Көпке өнеге етер игілікті істер баршылық

Биыл Көкшетауда 12 спорт алаңдары және осынша ойын алаңдары жұмыс істейтін болады. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапары барысында осы нысандарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аталған нысандардың әсіресе, қаланың шеткі аймақтарын қамтитындығы тұрғындарды қатты қуантып отыр.

«Жайлау» мөлтек ауданындағы №21 орта мектепте ашылған жаңа футбол алаңына келушілер қатары көбейген. Қала әкімінің тапсырмасымен мектеп әкімшілігі алаңды күтіп ұстауды өз міндеттеріне алған. Игілікті іске балалармен қатар ересектер де разы. Бұдан бөлек білім ордасына апаратын тротуардың жасалуы да жағымды жаңалық болып отыр. Бармашинода №10 орта мектепте «Еңбек» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Көкшетау филиалы корт салуда. Алаңдағы жұмыстар әлі толық аяқталмаса да тұрғындар қалалық билікке алғыстарын жеткізуде, дейді мектеп директоры Николай Новицкий. Қала басшысы мердігер ұйымға нысанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тағы да ескертті. Әрбіреуі 4,5 миллион теңге тұратын нысан қалалық бюджет үшін қомақты сома болып саналады. Мердігер ұйым басшылығы құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруға уәде берді.
№6 орта мектептің шатыры мен спорт залының жөндеуі аяқталған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген компания бұдан бұрын қала әкімі жасаған кемшіліктерді түзетіп, жұмыс қарқынын арттырған. Қала басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді. Мектеп бөлінген қаражатты мақсатты жұмсаған, жөндеу жүргізіліп, есіктер мен линолеум ауыстырылған, ғимараттың іші-сырты сырланып, әктелген. Мектеп ұжымы мен бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің ата-аналарымен кездесу сәтінде қала басшысы жаңа оқу жылында жетістіктер тілеп, ауланы көркейту жұмыстарына ризашылығын білдірді. Оқытушы қауымға Ұлттық Бірыңғай тестілеу сапасына баса назар аудару қажеттігі ескертілді. Өз кезегінде педагогтар мектеп алаңын асфальттауға көмек көрсетуді өтінді. Қала басшысы бұл мәселе бақылауда ұсталатындығын жеткізді.
Әуелбеков көшесі, 141 үй ауласында көптен күткен балалар ойын алаңы бүлдіршіндер игілігіне берілген. Тұрғындар балаларға үлкен сый жасаған қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді. Дегенмен, Е.Маржықпаев ойын нысандарындағы кейбір кемшіліктерді көріп, жақын күндері түзетуге тапсырма берді. Мердігер ұйым айтылған тапсырманы орындауға уәде берді. Қаладағы көпқабатты үйлерде лифтілер орнатылуда. Келесі аптада Горький, 23 үйінде, бұдан соң Абай көшесіндегі он екі қабатты үйлерде де жеделсатылар жұмыс істейтін болады. Жұмысқа кіріспес бұрын мердігерлер алдымен шахталарды қоқыстан тазартқан. Осы жылдар ішінде тұрғындар оны қоқыс үйіндісіне айналдырған.
Көкшетаудың «Empire Workout» көше гимнастикасы командасы Омбыда өткен халықаралық турнирде екі алтын, бір күміс, үш қола медальді олжалады. Жарыс алдында атлеттер қала басшысына жаттығу алаңын қалыпқа келтіруге көмек сұраған болатын. Коммуналдық қызметтер бұл жұмысты уақытында атқарды. Бұл күні аталған команда қолдау көрсеткені үшін қала басшысына алғыс хат табыс етті. Кездесу үстінде Е.Маржықпаев команданы 14 спорттық киіммен қамтамасыз етуге уәде берді. Бұл күні қала әкімі бірнеше тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандардағы жаңғырту жұмыстарымен танысты. Горький, 6 үйдің шатырын бүтіндеу, жертөледегі ыстық су құбырларын жөндеу аяқталуда. «Крофас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған жұмыстарды 10 қазанда аяқтауды жоспарлап отыр. Северная көшесінің Горькиймен түйісетін жеріндегі жол жөнделіп, Осипенко көшесімен қиылысатын тұсында жылу құбырлары төселуде. Абылай хан даңғылы мен «Василька» мөлтек аудандарындағы аулаларды жөндеу жалғасуда. Осы нысандарда қала басшысы тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштеріне орай мердігер ұйымдарға тапсырма берді. Жұмыс қарқынды жүру үшін сапамен қатар, пәтер иелері кооперативтерімен тығыз байланыс орнату қажет. Е.Маржықпаев құрылысшыларға аулалардағы жұмыс сапасы қалалық биліктің ұдайы бақылауында болатындығын жеткізді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс