетпес тауына қызықпайтын адам жоқ. Ол туралы да түрлі аңыз-әңгімелер бар. Оқжетпес қыраты жайлы да мәлімет берсеңіз.
Тілектес Нұрсейітов: Оқжетпес Көкшетау қыратының ең биік жерінде орналасқан. Төңірегінің табиғаты көрікті. Гранитті жартастан түзілген, беткейі тік, қарағай, қайың өседі. Әулиекөлдің тұнық айдынында тұрған Оқжетпес жартасы туралы ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Шоқан Уәлиханов 15-тен аса аңыз-әңгіме жинақтаған. Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» атты лирикалық поэмасында тұтқынға түскен қалмақ қызының қайғылы тағдырын Оқжетпес арқылы суреттейді. Бұл таудың да аңызға бергісіз құпиялары толып жатыр.
Басты мақсат, Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген барлық нысандарды көздің қарашығындай сақтап, қираған, бүлінген жерлерін қалыпқа келтіріп, музей мұрағаты сияқты кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сондықтан әр қазақ азаматы туған топырағындағы осындай тарихи орындарға мұқият болғаны жөн. Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий