Көпір басындағы қызу жұмыс

Көкшетау көлді жағалай орналасқан еліміздегі бірден-бір қала екені өз алдына, шындап шұғылданып, арнайы көңіл бөлсе, ең көпірі көп қалалардың да біріне айналуы әбден мүмкін ерекше шаһар! Алдағы күндері Қопа көлі жағалауында бой көтеретін жаңа көпірдің темірден соғылған алғашқы бөренесі орнатылды.
Қылшақты өзенінің сағасынан Қопа көліне дейін жалғасатын бұл жаңа көпірдің ұзындығы 72, ені 28 метр болады. Ұзындығы 24 метр болатын алғашқы темір бөренесі орнатылды. Осындай 57 арқалық шілденің соңына дейін қойылмақшы. – Бөлінген қаржы мерзімінде игерілуде. Жұмыс кестесінен қалып жатқан жоқпыз. Қазір бізде темірден соғылған 50 бөрене бар. Құрылыс материалдары Нұр-Сұлтан қаласынан әкелінеді. Көпір құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтаймыз деген жоспар бар. Мұнда велосипедшілерге және жаяу жүргіншілерге арналған жол болады, – дейді мердігер Виктор Казеный.
Қала әкімі Амангелді Смайылов жаңадан салынып жатқан көпірдің құрылысына оң баға берді. Оның қазығы былтыр күзде орнатылған. Бұл Көкшетаудағы ең үлкен төрт жолақты көпір болмақ. – Көпірдің артықшылықтары көп. Қан орталығынан бастап Қылшақты өзеніне дейінгі жолдың жөндеу жұмыстарына және осы көпірдің құрылысына қазынадан 1 млрд 150 мың теңге бөлінді. Қылшақты өзені Қопаға құятын болғандықтан, бұл Көкшетаудағы ең үлкен көпір болмақ, – деп атап өтті қала әкімі.
Сондай-ақ, мұнда көркіне көз тоймайтын шағын жағалау да салынуда. Қопа көлінің жағасындағы жекеменшік үйлер сүріліп, орнына жаңа нысандар бой көтереді, жолдар жөнделіп жатыр. Тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жаңа көпір қыркүйек айының аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий