Көпшіліктің көңілінен шықты

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ақмола жұлдыздары» байқауы шеңберінде
Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж ұжымы облыстық филармонияда өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Қашан болсын ізденіс үстінде жүретін шығармашыл жандар бұл жолы да көрермен көңілінен шықты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған шара еркіндіктің символы қыран құсты бейнелейтін «Бүркіт биі» прологынан басталды. «Тәуелсіздік толғауы» поэзия топтамасы да еркін елдің дауысын жеткізе білді.

Педагогикалық ұжымның бір ерекшелігі – оқытушылар мен студенттердің бір қолдың саласындай бірге жұмыс істейтіні. Бишілер де, күйшілер де, домбырашылар да осында. Түрлі аспапты меңгеріп, фольклорлық, эстрадалық ансамбль де құрған өздері. Камералық хор, ерлер хоры, квинтет, квартет, трио дейсің бе, не керек, бір ғана концерттік бағдарлама аясына таланттарды біріктіре білген тамаша шара көпшілікке ұнады. Әр нөмірге қатысты тіктірілген сахналық костюмдер де ерекше еді. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейто-
йына орай әндердің басым бөлігі осы тақырыпқа арналды. Мәрзия Хагазбектің орындауындағы «Атамекен», «Ұландар» хорының «Батырлар ұраны», «Сарыарқа» вокалды-аспаптар ансамблінің «Қазақстан, қыран далам» әні, «Самғау» біріккен хорының «Тәуелсіздік – ақ таңым», «Жас дәурен» квинтетінің «Отан ана» шығармалары тыңдарманын рухтандырды. Колледждің мың бұралған бишілері де ұлттық ырғақтарымен есте қалды. Олардың костюмдері де өзгеше стильмен тіктірілген екен. «Этюд» баяншылар ансамблінің «Гаянэ» балетінен орындаған «Қылыш биі» де басқаша әсерге бөледі. Абзал Балтабаев, Серік Айтуған өздерінің егемен ел туралы өлеңдерін оқыды. Ал, «Аңсар» квинтетінің «Қазақ елі» әні шараның қорытындысы болды.
Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж ұжымын осы табыстарымен құттықтаған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлағаны үшін алғысын білдірді. Сахналық костюмдердің де шешуші роль атқарғанын айтты. Мұның бәрі білікті басшы, колледж директоры Нұртас Ахаттың арқасында жүзеге асуда. Көкшетау музыка мектебінің мұғалімі Надежда Глазунова концерттің өте жоғары деңгейде өткені сондай, қуаныштан көзіне жас алғанын да жасырмады. Төгілген тер зая кеткен жоқ. Талпыныс талаптандырады, ұмтылыс үміттендіреді. «Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концертінде педагогикалық колледж ұжымының қазылар алқасынан қандай баға алғаны белгілі болады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс