Көпқабатты тұрғын үйлер көбейеді

Көкшетау жыл өткен сайын көркейіп, көз тартар сәулетімен ерекшеленіп келеді. Жалпы қай жағынан алып қарасаңыз да заман талабына сай түрленіп, өсіп-өркендеген шаһарда қазір небір нысандар мен кешендер, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, әсем қалаға айналуда. Сондықтан да болар, құрылысы қарқын алған өлкенің абаттанып, тіршілік тамырына қайта қан жүгіргені. Әрине, мұнымен шектеліп қалмақ емес. Өйткені, алдағы уақытта облыс орталығында салынатын жаңа үй мен ғимараттар қатары одан сайын толыға түспек.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының табысты жүзеге асуының арқасында құрылыс жұмыстары қарқын алып, көп- қабатты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Көкшетауда Қопа көлінің жағасына жақын орналасқан 100-ден астам жер үй сүріледі. Қаланың бас жоспарына сәйкес, ол маңайдан жаяу жүргіншілер мен велосипед жолағы бар жағажай салынады.

Қопа көлі маңайындағы тұрғын үй ауданының нақты жобалау жос-
парында жағалау аймағы мен айналма жол аралығын кешенді абаттандыру, демалыс орындары қарастырылған. Мұнда Қылшақты өзенінде көпір салынып, жағалау бойымен төрт жолақты жол жүретін болады. Бұл жоба бойынша орта мектеп, балалар бақшасы, 9 қабатты ғимараттар бой көтермек. Осыған байланысты ескірген 108 тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланса, қазір мұндай жұмыс 23 нысанға қатысты жүргізілген.

«Бүгінде сүрілетін үйлер анықталып, олардың баспанасын бағалау жүргізіліп жатыр. Ал, аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстары келер жылы басталады. Жоба арнайы сараптамадан өткен соң, оған нақты қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болады», – дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Илуа Әбенов.

Тұрғын үйлер жағалауға жақын орналасқандықтан, көктем сайын су басу қаупі зор. Сүрілетін үйлердің барлығы ескі, өткен ғасырдың басында салынған. Қазіргі есеп бо-йынша 108 жер телімі тұрғындардан сатып алынады.

«Алдымен жол салынады, су құбырлары мен кәріз жүйесі тартылады. Бұл ауданның дамуына осы инфрақұрылымның жоқтығы кедергі келтіруде. Жағалау ретке келтіріліп, құм төселеді. Ағаштар егілмек. Балабақша мен мектеп салу жоспарда бар. Осыдан кейін Қопа көлінің жағалауы инвесторларды тартуға лайықты болады. Тұрғын үй кешендерін кәсіпкерлер есебінен салу көзделіп отыр. Әзірге жер телімдерін сатып алу құны нақты белгіленген жоқ. Оны тәуелсіз бағалаушылар айтады. Ал, жергілікті билік өкілдері тұрғындарға өтемақы немесе жаңа пәтер ұсынуға дайын», – дейді И.Әбенов.

Қала тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық, орталық базар маңындағы контейнерлер мен сауда үйі сүріліп, оның орнына 2400 орындық мектеп пен 280 бүлдіршінге лайықталған балабақша бой көтереді. Ал, Бармашино мөлтек ауданында енді бірде-бір жер үй қалмайды.

«Сарыарқа» мөлтек ауданында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін тоғыз қабатты төрт үйдің және әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға арналған бес қабатты арендалық 6 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұған қосымша, жалға алушылар қоныстанатын дәл осындай 10 көпқабатты үйдің құрылысы басталып отыр.

Жалпы, биылғы жылы 132 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 180 мың шаршы метрге жетпек. Бүгінгі күні қалада 34 үй салынып жатса, жыл аяғына дейін 18 көпқабатты үйдің тұрғындары пәтер кілтін алады. Сондай-ақ, инфрақұрылымның дамуы есебінен, келесі жылы 200 мың шаршы метрлік тұрғын үйлер құрылысы басталмақ. Қала тарихында мұндай құрылыс қарқыны бұрын болған емес.

Қалада «7-20-25» бағдар-ламасымен пайдалануға берілген алғашқы 9 қабатты тұрғын үйді «Үй құрылысы» комбинаты тұрғызған. Пәтер алушылар бұл үйдің әр шаршы метріне 153 мың теңгеден төлеген.

Жақсы баспанаға қол жеткізу – кез келгеннің асыл арманы. «Қазақстанның тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдері депозит ашу үй алуға тамаша мүмкіндік екендігін айтады.

«7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін пәтер құнының 20 па-
йызын қайткен күнде де жинау қажет. Оған қоса, банк салымшылары үшін қолайлы «Өз үйім» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Бұл банктің өзінің ішкі бағдарламасы. Оған да қатысу үшін салымшыларға барынша аз талапты орындау, атап айтқанда, 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарна жинау қажет. Кейін жылдық мөлшерлемесі төмен пайызбен заем алуға болады, – деп түсіндірді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Әсет Боранбаев.

Қазір облыстың 35 мыңнан астам тұрғыны «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, қаражат жинауда. Дегенмен, көп азаматтар тұрғын үй кезегіне тұрып, банктен депозит ашқанымен, пәтер жалдап тұратындықтан, тиісті қаражат жинау қиын екенін айтады.

«Кей отбасылардың қаражат жинау мүмкіндігі жоқ екендігі белгілі. Алайда, банк арқылы баспана алудың ең басты жолы – салымшы болу. Қаражат жинағандардың ғана пәтер алуға мүмкіндігі бар. Банктен шотты жай ғана ашып қою жеткіліксіз. Жеті жыл бұрын ашып, 10 мың теңге ғана салған тұрғындар да бар», – дейді Ә.Боранбаев.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий